Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Баршаға мәлім, Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанады. Еліміз қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосады. Бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көптеген бастамаға мұрындық болды. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударылады. Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танытқан жұмыстың іргетасы қаланды, еліміз сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып келеді деп айтуға толық негіз бар.
Дегенмен мұндай деңгейге бір күнде қол жеткізбегеніміз тағы да белгілі. Азаттық алғалы қыруар жұмыс атқарылып, сыртқы саясаттың іргетасы рет-ретімен қаланды. Мәселен, кеңес өкіметінің құрсауынан босаған жас елде тәжірибелі, кәсіби дипломаттар санаулы болатын. Бұл күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Алайда сол кездегі ел басшылары қол қусырып отырмай, жедел іске кірісіп, тоғызыншы территорияда дипломатия мектебі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жұмысқа үлкен үлес қосқаны белгілі. Мәселен, 1992 жылы Сыртқы істер министрлігін толыққанды институт есебінде құру жұмыстары аяқталды. Осылайша, Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық құрылымдар мәртебесі мен өкілеттілігін ресми түрде орнатқан елдердің елшіліктері туралы Ереже бекітілді. Сондай-ақ олардың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері шешілді.
Елең-алаң тұста басталған шаруа бүгінде жалғасын тауып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Ал 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, саланың негізгі бағыттарын айқындап берді. Әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды.
Қазіргідей шартараптағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түскен кезеңде мұның өзектілігін көз көрді. Украинадағы соғыс, Израиль-Палестина қақтығысы, өңірлік және жаһандық өктемдікке ұмтылатындардың көбеюі әлемдік саясат тақтасындағы ахуалды күрделендіріп жіберді. Осындайда елімізге прагматизмге негізделген көпжақты саясат ауадай қажет.
Мемлекет басшысы сол жиында тоғызыншы территория ешкіммен жауласпайтынын, халықаралық дауларға килікпейтінін атап өткен. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнығанымыз жоқ. Бүкіл әлем басқыншылық әрекеті үшін Ресейге санкция салғанда Қазақстан бұған қосылмады. Дегенмен Президент Қ.Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен экономикалық форумда Украина шығысындағы сепаратистердің «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасын» тәуелсіз ел ретінде мойындамайтынын мәлімдеді. Биыл Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуде Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайтынын жеткізді.
Ендеше, еліміздің стратегиялық саяси мақсаты ретінде тәуелсіздікті, мемлекеттің егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтауға басымдық берілетіні басы ашық мәселе. Сондай-ақ Орталық Азияда Қазақстанның көшбасшылық орнын нығайтуға және ұзақмерзімді мүдделеріне ерекше екпін беріледі. Тоғызыншы территория аймақтық және жаһандық үдерістерге белсене қатысатын беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылында кәсіби дипломатиялық қызмет құрылып, ауқымды сыртқы саяси міндеттер шешімін тапты. Осы уақыт аралығында қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз.
Әлем елдерінің Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде танитыны, Орталық Азиядағы көшбасшы санайтыны мынадан-ақ байқалады. Кейінгі бірнеше жылда «Орталық Азия+1» форматында көптеген келіссөз жүргізілді. Атап айтқанда, Қытай, АҚШ, Үндістан, араб елдері басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Әсіресе Америка төрінде алғаш рет өткен келіссөздің орны ерекше. Осы жиынның бәрінде тараптар Қазақстанның өңірдегі рөлін жоғары атап көрсетті.
Кейінгі жылдары Қазақстанды алпауыт державалардың ізін басып келе жатқан мемлекет ретінде санайтындар жетерлік. Мәселен, «The National Interest» журналына мақала жариялаған Харун Карчич елімізді Еуразияның келесі күші деп санайтынын алға тартады. Автордың пайымдауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің дипломатиялық бағытын ағылшынша «middle power» деп аталатын ұғымға қарай бұрғанын жазады. Аталған термин қырғи-қабақ соғыс кезінде әлемдік саясатта негізгі держава саналмаса да, айтар ойы, шешім қабылдауға қосар үлесі бар мемлекеттерді сипаттау үшін қолданылған. Әлемде мұндай «middle power», яғни ізбасар держава қатарында Канада мен Аустралия секілді мемлекеттердің аты аталады.
Халықаралық сарапшылардың мұндай пікір білдіруі бекер емес. Әлбетте, әңгіме Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тартуы туралы. Бұл бастама жер-жаһанда ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Мұндай алапаттың қаупін түсінген еліміз 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы шешім шығарды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтаған жоқ. Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы санайды.
Тоғызыншы территория атом бомбасының азабын аз тартқан жоқ. 1949 жылы 29 тамызда кеңес өкіметі Семей ядролық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізіп, соңғы «саңырауқұлақ» аспанда қалықтағанға дейін Ұлы даланың төсіне 456 мәрте жара түсіпті. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналған. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарудың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған «Little boy» атом бомбасынан 2,5 мың есе артық.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қарудан бас тарту ісіне тікелей араласып, алып державалармен келіссөздердің табысты өтуіне зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ол ядролық қаруды таратпау секілді өзекті халықаралық саяси мәселені оңтайлы шешуде үлкен рөл атқарды. Сөйтіп, 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2005 жылы Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды.
Еліміз жаһандық түйткілдерді шешуге зор үлес қосқаны халықаралық қоғамдастыққа мәлім. Мәселен, 2017 жылдан бері елордада Сириядағы жағдай бойынша Астана келіссөздері өтіп келеді. Бұған дейін бір үстел басында отырмаған Сириядағы оппозиция мен үкіметтік күштер елордада бас қосты. «Астана форматы» ретінде танылған жиынның әр раундына тоқталудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен қазіргі таңда Астана форматы өзінің мақсатын орындап, Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосты. Осылайша, іргелі жиын өз мәресіне жетті.
Бұдан бөлек, Қазақстан – шекарасын шегендеп, демаркация және делимитация жұмысын табысты аяқтаған ТМД-дағы санаулы мемлекеттің бірі. Бертінге дейін шешілмей келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі де уағдаластық арқылы анықталды. Қазақстанның жаһандық мәселелерді оңтайлы шешуге үлес қосып отырғанын мынадан да байқауға болады. АҚШ тарапы Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін «Талибан» билікті басып алған-тұғын. Сол кезде аталған елде дағдарыс туындап, халықаралық қоғамдастық мазасыз күйге түскен. Тіпті БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясын жедел көшіруге шешім қабылдап, Қазақстанды қолайлы көрді.
Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де дипломатиялық қызметтің табысты жұмыс істеуімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі еліміздің жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды. Сонымен қатар Қазақстан өлім жазасынан бас тартты. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына белсенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн.
Қорыта айтқанда, тоғызыншы территория тәуелсіздік алғалы сыртқы саясатта көптеген жетістікке қол жеткізді. Бейбітсүйгіш, татулықты жақтаушы мемлекет ретінде өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлкен үлес қосып келеді.