Әлем • 29 Қазан, 2023

Израильдің ХАМАС-пен соғысы «екінші кезеңге» өтті - Нетаньяху

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңейтілген операциялар аясында Израиль әскері мен бронетранспортерлері Газаға басып кіргелі ХАМАС-пен соғыстың «екінші кезеңге» енгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Al Jazeera арнасына сілтеме жасап.

Израильдің ХАМАС-пен соғысы «екінші кезеңге» өтті - Нетаньяху

The Jerusalem Post

Сенбі күні кешке Тель-Авивте өткен баспасөз мәслихатында Нетаньяху израильдіктерді «ұзақ әрі табанды» шабуылға дайындалуға шақырып, қақтығысты елдің 1948 жылдан бергі «тәуелсіздік үшін екінші соғысы» деп атады.

"Бұл - соғыстың екінші кезеңі, оның мақсаты айқын – ХАМАС-тың басшылығы мен әскери мүмкіндіктерін жойып, кепілге алынғандарды үйлеріне қайтару. Біз әзірге басындамыз. Алайда жауды жоямыз», деді Нетаньяху журналистерге.

Нетаньяхудың бұл мәлімдемесі Газада түнде Израильдің қарқынды бомбалауы, әскерлердің ілгерілеу жолын тазарту үшін жалғасқан коммуникациялардың толықтай үзілуі кезінде айтылды.

Палестина ақпарат құралдары жексенбі күні телефон және интернет байланыстары біртіндеп қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.

Газадағы Хан Юнис тілшісі Тарек Абу Аззоум жұма күні Израильдің бомбалауы шығыс және солтүстік аймақтарда күшейгенін айтты.

«Бұл шабуылдар Израильдің құрлық күштерінің аумаққа тереңірек ілгерілеуіне ықпал етеді», - деді Абу Аззоум.

Еске салайық, 7 қазанда Газа секторынан Израильге мыңдаған зымыран атылған болатын. Израиль қорғаныс күштері (IDF) жаппай зымырандық шабуылды палестиналық ХАМАС қозғалысы жасағанын мәлімдеді.

Израиль әскери билігі лаңкестікке қарсы «Темір қылыштар» операциясының басталғанын жазды. Израильдің ондаған жойғыш ұшағы ХАМАС-тың Газа секторындағы нысандарына соққы берді, атап айтқанда Газадағы көпқабатты үйлерге шабуыл жасады. Израиль армиясының мәліметі бойынша, онда ХАМАС-қа тиесілі әскери инфрақұрылым орналасқан. Палестина ақпарат құралдарының хабарлауынша, онда 100-ге жуық тұрғын үй болған.

Бүкіл Израильде төтенше жағдай жарияланды. 

22 қазанда Газа секторындағы атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты.

Депутат Нұрия Ниязова Газа секторындағы қазақстандықтарды байланыспен қамтамасыз етуді ұсынды. Елдің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Газа секторындағы қазақстандықтардың нақты саны туралы ақпарат үнемі жаңартылып отырады.

Израиль жұма күні кешке Газада телефон байланысын толықтай үзді.