Вице-министрдің айтуынша, елімізде онкологиялық көмекті жаңғырту жоспары пысықталып және пациенттерге диагностика жасау мүмкіндіктері күшейе түседі.
«Онкологиялық науқастар мәселесі әлемдік денсаулық сақтау саласындағы маңызды түйткіл болып қала береді. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, ерте ме, кеш пе әлемнің әрбір бесінші тұрғыны обырға шалдығуы мүмкін. Обыр – жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұрған қатер. Елімізде кейінгі 20 жылда онкопатологиямен ауырғандардың саны 25%-ға ұлғайып отыр», деді В.Дудник.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық онкологиялық ауруға шалдыққан адам анықталады. Қазір бұл сырқатқа шалдыққан 217 мыңнан аса пациент бар. Обыр ауруы әйелдер арасында жиі кездеседі. Алдыңғы орында сүт безі обыры (13%) тұр. Жыл сайын орта есеппен 5 мың әйелге осындай диагноз қойылады. Екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – ішек обыры (9%). Елімізде жыл сайын 13 мыңнан аса адам обырдан қайтыс болады.
В.Дудниктің айтуынша, ересектерге онкологиялық көмек үш деңгейде жүзеге асырылады.
«Алғашқы көмек тұрғылықты жері бойынша МСАК ұйымдарында көрсетіледі. Онда 2 мыңнан аса тексеру кабинеті және 500-ден аса онколог дәрігердің кабинеті жұмыс істейді. Онкопатологияның алғашқы диагностикасы (0-I кезең) – онкологиялық қызметтің тиімді жұмысын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі», деді вице-министр.
Сондай-ақ ол кейінгі жылдарда осы көрсеткіштің өсуі байқалып отырғанын және қазір шамамен 30%-ды құрайтынын, бұл 5 жылдық өмір сүру ұзақтығын 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Үкімет қабылдаған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 5 негізгі бағыт іске асырылады. Бірінші бағыт – қауіпті факторларының профилактикасы және басқару. Оның аясында онкологиялық ауруларды алғашқы сатысында анықтаудың және емдеуді уақтылы бастау үшін тексерістен өтудің маңызы жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілмек. Жасөспірім қыздар арасында 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен өкпе вирусына қарсы вакциналау басталады. Мысалы, Швеция, Аустралияда HPV вакциналауын енгізгеннен кейін, вакцина алғандар арасында жатыр мойны обыры жағдайы тіркелмегені байқалған.
Ал екінші бағыт – дерттің алдын алу диагностикасы. Мұнда да уақтылы тексеру жүргізу үшін емханалар мен онкологиялық орталықтарда диагностикалық және зертханалық жабдықтарды жаңарту көзделген. Сондай-ақ әрбір өңірлік онкологиялық орталықта мамандандырылған зертханалар мен диагностикалық блокті қажетті жабдықтармен жабдықтау жоспарланып отыр. Онкологиялық науқастарды сәулелі терапиямен қамтуды 33%-дан ДДҰ ұсынған 50%-ға дейін ұлғайту үшін кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық өңірде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қатысуымен сәулелі терапия жүргізу үшін 16 желілік үдеткіш, сондай-ақ брахитерапия үшін 13 аппарат және жақын фокустық терапия үшін 17 аппарат орнату жоспарланған. Бұған қоса химиялық және иммундық-онкологиялық препараттар желісі кеңейтіледі, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық дәрілік заттарды пайдалана отырып терапия енгізіледі.
Республикалық бюджет есебінен Қостанай, Ақтөбе қалаларында радиологиялық және реанимациялық-операциялық блокті реконструкциялау көзделген. «Паллиативтік көмек және оңалту» бағыты бойынша жылжымалы паллиативтік бригадалар, оңалту көмегіне арналған төсектік орынның санын ұлғайту және ауырсынуды басатын дәрілердің ауқымы кеңейтіледі.
«Бұл көлемді онкология бағдарламасы алғаш рет әзірленіп отыр. Біз онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін азайтуды және осы ауруға шалдыққан адамдардың өмірін 60%-ға дейін ұлғайтуға бар күшімізді саламыз», деді вице-министр.