Түркістан облысына сапары аясында Нұрлан Әбдіров әкімдер сайлауы өтетін төрт өңір – Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарына барды.
Сапар барысында ОСК басшысы Х.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйедегі конституциялық реформалары туралы жан-жақты айтып берді. Кездесуде аралас сайлау жүйесіне көшу және азаматтардың бір мандатты сайлау округтері бойынша өкілді органдарға сайлану мүмкіндігі, саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегін төмендету, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын жою, өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту туралы сөз болды.
Кездесуде 139 қатысушы онлайн сауалнамаға қатысты. Нәтижесінде, респонденттердің 40,3 пайызы қашықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайтынын жеткізсе, 80 пайызға жуығы ел Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы туралы талапты қолдап, дауыс берген. Сауалдамаға қатысушылардың дені (61,2%) соттылығы бар азамат әртүрлі деңгейдегі сайланбалы лауазымдарға ұсыныла алмайды деп санайды. Түркістан және Жамбыл облыстарының алты ауданында жастарымен өткен барлық кездесудің 392 қатысушысы осындай онлайн сауалнамаға қатысты. Сауалдама нәтижелері Түркістан қаласының студенттерінің жауаптарымен ұқсас болды.
Студент Дүйсенбек Бейбарыс өткен сайлаудаға бұзушылықтар туралы жалған бейнероликтер, «Face ID» енгізу және электрондық дауыс беру кезінде бірнеше рет дауыс беруге жол бермеу мәселелеріне қызығушылық танытты.
Созақ ауданының ауыл жастарымен кездесуде Н.Әбдіров ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау, саяси реформалар, оның ішінде саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату туралы сөз қозғады. «Сайлау жүйесіндегі мұндай өзгерістер үміткерлер арасындағы сайлау бәсекелестігін күшейтті, дауыс берудің баламалы нысандарын, сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді», деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Осы талаптарды талқылай отырып, жергілікті тұрғын Сержан Бекманұлы президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуге міндетті екенін айтты.
Кейін ОСК төрағасы жуырда сайланған Созақ ауданы Жартытөбе ауылдық округінің тұрғындарымен және әкімімен кездесті. Жартытөбе ауылының әкімі – Түркістан облысындағы ең жас ауыл басшыларының бірі. Жергілікті тұрғындар оның қызметі туралы оң пікір білдірді. Мәселен, зейнеткер Мұрат Алтынбекұлы әкімдерді сайлау жергілікті кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің тиімді жолы деп санайды, ал ауыл тұрғыны Садық Әбдірашұлы «бұл әкімнің қызметін бақылау тетігі» деп толықтырды.
Бәйдібек ауданында Нұрлан Әбдіров Жамбыл ауылының тұрғындарымен және олар сайлаған әкіммен, сондай-ақ Шаян ауылының жастарымен кездесуде сайлау жүйесіндегі маңызды конституциялық реформалар, аудан әкімінің алдағы сайлауы, ауыл әкімдерін сайлаудың жинақталған тәжірибесі және олардың қызметін бағалау туралы егжей-тегжей айтып берді. Жамбыл ауылының тұрғыны Әмір Айдарұлы ауыл әкімін сайлау тәжірибесімен бөлісті. Оның пікірінше, әкім таңдаудың негізгі критерийі үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары болуы қажет, сондай-ақ аудан әкімінің сайлауында да халық кандидаттардың бағдарламалары негізінде дауыс береді. Өз кезегінде еңбек ардагері Сейділда Тұрлыбеков әкімдерді тікелей сайлау мемлекеттік қызметте тиімді басқарушыларды іріктеу және ілгерілету үшін әлеуметтік лифтке айналғанын айтып, басқа өңірдегі аудан әкімінің орынбасары лауазымына конкурстан өткен өз ауылының әкімін мысалға келтірді.
Химия пәнінің жас мұғалімі Закария Измахан сайлауды байқау үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу институтын енгізуді қолдап, байқаушылардың кәсіби деңгейін көтеру құралы ретінде оның мерзімдерін нақтылады.
Шымкент қаласында ОСК төрағасы қалалық және аудандық сайлау комиссияларының сайлау кезеңіндегі қызметі, олардың материалдық-техникалық жабдықталу жағдайымен танысты.
Түркістан облысының Мақтаарал және Шардара аудандарын аралау барысында комиссия басшысы дәстүрлі түрде жастармен және тұрғындармен, сондай-ақ Мырзакент кентінің әкімімен кездесті. Кездесулер барысында ол ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдер сайлауын өткізу ерекшеліктеріне, халықтың сұранысы негізінде конституциялық өзгерістерге, аралас сайлау жүйесіне, ағымдағы сайлау науқандарына, шетелде электрондық дауыс беруге және сайлау жүйесінің басқа да мәселелеріне тоқталды.
Мырзакент кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Нұрғали Тұрашев тұрғындардың президенттік саяси реформаларды, атап айтқанда, ауылдар мен аудандар әкімдерінің сайлауын енгізуді қолдайтынын айтып, бір мандатты округтер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының санын көбейтуді ұсынды. Мырзакент кентінің тұрғындары Шадияр Байтен мен Қалибибі Андирова өздері сайлаған кент әкімінің жұмысына оң баға беріп, аудан әкімінің сайлауы демократиялық реформалардың жалғасы деп санайды. Мақтаарал аудандық мәслихатының жас депутаты Сүндет Кенжебаев партиялық тізімдерге жастар квотасын енгізу бойынша президенттік реформалардың арқасында жас азаматтардың депутат болу мүмкіндігі туралы айтып, әкімге кандидаттардың іске асырылмайтын сайлау алдындағы уәделерін бермеуге тиіс деген пікірін білдірді. Колледж студенті Гүлнұр Аңдақұлова аудан әкіміне кандидаттарды үгіттеудің стандартты емес нысандарымен, оның ішінде жас сайлаушылармен жанды және бейресми қарым-қатынасы туралы бөлісті.
Жамбыл облысына қарасты Жуалы және Т.Рысқұлов атындағы ауданда да әкімдер сайланады. Өңірге сапары барысында ОСК төрағасы Жуалы ауданының жастары, тұрғындары және Нұрлыкент ауылының әкімімен, ал Т.Рысқұлов атындағы ауданда ауыл жастарымен кездесті. Кездесулер кезінде Н.Әбдіров конституциялық өзгерістердің мәнін, дауыс берудің баламалы нысандарын қолданудың халықаралық тәжірибесін, пропорционалды жүйемен қатар мажоритарлық жүйені қолдану, сондай-ақ аудандық деңгейдегі әкімдердің сайлауын алғаш рет өткізетіндігі жайлы баяндады.
Жуалы ауданының жастарымен кездесуде қоғамдық ұйымның өкілі Асқар Қадырқұлұлы дауыс берудің электрондық жүйесін пайдалану кезінде байқаушылардың рөліне және мемлекет тарапынан байқаушыларды қолдауға қызығушылық танытты. Нұрлыкент ауылының тұрғындары өздері сайлаған әкімнің бастамаларын қолдайды. Мәселен, Батырхан Наурызбаев ауыл әкімінің ауыл көшелерінің тазалығы мен жарықтандырылуы бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы оң пікір білдірді.
Сапар барысында ОСК төрағасы Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскелеріне барған кезде ол мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігін және бақылаушылардың жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.
Сапар аясында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Түркістан облысының барлық төрт ауданында және Жамбыл облысының екі ауданында әкім сайлауын қанатқақты режімде өткізу мәселелері бойынша кеңестер өтті. Аумақтық сайлау комиссиялары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары атқарылып жатқан жұмыс пен сайлауға дайындық туралы баяндады. ОСК төрағасы кеңестерге қатысқан лауазымды тұлғалардың назарын сайлау заңнамасына қатаң сәйкестікте сайлауды өткізу және қоғамдық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Түркістан және Жамбыл облыстарының қанатқақты аудандарына барған кезде учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне бағалау жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында дәстүрлі түрде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізіліп, сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар, дауыс беру күні туындайтын стандартты емес жағдайлар модельденді және оларды шешу тәсілдеріне түсініктемелер берілді.