Халықтың анықтама ала алмай шаршап жүретін кезі көп еді ғой. Енді тұрғындарды анықтама атаулы алаңдатпайтын болады. 2024 жылға қарай елімізде медициналық деректерді сақтаудың электронды жүйесі енгізіледі. «Digital Bridge 2023» форумында «Медицинаны дамыту мүмкіндіктері мен қатерлері» атты панельдік пікірталаста сарапшылар «Е-Денсаулық» туралы айтты. Бұл – медициналық деректерді сақтаудың жаңа архитектурасы. Оны 2024 жылдың соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Төлем және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу департаментінің директоры Әсел Абақова жаңа жүйе енгізілгеннен кейін деректер пациентке көшетінін айтты. Бұл Қазақстанның кез келген клиникасына жүгінгенде ақпаратты жаңа емдеу мекемесіне берудің қажеті жоқ дегенді білдіреді. Аурудың барлық кезеңі мен талдаулары «Е-Денсаулық» бөлімінде сақталады. Медициналық жүйе қолданушыларға ыңғайлы. Себебі деректерді, әсіресе қағаз деректерді қайта сұратуға толық тыйым салынған. Демек, денсаулық сақтау жүйесіндегі қағазбастылықтан біршама арылып қаламыз.
Ең қызығы, жасанды интеллект бұл жүйені дамытуда маңызды рөл атқармайды. Сарапшылар түсіндірмесіне сүйенсек, этикалық ережелерді сақтау қажеттілігіне байланысты денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект шектеулі түрде ғана қолданылады.
Сонымен қатар 2024 жылы дәрілік заттарды бақылаудың ақпараттық жүйесі де іске қосылады. Премьер-министрдің ресми порталы хабарлағандай, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа дәрі-дәрмектерді бақылау бойынша жаңа цифрлық шешім ұсынылған. Ақпараттық жүйенің көмегімен өндіріс сәтінен бастап пайдалануға дейін республика бойынша препараттардың айналымын онлайн-режімде бақылау мүмкіндігі пайда болады. Әрбір дәрі-дәрмек пакетіне екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады.
– Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасының қаупін азайтады және орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы, платформада дәрі-дәрмек қорынан таблетка санына дейін бақылауға болады, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.
Осылайша, дәрі-дәрмектің бөлшек сауда бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзіміне мониторинг жүргізуге болады. Әрі бұл медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектерді есептен өтірік шығару мүмкіндігін жояды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жүйені «Бұдан былай ел тұрғындары толық қорғалған болады. Енді тұтынушы сатып алынатын дәрілік заттардың заңдылығына, олардың өмір мен денсаулық үшін қауіпсіздігіне күмән келтірмейді», деп түсіндірді. Қазір жүйе қанатқақты режімде жұмыс істейді. 2024 жылдың шілдесінен бастап толық енгізіледі.
Анықтама және дәрі-дәрмекпен қатар тұратын мәселе – балабақша кезегі. Бұл мәселе де шешімін таппақ. Балабақшаларға кезекті есепке алудың бірыңғай базасы да келер жылы іске қосылады. Бұл платформа 19 қазанда өткен Үкімет отырысында таныстырылды. Жаңа цифрлық шешім қалай жұмыс істейді? Бірінші – мемлекеттік портал арқылы ата-аналар 4 балабақшаны таңдап кезекке тұрады. Екінші – орын босатылғаннан кейін ата-анаға хабарлама жіберіледі. Бақшаны таңдаудан бастап келісімшартқа қол қоюға дейінгі бүкіл рәсім онлайн режімде өтеді. Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдардағы қаптаған кезекті алып тастауға көмектесуге тиіс екенін атап өтті. Қазір eGov мемлекеттік порталындағы ақпарат бойынша елімізде балабақшаға кезекке тұрудың 3 тәсілі бар: электронды үкімет порталындағы онлайн-сервис арқылы; Азаматтарға арналған үкімет ұйымына қажетті құжаттарды алып бару арқылы; аудандық және қалалық порталдар арқылы.
2024 жылғы 1 қаңтарда антифрод орталығы интернет-алаяқтармен күресті бастайды. Келесі аптада орталық қанатқақты режімде іске қосылады. Бұл туралы 20 қазанда Ұлттық банк төрағасы Берік Шолпанқұлов парламенттік тыңдауда хабарлады. Орталық мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарына жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Антифрод орталығының негізгі міндеті – алаяқтық белгілері бар транзакцияларға жедел әрекет ету. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова антифрод орталық алаяқтық операциялар туралы барлық мәліметті жинайтын бірыңғай базаға айналатынын айтты. Жылдам деректермен алмасу арқылы шабуылдаушы бірнеше ұйымға зиян келтіре алмайды. Б.Шолпанқұловтың айтуынша, осы жүйеде технологиялық негіз қалыптасқан. Орталықты іске қосу үшін ел заңнамасына түзетулер қажет, олар Мәжіліс депутаттарының қарауына енгізілді.
Енді eOtinish.kz платформасында Face ID пайда болды. Шағымға бейнекамера арқылы қол қоюға болады. Ескерте кетейік, eOtinish – бұл мемлекеттік органдарға абаттандыру, заңсыз құрылыс, кәсіпкерлік, құқықтарды қорғау және тағы да басқа мәселелер бойынша өтініш пен шағым беру сервисі. 2,5 жыл ішінде eOtinish сервисі арқылы 4 миллионнан аса өтініш берілді, порталды айына 500 мыңнан аса пайдаланушы қолданады.
Ал «Қазпошта» және AliExpress ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстанда және әлемде электронды коммерцияны дамытудағы үлкен серпілісті ескере отырып, тараптар трансшекаралық сауданы дамытуға ниетті. Бұл жобаны 2024 жылдың 1 тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
«Digital Bridge 2023» форумында «Astana Hub» халықаралық технопаркі Орталық Азиядағы технологиялық стартаптардың экожүйесін, өңірдегі венчурлік инвестицияларды танымал ету арқылы Қазақстанның венчурлік нарығын, сондай-ақ геймдев саласын дамытуға бағытталған 8 меморандумға қол қойды.
– «Astana Hub»-та білім беру бағдарламалары жұмыс істейді, оның аясында 18 мыңнан аса адам оқуды сәтті аяқтады. Инкубация және жеделдету бағдарламаларын 2 мыңнан аса қатысушы тәмамдады. Мұнда отандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуына жағдай жасалып отыр. Біздің білім беру бағдарламаларымыз Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Тәжікстанда жоғары сұранысқа ие. Technohub Dushanbe-мен бірлесіп «Astana Hub» білім беру платформасына 12 айға қол жеткізу туралы келісімге қол қойдық. Сонымен қатар State Business Incubator Tajikistan және Public Found «Accelerate Prosperity» компаниясымен бірлесіп, стартаптар экожүйесін дамытуда достық қатынастарды нығайтуды және дамытуды жоспарладық, – дейді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.
Сонымен қатар БАӘ-нің «Presight» компаниясының бас директоры Томас Прамотедам және «Самұрық-Қазына» компаниясының бас директоры Нұрлан Жақыпов елімізде цифрлық трансформацияны жеделдету үшін бірлескен кәсіпорын құруға келісіп, қол қойды. Жоба қордың еншілес компаниялары мен өндірістік кәсіпорындары жұмысының тиімділігін жақсартуға цифрлық шешімдерді енгізуді көздейді. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және KazAID-мен бірлесіп ниеттер туралы декларацияға қол қойды. Осы үшжақты ынтымақтастықтың басты мақсаты – Қазақстанның табысты мемлекеттік технологиялық шешімдерін өңірлік деңгейде ілгерілету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев технология адамның өмір салтын түбегейлі өзгертуге, көптеген жұмыс үдерісін автоматтандыруға және өзінің ауқымы бойынша айтарлықтай экономикалық құндылық жасауға қабілетті екенін айтқан еді. Осы технологияларды кеңінен қолдану Қазақстанның үдемелі дамуының маңызды факторы бола алады. Расында да, бізге қысқа мерзімде жасанды интеллекті дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет.