Қоғам • 20 Қазан, 2023

Отырарда балабақша қызметкері бастауыш сынып оқушыларын зорлаған

2238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Отырар ауданында балабақша күзетшісі бастауыш сыныпта оқитын бірнеше қызды зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отырарда балабақша қызметкері бастауыш сынып оқушыларын зорлаған

"Отырар" телеарнасының жазуынша, оқиға жаз мезгілінде болған. Зорлық көрген қыздардың алды 7 жаста.

Жәбірленуші қыздардың бірінің анасының айтуынша, 33 жастағы күдікті көрші тұрады әрі ағайыны болып келеді. Бұл туралы жергілікті тұрғын 17 қазан күні түскі уақытта хабардар болған. Қызын дереу дәрігерге көрсетіп, кейін полицияға шағым түсірген.

«Ауруханаға барып, тексерттім. Алдымен расымен сондай жағдай болды ма? Көз жеткізіп алайын дедім. Бәрі айдан анық көрініп тұр. Тек мен емес, бірнеше қызды зорлағаны анық… Менің қызым 7 жаста», деді жәбірленуші қыздардың бірінің анасы.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің хабарлауынша, қазіргі таңда екі тұрғын арыз жазған. Соған сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі «зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шаралардың барлығы жүргізілуде. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғынын ұстап, бірден қамауға алдық. Ер адам өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Тиісті сараптамалардың барлығы тағайындалған», деп жазды желі парақшасында ПД бастығы.

Бұл істің тергелу барысын ведомство басшысы өз бақылауына алып отыр.

Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, күдікке ілінген ер адам жекеменшік балабақшада жұмыс істеп келген. Осы жайттан кейін оған қатысты акт түзіліп, жұмыстан шығарылыпты.

«Қыздың анасы Отырар аудандық полиция бөліміне арызданған. Білім саласының өкілдері мен психолог мамандар тікелей жұмыс жүргізілуде. Оқиға жазғы каникул кезінде болған. Бүгін бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл оқушы мен ата-анасына психологиялық-құқықтық қолдау шараларын жүргізді. Іс жеке азаматтардың мәселесі болғандықтан тергеу барысы мен қазіргі таңдағы процессті анықтау мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдейміз» делінген білім басқармасының мәліметінде.