Аймақтар • 26 Қазан, 2023

Қарағанды облысында тұтас бір ауыл карантинге жабылды

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы, Абай ауданы, Топар ауылынан «Қарасан» анықталып, ауыл толық карантинге жабылды. Абай қаласының кіре берісіне бекет қойылып, санитарлық тексеру жұмыстары қатаң жүргізіліп жатыр. Ауылға Жартас жағынан кіретін екінші жол да жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында тұтас бір ауыл карантинге жабылды

Фото: ашық дереккөз

«Ауру жұқтырудың жергілікті жағдайы анықталды. Жеке аулада қожайындары 8 айлық бұқаны соймақшы болған. Иесінің айтуынша, мал ауырған. Бірақ етін сатуды жоспарламаған. Сол ауладағы үш адамнан сібір жарасы анықталды, тағы екі адам дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталып, профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме әңгіме жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды», делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.

«Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді, ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометрия өткізіп, егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілді», дейді аумақтық ветинспекция басшылығы.

Енді, елді мекеннен мал және сүт өнімдерін алуға және кіргізуге қатак тыйым салынды. Мал союға да, аталған аумақтан жем-шөп тасуға да рұқсат жоқ.

«Қарасан» жұқтырған деген диагнозбен облыстық клиникалық ауруханаға түскен төрт науқас түскен.

– Біздің орталыққа «Қарасан» деген диагнозбен төрт адам түсті. Оның үшеуінен «Қарасан» анықталды. Біреуінің анализ қорытындысын күтіп отырмыз. Оның үшеуі де бір отбасының адамдары. Науқастың біреуі жансақтау бөлімінде. Жағдайы ауыр. Науқастың жағдайына байланысты өңірдегі білікті дәрігерлердің қатысуымен республикалық консилиум өтті. Ал, екі науқас басқа бөлімде. Жағдайлары – орташа. Қазір тиісті ем-шаралар қолданылып жатыр, – деді облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығының жетекшісі, Қарағанды медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ержан Жүнісов.

Профессор әлгінде ғана айтқан төртінші пациенттің талдау нәтижелері ауру белгілері анықталмағанын айғақтады. Дегенмен, науқас профилактикалық ем алу үшін инфекциялық бөлімде тағы 5 күн болады.

Қарағанды облысы