Фото: aqorda_resmi
«Ардақты Алаш жұрты! Барлық құттықтау-тілектеріңізге көп рақмет! Кезінде Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлы: «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан биік емеспін», деп халқымызды қаншалықты құрметтейтінін көрсеткен еді. Мен де ел-жұртымның ақ пейілінен, ыстық ықыласынан артық биік құрмет жоқ дер едім. Өнерімнің өрлеуі елдің батасынан екенін терең ұғынамын. «Ерім» дейтін ел барда, «елім» дейтін ерлер туады. Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін. Құрметті ағайын, мемлекетіміздің басты мерекесі «Республика күні» мейрамымен баршаңызды құттықтаймын!
Сонымен бірге жас болсам да бар ниетімен құрмет қылып, марапаттап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғыс айтқым келеді», деген Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген архивтік бейнежазба жариялады.
Онда 1999 жылы 5 жасында көпшіліктің алдында өзінің өнерін көрсеткен балақайға көпшілік ықыласпен қол соғып жатқаны бейнеленген.
Сонда жүргізуші: «Құрметті көрермендер, 2030 жыл деп ойлаңыздаңыздар, сахнада өнер көрсеткен Қазақстанның халық әртісі Айтбаев Дінмұхамед Қанатұлы» деп таныстырады.
Арада 24 жыл өткенде Димаш Құдайбергенге Қазақстанның халық әртісі атағы берілді.