Оқиға • 29 Қазан, 2023

Костенко шахтасында зардап шеккен екі кенші үйлеріне оралады

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Костенко шахтасында зардап шеккен кеншілер ем алуын жалғастырып жатыр. Мандандырылған медициналық топтар олардың жағдайын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Екі пациентті жақын арада үйіне шығаруға дайындап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Қарағанды облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Костенко шахтасында зардап шеккен екі кенші үйлеріне оралады

Қарағанды облысының стационарларында қазір 24 пациент ем қабылдап жатыр. Барлық зардап шеккендердің гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты, жағдайдың нашарлауы байқалмайды.

«Проф. Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» ШЖҚ КМК токсикология бөлімінде жеңіл және орташа ауырлықтағы уытты газдармен улану диагнозымен 20 пациент жатыр, олар детоксикация терапиясын және симптоматикалық ем алып жатыр.

Бір пациент түрлі жарақаттармен реанимация және қарқынды терапия бөлімінде, жағдайы тұрақты.

Тағы бір зардап шеккен кенші травматология бөлімінде сол жақ пневмоторакс диагнозымен ем алуда, жағдайы орташа ауыр, тұрақты.

Екі кенші «Шахтинск қаласының орталық ауруханасы» КМК терапия бөлімінде улы газдармен уланған, жағдайы орташа ауырлық дәрежесіне жақын.

Қабылдау-диагностикалық бөлімшелер деңгейінде зардап шеккендер тексеріліп, амбулаториялық емдеуге жіберілді. Барлық пациенттерге қажетті диагностикалық тексерулер мен манипуляциялар жүргізілді, медициналық көмек көрсету үшін барлық бейінді қызметтер тартылды, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық мамандарымен – Травматология және ортопедия және нейрохирургия ғылыми орталықтарымен консультациялар өткізілді, сондай-ақ облыстық қажетті мамандар тартылды.

Айта кету керек, апат орнында психологиялық көмек көрсету және үйлестіру аясында 16 психолог жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қосымша ертең ОКЖ-дан зардап шеккендер мен олардың туыстарына қолдау көрсету және көмек көрсету үшін мамандар барады.