Маман • 25 Қазан, 2023

Мамандықтар бәсекесі

306 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Технология дамыған сайын ғалам үздіксіз өзгеріс үстінде. Бұрын керек мамандықтар шетке ысырылып, жаңалары пайда болып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары жұмысқа жарамды отандастардың 55 пайызы тауар өндірумен айналысты, яғни өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етті. 2000 жылдары заңгер болу сәнге айналды. Ал қазір әр оқушы «айтишник» болғысы келеді.

Мамандықтар бәсекесі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ұлттық сыныптауышқа 840-қа жуық жаңа кәсіп енгізілетін болады. Бұл туралы осы жылдың тамызында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бол­жа­мына сәйкес жалдамалы жұмыскерлерге деген сұраныс 2023-2030 жылдары шамамен 2 млн адамды құрайды. Әсіресе білім беру саласында 380 мың адам, сауда саласында 206,9 мың адам және ауыл шаруа­шы­лығында 175,2 мың адам сұра­нысқа ие болмақ.

Қазақстанның жаңа маман­дықтар мен қызметтер атласы қандай мамандықтардың қажет екенін, нендей мамандықтардың нарықтан ығысатынын сарап­таған. Зерттеу негізгі 9 сала бо­йын­ша қарастырылған. Олар – энергетика, тау кен-металлургия кешені, мұнай және газ, ауыл ша­руашылығы, ақпараттық тех­но­логиялар, туризм, көлік және логистика, машина жөндеу, құ­рылыс. Елде сұранысқа ие ма­ман­дықтар мемлекетте жүріп жат­қан даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп отырады. Қазақ­станда 2010 жылдан бастап ауыл шаруашылығынан 1,2 миллион адам кетті. Себебі қа­лалар өсе бас­тады, өзін-өзі жұ­мыспен қамту қысқарды және саладағы еңбек өнімділігі артты. Осы уақыт ішін­де өнеркәсіптегі жұмыспен қамту керісінше 949 мыңнан 1121 мың адамға дейін өсті. Құрылыста жұмысшылар саны 570 мыңнан 659 мыңға дейін көтерілді.

Мамандардың болжамынша, 2025 жылға қарай қыз­меткерлердің 50 пайызы қайта даяр­лаудан өтуге тиіс. «Ең со­рақысы, мамандардың 6 па­йызы өз кәсібін толығымен өз­гер­туге, яғни қызмет саласын ауыстыруға мәжбүр болады. Бі­лік­­тілік талаптарының 40 пайы­зы өзгереді. Ал егер біз ма­ман­­дық таңдап, оны өзек­ті және сұранысқа сай игере ал­сақ, онда жаңа құбылыс, жаңа па­ра­дигма пайда болады. Бұл – шеберліктің өмір сүру ұзақ­тығы. Сіздің мамандығыңыз жо­ғары техникалық болса да, сіз қол­данатын дағдылар тез ес­кіреді», деген еді Қазақ­стан­дағы Skillbox өкілі Марина Арефиева.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл мәселеге ден қойып жүр. Оның айтуынша, елімізде 129 мамандық жойылады. Біріншіден, бухгалтерлер ақырындап кете бас­тайды. Екіншіден, учетчик пен қоймашылар кетеді. Үшіншіден, өндірісте жүрген аккумуляторшылар, концентратор жасайтын мамандар, кітапханашылар қажетсіз болады. Себебі қазір бәрі автоматтандырылған жүйелерді қолданады. «Елімізде 4500 нотариус бар десек, соншалықты нотариус керек болмай қалады. Қазір Әділет министрлігі авто­маттандырылған нотариус жүйе­сін енгізіп жатыр. Ал онда жұмыс істейтіндер алдағы 4-5 жылда не заңгер, не заң кеңесшісі болуы керек», дейді министр.

Ал IT саласында жаңа ма­мандықтар басқа салаларға қа­рағанда тезірек пайда болады. Мысалы, өте жаңа, бірақ қазірдің өзінде сұранысқа ие бағыт – «бұлтты» инфрақұрылымдар мен қызметтерді орналастыру, бас­қару маманы. Қаржы, маркетинг, денсаулық сақтау саласында деректерді талдаушылар да сұ­ранысқа ие. Сондай-ақ маши­налық оқыту модельдерін дамыта және оқыта алатын, жасанды интеллект негізінде алгоритмдер мен қосымшалар жасай алатын мамандар да қажет.

Жоғарыда айтқанымыздай, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2030 жылға дейін бух­галтерлерді, күзетшілерді, фер­­мерлерді, дүкен сатушы­ла­рын сұранысқа ие ма­ман­дықтардың қатарына қосты. Бұл позицияларда отан­дас­тарымыздың саны көп, бірақ олардың еңбегі осы міндеттерді алмастыратын технологияларды енгізуге қарағанда арзанырақ. Сонымен қатар жұ­мыс істейтін отандастардың зей­нет­керлік жасқа жетуін ескерсек, мұндай кадрларға сұраныс әзірге тұрақты болып қала береді.

«Барлығы диплом алуға, мамандығы бойынша екі-үш жыл жұмыс істеуге және мансап құруға тырысады. Бүгінде жастар бәрін бірден қалайды, мансаптық өсу сатылары жоспарланбайды. Меніңше, университетте ұзақ уақыт оқығысы келетіндерді, содан кейін мансап құрғысы келетіндерді және курстардан өтіп, ақша табуды бастағысы келетіндерді ажырата білу керек. Себебі көбіне гранттарға тек диплом үшін оқитындар және осы мамандық бойынша жұмыс істемейтіндер түседі. Со­­­дан кейін еңбек нарығындағы пози­­­циялар ашық қалады», дейді Түлектер қауымдастығының басшысы Рамиз Ахмедов.

Технология жаңа маман­дық­тар құрып қана қоймай, бұ­рын­нан бар мамандықтарға қо­йы­латын талаптарды өзгертеді. Егер бес-жеті жыл бұрын жұмыс берушіге қыз­меткердің салалық мамандануы маңызды болса, қазір компания­лар бірнеше функ­цияны орындайтын әмбе­бап үміткерлерді іздейді. Ең­бек нарығы мамандарының пікі­рінше, қазір «кросс» ұғымы ма­ңызды. Бұл – функционалды даму тенденциясы бар мамандықтан дағдыларға дейін өсу. Яғни өз маман­дығынан тыс қосымша құ­зы­реттерді дамытатын маман­дар бағаланады дегенді біл­діреді. Мысалы, IT саласындағы маман­дардың тапшылығына бай­ла­нысты мұндағы жалақы да орташа деңгейден жоғары. Ор­та-бэкенд әзірлеушінің орташа айлық жалақысы өткен жылы 1,2 млн теңгені, сеньор дең­гейін әзірлеушінің орташа ай­лық жалақысы 1,4 млн теңгені құ­райды. Әлем экономистерінің бол­­жамынша, төрт жылдан кейін әлемдегі барлық бизнес мін­дет­тердің 43 пайызы машиналар арқылы орындалады. Осылайша, мамандықтар «майданы» басталады. Бұған дайын болуымыз керек.