Алматы • 24 Қазан, 2023

Тарихшы ғалымдарға дөнгелек үстел ұйымдастырылды

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрі және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне» арналған дөңгелек үстел өтті.

Тарихшы ғалымдарға дөнгелек үстел ұйымдастырылды

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары «Қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрі және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне» қатысты ғылыми жобаны іске асырып, еліміздің және шетелдердің архивтері мен кітапханаларынан тың деректер іздестірген болатын. Осы жоба нәтижесіне орай дөңгелек үстел ұйымдастырып, тарихи кезеңдерге қатысты зерттеулерімен бөлісті.

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады». Жиынды ашқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов зерттеудің өзектілігіне тоқталып, алдағы уақытта бұл тақырыпты үкімет деңгейінде көтеріп, жастар арасында насихаттауға мән беру керектігін атап өтті. Ғалымдар қолға алған жобаға институттың 4 филиалы мен 70-ке жуық ғалымы қатысқан.

Алғашқы сөз кезегінде ұлт болып ұйысудағы бүгінгі туындап отырған түйткілді мәселелер жайында айтып берген академик Ханкелді Әбжанов қоғамға кері ықпалын тигізіп жатқан жаһандану әсерлеріне тоқталды. Тіптен күні кеше  «Домбыра харам» деген пікірдің айтылуының арғы жағында өз тарихын білмеу, ұлттық мәдениетіміз, руханиямызға құрметсіздік жатқанын атап өтті. Ғалымның айтқанынан аңғарғанымыз, қазіргі қоғамдағы идеология ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек.

Бүгінде өткен тарихын, ата-бабасының ізгі дәстүрін даму бағдарында тиімді пайдаланып отырған бірқатар елдер тәжірибесін қолдану бізге де артық болмайды. Тарихымызға терең бойласақ, отбасындағы тәрбиенің өзі жан-жақты дамыған. Ол әр отбасындағы қарапайым әдептен, тәрбиеден басталып, білімге, ғылымға құштарлық, қарапайым әдістер арқылы  әскери машықтар, спортқа баулу сияқты ізгі дәстүрлермен жалғасын таба береді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пкішер» деген халық даналығы бүгінгі күн тұрғысынан да өзекті. Ұлы дала төсінде қолөнер, теміршілік, зергерліктің тарихы көнеге кетеді. Бүгінде археологиялық қазбалар нәтижесінде аршылған қалалар қазақ даласындағы, сәулет өркениетінің мықты дамығанын көрсетеді.  Сондықтан ұлттық бірегейлік тақырыбы ол мемлекеттік тұрақтылыққа негізделе отырып, халқымыз тарихының өн бойындағы ізгі тәрбие, дәстүрді бүгінгі заманауи қоғаммен ұштастыруды аңғартса керек. Ол үшін өскелең ұрпақ бойына ата-бабасының тарихын сіңіре отырып тәрбиелеу, жаңа заман жетістіктерін меңгеруде жат құбылыстарға жұтылып кетуден сақтайтыны фактордың бірі екені анық.

Өткен ғасырда қазақтың киелі жерлері, республика тұтастығын сақтап қалудағы қадамдарға тоқталған академик Б.Байтанаев Ташкент мұрағатындағы жұмыс барысында фольклоршы, этнограф Әбубәкір Диваевтің еңбектерінде бұған қатысты деректердің баршылық екенін атап өтті. Ғалым өз зерттеулерінде қазақ елінің қазіргі территориясын қорғау кезінде ата-баба зияраттарын дәлелдеуші фактор ретінде қолданылғаны жайын зерделейді. Сонымен қатар Ташкендегі көне карталар бойынша қазақтарға қандай жерлердің тиесілі болғандығы туралы мәліметтерді келтірді. Осы орайда қазіргі Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан елдерінде жатқан бабалар зираттарын зерттеу жұмыстарын қолға алу қажеттігіне назар аударды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев өз баяндамасында әлі күнге дейін кей ғалымдардың  еуроцентристік көзқарастан арыла алмай жүргендігіне қатысты пікір білдірсе, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Шерубай Құрманбайұлы ұлттық бірегейлік іргетасының қалыптасуындағы мемлекеттік тілдің маңызына тоқталды. 

Стамбул университетінің постдокторанты Айдар Зейнелов терминология тақырыбына қатысты ой қозғап, ұлттық киноны идеология құралына айналдыру арқылы тарихты насихаттау мәселесіне назар аударды. Ал институттың бас ғылыми қызметкері Айжамал Құдайбергенова ұлттық идеологияның қалыптасуына ерекше бағыт беруде тарихшы ғалымдар арасында науқан жүргізу керек деген ұсынысымен бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар  ұлттық бірегейлікті сақтау тақырыбын ары қарай зерттеп, жаңа архивтік және жазба материалдарын ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жалғастыру қажет деген тоқтамға келді.  Осы ретте ұлттық тарих мәселесін объективті түрде жан-жақты зерттеуде отандық және шетелдік архивтерде анықталған жазбаша деректер, белгісіз болып келген материалдар, ауызша деректерді зерделеудің жаңа концептуалды-методологиялық тәсілдер қажет екенін қаперге алды. Ал зерттеу жұмыстарының нәтижесі қоғамда кеңінен насихатталуы қажет.  

 

АЛМАТЫ