Суретті түсірген – автор
– Сабын қайнату да ата-бабамыздан бері келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүр, – дейді Бибәтима Ыбырайхан қазанға май құйып жатып. – Қазақта киіз басу, арқан есу, сырмақ сыру деген секілді өнердің түрлері көп. Соның бірі – осы қазақтың қара сабыны. Бұрынғы әжелеріміздің аппақ кимешектеріне қарап-ақ сабынның сапасын байқауға болады, – дейді.
Қара сабын қайнатамын деп қара қазанның қасында жүрген Бибәтима апа сабын қайнатудың әдіс-тәсілдері туралы түсіндіріп те берді. Былай қарасақ, оп-оңай секілді. Шөп пісіп жетілді-ау дегенде осы үйдің отағасы Айдархан Сәдуақас алабота шауып алып келіп, оны өртейді екен. Аяқтың астында өсе беретін алабота өсімдігінің түйе алабота, сиыр алабота, қой алабота деген секілді бірнеше түрі бар. Бәрі де сабын қайнатуға жарамды. Сөйтіп, өртегеннен қалған күлді ертесі күні суға қайнатады. Бұрқ-сарқ етіп қайнағанда қап-қара күл аппақ көбік болып көпіріп, ақ ұнтаққа айналады. Сақар деп отырғандары сол. Одан оны малдың іш майына қосып әбден қайнатады да, қалып ретінде пайдаланып жүрген кеселерге салып шығады. Көп ұзамай езіліп тұрған сұйықтық қатып, кәдімгі қара сабын болып шыға келеді.
– Мұнымен 17 жастан бастап айналысып келемін. Әуелде анамнан көріп, үйренген едім. Кейін келін болып түскенде енем айналысты. Бұл дәстүріміз кейін ұмытылып қалмасын деп жастарға көрсеткен болып жүрмін, – дейді Бибәтима Ыбырайхан.
Ұлттық технологиямен жасалатын бұл сабын қолдың кірін ғана кетіріп қоймайды, шаштың түскеніне, тері ауруларына, беттің секпіліне, табанның қиылғанына көмектеседі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы