Футбол • 26 Қазан, 2023

Алғашқы ойында есе жіберді

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рудныйдың «Аят» футзал клубы Хор­­ватияның Омиш қаласында өтіп жат­қан футзалдан Чемпиондар лига­сының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойы­нында жеңіліп қалды.

Алғашқы ойында есе жіберді

Жерлестеріміз бірінші топта Порту­галия­ның «Спортинг», Хорватияның «Олмис­сум» және Украинаның «Хит» командаларымен сынға түсіп жатыр. Топтық сайыстың алғашқы турында Рудный командасы жер­гілікті «Олмиссум» клубымен кездесіп, аса тартысты өткен кездесуде қарсыластарына 3:2 есебімен жол берді.

Бірінші кезеңде алаң иелерінен Джереми Буковца мергендік танытып, командасын есепте алға шығарса, екінші кезеңді жерлестеріміз белсенді бастап, 25-минутта таразы басын теңестірді. Гол авторы – Луан Марсело. Өкі­нішке қарай, арада екі минут өткенде хор­ватиялық клубтың ойыншысы Антонио Секулич 47 секунд ішінде «Аят» қақпасына екі гол соғып, «Олмиссумді» есепте қайта алға шығарды – 3:1. 36-минутта «Аят» сапынан Лукас Ян есеп айырмасын қысқартқанымен, жерлестерімізге таразы басын теңестіруге уақыт жетпей қалды. «Аят» екінші турда «Спор­тингпен» кездессе, 28 қазанда «Хит» клубымен ойнайды. Топта алғашқы үш орынды иеленген командалар элиталы кезеңге жолдама алады.