Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Польша, Беларусь, Молдова, Грузия, Бурятия, Куба, Болгария, Португалия, Испания елдерінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен әншілер қатысты. Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды соңғы бес жылда тарихи шаһар дамудың жаңа белесіне көтерілгенін атап өтті. «Өткен аптада Түркі елдері ұйымының шешімімен Түркістан қаласы түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып танылды. Бұл – біз үшін Түркістанның тарихын, руханиятын одан әрі танытуға, туристер арқылы әлемге насихаттауға тамаша мүмкіндік. Туризммен бірге мәдениет саласы дамуға тиіс. «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалін дәстүрлі түрде өткізуге күш саламыз. Жыл сайын аясы кеңейе береді деген сенімдемін», деді Дархан Сатыбалды.
Байқау шартына сәйкес жеребеден соң бірінші күні Еуропа мен Азия әншілері қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, сынға түсті. Сондай-ақ фестиваль барысында продюсер Мейіржан Әлиакбаровтың ұйымдастыруымен түркістандық «Таңба» фольклорлы тобының тұсауы кесілді. Жеңімпаздарды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов бастаған, құрамында есімі елге мәлім шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар қазылар алқасы анықтады. Байқау қорытындысында барлық қатысушыға арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Қазылар алқасының шешімімен Лаэлия Алиева (Әзербайжан) биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған жобаның бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Татьяна Ефремоваға (Татарстан), ІІ орын Маргарита Шибаеваға (Беларусь), ІІІ орын Анри Гучмаидже (Грузия) мен Лоуйс Мелге (Испания) бұйырды. Ал Атие Чига (Түркия) «Ең үздік өңделген ән» аталымымен, Грейдэр Варона (Куба) «Көрермендер көзайымы» аталымымен марапатталды. Кристиян Янкулов (Болгария), Зайнетдин (Башқұртстан), Солонарь Валерий (Молдова) байқаудың арнайы дипломанты атанды.
Осылайша, отандық авторлардың үздік шығармалары, қазақ тілі насихатталып, ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығы паш етілді. Сондай-ақ түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістан насихатталды.
ТҮРКІСТАН