1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен еліміздің егемендігін айқындайтын декларация қабылданды. Осы айтулы күн Қазақстанның дербестігін танытатын құжатпен нақтыланып, тарих төрінен орын алды. Бұл декларация аясында Қазақстан өзін жеке республика ретінде жариялап, мемлекеттік шекарасын, азаматтығы, қаржылық әлеуеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерін бекітуге батыл қадам басты. Сонымен қатар республикамыздың саяси-экономикалық тұрақтылығын берік сақтап, мемлекеттің даму кезеңдерінің алғышарттарын бекітті.
Декларация арқылы әлем картасынан орнын қалыптастырған жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланғанын қазіргі ұрпақ буыны, яғни тәуелсіз еліміздің ертеңгі азаматтары әлден біліп-өсуге тиіс. Бұл – бәріміздің ортақ қасиетті де қастерлі борышымыз. Еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы осы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асқаны барлығымыздың ойымызда әр кез жаңғырып тұруға тиіс.
Бұл күннің әртүрлі себептермен, он жылдан аса уақыт бойы ел көлемінде аталмай келгендігін де жасыруға болмайды. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру идеясын, оның даму жолдарын халыққа түсіндіре келе, 25 қазанды Республика күні ретінде жариялап қана қоймай, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғаны ел көкейінде жүрген жайды дөп басты. Әлем елдерінің арасында өзіндік жолын тапқан республикамызды одан әрі қарай да өркендетуге бірге атсалыса берейік.
Ернар СЕЙДІМБЕК,
Әділет департаментінің басшысы
Абай облысы