– Дәл қазір өміріңізде қандай өзгерістер бар?
– Қалыптасқан дәстүр бойынша таңертең ерте тұрып, бой сергітіп, түске дейін жазуға кірісемін. Түстен кейін кітап оқу, классикалық әдебиет пен қазіргі әдебиетті оқимын. Мысалы, соңғы күндері Бальзактың «Ауыл дәрігері» романын оқыдым. Оның алдында Нобель сыйлығының лауреаты Жан-Мари Гюстав Лехлезионың «Аспан адамдары» деген повестер топтамасын оқып шыққан едім. Италиялық ақындардың өлеңдерін оқыдым. Міне, жұмыстар осылай жалғасып жатыр. Ешқашан тоқтамаған жөн, тоқырамаған дұрыс.
– «Борхес пен Әуезов» атты жазбаңызда екі тұлғадан ұқсастық көресіз. Борхес пен Дидар Амантай арасындағы екі ұқсастықты айта кетесіз бе?
– Кітапқа деген махаббат, екіншісі – еңбекқорлық.
– Әдеби өмірде өзіңізге қарсылас санап, онымен жарыса жазған әріптестеріңіз болды ма?
– Жалпы, біреумен жарыса отырып жазуды жақтырмайтын адаммын. Өйткені ол негізгі бағытыңнан адастырып жібереді. Алға қойған мақсатыңнан айнытуы да мүмкін. Сондықтан балбырап, рақаттанып отырып жазатын уақытыңды күреске, біреумен тайталасуға, есеп айырысуға жұмсалғанына қарсымын. Менде керісінше пікірлес жігіттер болды. Мәселен, Әмірхан Балқыбекті айтуға болады. Қазіргі кезде бір топ жас жазушы бар, солардың жазғаны мені қызықтырады. Бірақ олармен жарыса қалам тартқан емеспін.
– Әмірхан Балқыбекті еске алғанда, ойыңызға алғаш не оралады?
– Әмірханды еске түсіретін нәрсе көп. Мысалы, Лев Гумилевтің кітаптарын көрсем, Әмірхан есіме түседі, Бальзактың кітаптарын көрсем де, түркі дүниесінің тарихын, руханиятын оқып жатсам да, содан соң Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы туралы әңгіме-дүкен құрсақ та екеуміз көп айтысып едік, сол романды көрсем де еске түседі. Әмірхан сонымен қатар көне мифтерді, грек аңыздарын өте жақсы білетін. «Гилгамеш туралы эпосты» немесе «Білге-мес туралы жыр», аккад-шумер поэмасын екеуміз бірге отырып, көп талқылап, сондай бір шығармашылықпен қызу айналысқан кезіміз болған. Мұның барлығы да Әмірханды санаға әкеледі. Әрі-беріден соң Алматы қаласының өзі Әмірханды еске салады. Қазақ университетінің жатақханалары, тротуарлары, бәрі де. Біздің өміріміз көптеген сала бойынша байланысып жатты. Бір студенттер қалашығы аумағында тұрдық, бір-бірімізге барып, жиі әңгімелесетін едік.
– Жалғыз арманыңыз орындалар болса, нені айтар едіңіз?
– Денсаулықты айтар едім. Өйткені денсаулық болмай бақыт та жоқ. Денсаулық болмай шығармашылық табыс та, өмір де болмайды. Сондықтан бірінші тұрған нәрсе. Әр дұға оқығанда, Тәңірден тілек тілегенде денсаулық сұраған дұрыс деп ойлаймын.
– Толстой «төзе алмайтын», Гёте оны оқығанда «анадан соқыр боп туып көзі ашылғандай» болған, Пушкин «тұңғиыққа қарап тұрғандай» күй кешкен алып Шекспир мұхитына алғаш сүңгіген кезіңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?
– Шекспир шығармаларының, бір қызығы, пьеса болғандықтан ба, мәтіндері ашық. Жабық мәтін емес. Жабық мәтін белгілі бір дәрежеде ойыңды жасыруға, оқырманды жұмбақты шешуге шақыратынымен қызық. Шығармашылығына бір қарағанда қарапайым сияқты көрінеді, бірақ екінші жағынан үңіліп көргенде, тұңғиық дүниелерді жазғаны таңғалдырады. Шекспир өмірде болды ма, болмады ма деген дау да жоқ емес. Өйткені Шекспир 12-ден аса пьеса жазған адам. Көп пьесалары бізге жетпей қалған болуы мүмкін. Өзі бір театрдың пьесаларын жазып отыратын қызметте болған, ешкім оны танымаған. Бүгінде үлкен рухани биікке шығып отыр. Өйткені адамгершіліктің көзін Шекспирдей дәл беретін тұлға аз. Шекспир орта ғасырда үлкен рөл атқарған. Бұрын Еуропа әдебиетінде даму тек жанрды өзгерту тұрғысынан болса, Шекспир мен Сервантес көркем әдеби тәсілді кемелдендіруге қатысты, соның негізін қалады. Бұрын шығармалар жанр тұрғысынан танылса, енді шығарманың өз ішінде жазу мәнері, шеберлікті дамытқан алғашқы тұлғалар осылар. Енді екеуі де әлемге әйгілі, сондықтан Шекспирдің рөлі өте зор. Максим Горькийдің жазғаны бар: «Шекспир, Бальзак, Толстой — вот для меня три монумента, воздвигнутые человечеством самому себе».
– Тұтас өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиға туралы айтып берсеңіз.
– 1992 жылы жаз айында демалысқа үйге қайтқалы жүргенбіз. Студент кезіміз, мен алдын ала «Жас Алаш» газетіндегі Жұмабай Шаштайұлына, «Парасат» журналындағы Аян Нысаналинге «Бабалар мен ұрпақтар» деген бір әңгімемді қалдырып кеткен едім. Оқып болған шығар-ау деген оймен бір аптадан соң барғанда, белгілі ақын Аян Нысаналин аға маған сын көзбен қарап, біраз пікір айтты. Одан соң «Жас Алаш» газетіне барған кезімде Жұмабай Шаштайұлы орнынан атып тұрып, қолындағы газетін жоғары көтеріп, «Қазақ әдебиетіне жаңалық келді!» деп қарсы алғаны есімде.
– Жалпы, сіз туралы жоғары баға берген пікірлер аз емес. Осының бәрі жеке өміріңізге қалай әсер етті?
– Шығармаларымды бәрі түгел қабылдады деп айта алмас едім, қабылдамағандар, қарсы шыққандар да болды. Жалпы, шығармашылықтың дүниеге келу табиғаты сондай. Сондықтан көмегі де, таяғы да болды.
– Сіздегі жаңалық ашу саналы түрде жүзеге асты ма, әлде ізденіс нәтижесінде ме?
– Саналы ізденістің нәтижесі. Өйткені мен қазақ әдебиетіне қандай жаңалықтар әкелуге болады деген жолда іздендім. Қазақ әдебиетіне қалай өз үлесімді қосамын деген талпыныс кез келген шығармашылық адамының мақсаты деп ойлаймын.
– Толстой мен Достоевскийдің бірін атау керек болса, таңдауыңыз кімге түсер еді?
– Толстойды таңдар едім. Толстойдың жазушылық қуаты Достоевскийден жоғары. Ал көтерген мәселелері бойынша Достоевский әлдеқайда өткірлеу, Толстойдікі парасаттылау. Толстой форманы әдебиеттің табысы арқылы бергісі келеді, ал Достоевский бірден психологиялық атмосфера орнатады. Сондықтан Толстойдың жазушылығы артығырақ дер едім. Өзі граф, соғысты да, бейбіт өмірді де көрген адам. Стильге қатты мән берген жазушы.
– Бір сұхбатыңызда «Шығармаларымның бестен бірі ғана жарық көрді» депсіз. Жарияланбаған шығармаларыңыздың ішінде қандай айтулы дүниелер бар?
– «Бақыт биохимиясы» деген шығармамды атай аламын. Бірнеше әңгіме, философиялық эсселер бар. Роман-повестер, оның ішінде «Жарық жолы» деген роман, «Каллиграфиялық әріптер» деген дүниелер бар, олар болашақта шығады. Кейбіреулері қазір мерзімді баспасөз бетінде жарияланып та жатыр.
– Көптомдық шығару ойыңызда бар ма?
– Көптомдық шығару ойда бар, өйткені оның бір жақсы жері бүкіл шығармаларыңды жүйелендіреді, сосын біріздендіреді, орфографиялық тұрғыдан біркелкілендіреді.
– Борхес Еуропаның діңгегінде Грек мәдениеті мен Інжіл жатқанын айтады. Ал біздің қазақ халқының түбірінде қандай іргелі мәдениеттер жатыр?
– Түркі халықтарының мыңжылдыққа жететін ең үлкен табысы – «Қорқыт ата туралы жыр». Бұл әлем әдебиетіне енген, адамзат өркениетіне көп үлес қосқан көркем-әдеби өмір-өлім тақырыбындағы еңбек. Қорқыт жырында қайда барса да алдынан көр шығып, судың жағасында оны жылан шағып өлтіреді. Ал осыдан алты мың жыл бұрынғы «Гилгамеш туралы аңызда» Гилгамеш мәңгілік өмірдің шырынын беретін гүлді жер астынан алып шығады. Ақыры оны жылан алып кетеді. Өлімнің образын, ажалдың бейнесін жылан арқылы беру Шумер-Аккад мәдениеті мен Түркі жұрттары мифімен бірдей болып тұр ғой. Христиан әлемінде жыланды өлтіріп жатқан сарбаздар портреті көп, бірақ бір қызығы, жыланның келесі образы Батыстан Шығысқа қарай жүрген кезде өзгеріп отырады. Шығысқа жақындаған сайын жылан бейнесі жақсара, көркейе түседі. Сондықтан мұнда бір үлкен ғылыми тақырып жатыр, бізге оны әлі зерттеу қажет.
– Бейтаныс аралға өзіңізбен төрт кітап ала кетуге рұқсат берсе, қандай кітаптар ала кетер едіңіз?
– Құран, міндетті түрде, одан соң Абай, сосын Ницшені алар едім, сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясын қосуға болады.
– Қазақ болып туудың бір бақыты мен бір қасіреті қандай?
– Сайымжан Еркебаев деген әдебиетші ағамыздың «қазақ болып туғанына өкінетін қазақтар ауылда туады, қазақ болып туғанына арланатын қазақтар қалада туады» деген сөзі бар. Ұлтыңды, адамды таңдамайсың ғой, бұл өзі – туа біткен бақыт. Қазақ болудың қуанышы – отбасының, ағайын-туыстың бірлігі, жалпы ұлтымыздың ағайынгершілігі маған ұнайды. Шаттықта да, қайғыда да қазақ бір-бірін тастамайды. Екіншіден, қазақтың кеңдігі кейде оның қасіреті іспетті көрінеді.
– Қазіргі қазақ қоғамында сізді не нәрсе алаңдатады?
– Сенімсіздік. Бір-бірін аңдыған жұрт. Кісіге сенімсіздік – ертеңгі күніне сенімсіздік, ол өзіне-өзі сенімсіздікке жалғасады. Бұл қайдан келді? Жалған сөздің көптігі күллі қоғамды сенімінен айырды. Сенімсіздік имансыздыққа әкеледі, ел алдаса, мен де алдауым керек деп ойлайды. Сенімсіздікті өтірік тудырады, сезім әрекетке айналады, сенімсіздік қоғамдағы үдерістердің салдары, жұрт айтқанға сенбесе, онда, яғни бір нәрсе дұрыс емес деген сөз. Ел сенімін қайтару – ердің жүгі. Сенімсіз қаламнан жігер жоғалады, осал дүние шығады. Сенімсіздік дос-жаран, ағайын-жұрт арасына сызат түсіреді, сенбейтін болсақ, мұратың да жалған. Қоғамның барометрі – сенім.
– Ғылымсыз діншілдік үрдісі, әртүрлі діни ағымдар белең алып барады. Жалпы, дін тазасын іздегендерге, қандай жол ұсынар едіңіз?
– Мен діни маман емеспін. Бірақ халқымыздың таңдап алған ақ жолына сенемін. Елдік дәстүрмен үйлесе білген, ұлттық құндылықтармен туыстаса алған діни салтқа мен де жақпын.
Өмірден түйген үлкен тұжырымдарыңыздың бірін айтасыз ба?
– Тек еңбек қана елдің ырысын көбейтеді, ердің беделін көтереді. Жігердің алмайтын қамалы жоқ. Жазу үшін оқу керек.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»