Алты баланың анасы Мөлдір Төлегенованың айтуынша, пәтерінің іші азынап тұр. Отбасы мүшелері бір бөлмеге жиналып, қуат көзіне қосылған жылытқышпен жан сақтап отырған көрінеді.
«Мәметова көшесі, 54/1-үйде тұрамыз. Пәтеріміз – үш бөлмелі. Қалада өткен жылдың соңында апат орын алғалы ыстық су дегенді ұмыттық. Енді міне, тағы күн ызғарланып, қарашаның қара суығы жақындап қалды. Әкімдіктегілер мен жылу беру мекемесінің мамандары уәдені үйіп-төккенімен, жылу әлі күнге берілмей тұр. Электр жарығы үшін өткен айда 8 мың теңге төлесем, осы айда түбіртектегі сома одан да зор шығатынын біліп отырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Балаларымның барлығы ауырып жатыр. Бәрінен бұрын кіші қызыма қиын, жерге түсіп еңбектегісі келеді. Алайда еден мұздай, аяқ шыдатпайды. Біздің үйде ПИК деген атымен жоқ. Жаңа үй деген аты болмаса, терезелерінен жер үрлеп, пәтеріміз азынап тұр», деп мұңын шақты тұрғын.
Мәметова көшесі, 54/4-үйде тұратын тағы бір көпбалалы ана Әсем Қуанышева да оның сөзін қуаттап отыр. Айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, тұрғын үй инспекциясындағылар еш әрекет ете алмай жатыр екен. Бұл отбасы жылытқыштарды көп пайдаланып, ай сайын жарық үшін 13 мың теңге төлеп отырмыз деп мұңын шақты. Үш бөлмелі пәтер бола тұра отбасы мүшелері бір бөлмеге қамалып отырған жайы бар.
Анықтағанымыздай, Мәметова көшесіндегі әлгі төрт үйдің әрқайсысында 80 пәтерден бар екен. Сонда бүгінде тек бір шағын ауданда 320 пәтер жылусыз отыр деген сөз. Қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Құсан Мәметова көшесі, 54/2-үйдің жанындағы жылу магистралінде ақау шыққанын, жөндеушілер қазір оны қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылданып жатқанын жеткізді. Бүгінде жылу-энергия орталығы да жылу параметрлерін көтере қоймаған. Бұған дейін Беркімбаев көшесі, 99-үйдің тұрғындары да жылуға қосылмай жатқанына шағымданып, ол жердегі мәселе енді шешіліпті.
Ал Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин шаһардың біраз бөлігінде жылуға толық қосылмаған үйлердің бар екенін жасырмады. Бұларды осы бір-екі күнде жылумен толық қамтимыз деп сендіріп отыр. Оның дерегінше, жеке үйлер секторында 100-ге жуық баспанаға жылу әзірге енбеген. Биыл ала жаздай шаһар көшелерінде желілерді жөндеу жүргізілгені мәлім. Жаңадан шығып жатқан ақаулардың көбі ескі құбырларға тиесілі көрінеді. Әйтсе де, бұған дейінгі сынау жұмыстарында арнайы бригадалар оларды қалай аңғармай қалғаны таңғалдырады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өткен аптада ғана облыс басшысы Асайын Байханов Екібастұздағы ЖЭО-да жедел штабтың отырысын өткізіпті. Қазір мұнда төрт қазандық іске қосылып, біреуі резервке алынған. Қалған бес қазандықтағы жөндеу жұмыстарын мамандар қазан айының соңына дейін аяқтамақ. Өңір басшысы апта сайын Павлодар мен Екібастұз арасына шапқылап жүр. Алайда 24 қазанға дейін шаһардағы баспаналар жылумен толық қамтылады деген уәде орындалмай қалатындай. Себебі жоғарыда аталған мекенжайлардан бөлек, жылуға жарымай отырған көппәтерлі тұрғын үйлер әлі де баршылық. Проблемалы үйлердің дені Абай, Беркімбаев, Бөгенбай батыр, Көшербаев, Матросов, Молдағұлова, Мәшһүр Жүсіп, Сәтбаев, Торайғыров, Шешембеков, Энергетиктер көшелерінде орналасқан. Қара күз түспей жатып жылуға жарымаған көмірлі шаһардың жұрты Арқаның сақырлаған сары аязында үйімізде үсіп қалмаймыз ба деп алаңдап отыр.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы