Пікір • 25 Қазан, 2023

Отанның мерейлі күні

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күн есімнен кетпейді. Елдің, Отанның қуанышы не екенін туған жерден шалғайда жүргендер жақсы біледі. Мәскеуде ғарышкерлер құрамында жүрген 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Төбем көкке жеткендей қуанғаным әлі есімде.

Отанның мерейлі күні

Елім, жұртым, Қазақстаным тәуелсіздік алғандай сезімде болдым. Декларациядан кейін көп ұзамай Отанымыз дербес республика ретінде тәуелсіздігін жариялады.

Бұрын Тәуелсіздік күні ретінде аталып келген елдік тойының мән-маңызы ерекше. Халық пен ұлт болудың ең озық, жетілген үлгісі – республикаға айналу. Түбі елдік пен теңдікті көксеген халық еркіндігі мен елдік мүддесі, адамдарының қадір-қасиеті заңмен қорғалатын республика болмай қоймайтынын уақыт дәлелдеді. Адамдары тең құқылы демократиялы мемлекет болғанға не жетсін! Демек, елдіктің кемел үлгісі ретінде республиканы әйгілеп, республика бекіген күнді төбемізге тұтпай не көрініпті? Мерекенің мәні мен салмағы осыдан-ақ белгілі.

Қазақ елдігі мен мемлекеті белгіленген атаулы күн барша жұрттың ұлттық мерекесі болып белгіленгенде, менің де кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Менің республикам, Отаным, жұртым деп тебіренбеген жан ешқашан толық адамға айналмақ емес. Ондайлардың сайда саны, құмда ізі қалмайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеген. Біздің рес­публика, ұлы Отан, ұлан-байтақ Қазақстан көзіміздің қарашығы, кеудеміздегі жүрегіміз болып соғып тұруға тиіс. Сонда ғана татулық пен бірлік, елдік пен теңдік өріс жаяды. Елдігі бар ынтымақты жұрттың іргесі қашанда берік. Республика күні – ұлт мерекесін солай түсінуіміз керек. Республикамыздың даңқы аса берсін!

 

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,

қазақтың тұңғыш ғарышкері