Балалар • 23 Қазан, 2023

Қуанса, бала қуансын!

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күннің басты кейіпкері де, эмоциясына ерік бергені де балалар болды. Бірнеше күн ересектер алдында өнер көрсетуге дайындалған дарындар да бұл күнді ұмытпас. Иә, айтайын дегеніміз Келес ауданы Бірлесу ауылдық округінің 28 гвардия ауылында жеке кәсіпкердің демеушілігімен 145 орынды балабақшаның ашылғаны еді.

Қуанса, бала қуансын!

«Али-Сұлтан KZ» бөбекжай-балабақшасының құрылысы алдыңғы жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 110 млн теңге. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешу қажеттігін айтып, 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қам­тамасыз етуді міндеттеген болатын.  Аталған міндетті орындау бағытындағы іргелі істер ауданымызда сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның дәлелі – бүгін ашылған балабақша. Бұл ретте балғындардың бақытты болашағына қамқорлық танытып демеушілік жасап отырған азаматтарға алғысымыз шексіз», деді бөбекжай-балабақшаның ашылуына қатысқан Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

вап

«Али-Сұлтан KZ» бөбек­жай – балабақшасы 2-6 жас ара­лығындағы 6 топқа бүлдір­шін­дерді жинақтап, 25 адам жұ­мыспен қамтылатын болады. Жалпы облыс бойынша 1381 мектепке дейінгі ұйым бар. Одан бөлек мектептерде 5-6 жастағы мектепалды топтарда 34056 бала тәрбиеленуде. Яғни қам­ту көлемі 98,5% болып отыр. Қа­зіргі таңда мектепке дейінгі бі­лім беру ұйымдарының 77,1%-ы  – жекеменшік. Ал Келес ауданы бойынша 97 балабақша бар. Оның 12-сі мемлекеттік, 85-і жекеменшік болып табылады. Бұл балабақшаларда 10 615 бала тәрбиеленуде.

Айта кетелік, Республика күніне орай облыстағы аудан-қалаларда 17 әлеуметтік маңыз­ды нысан ашылады. Олардың қатарында Ордабасы ауданында жекеменшік «Ұлы Орда» мектебі, Жетісай ауданында фут­бол алаңшасы, Сарыағаш ауда­нында дәрігерлік амбулато­рия, Шардара ауданындағы мә­де­ниет үйі сынды нысандар бар.

 

Түркістан облысы