Музей • 29 Қазан, 2023

Музейшілердің алғашқы конгресі

294 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейде отандық музей қызметкерлерінің алғашқы конгресі өтіп, онда осы салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тың ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылды. Мазмұнды іс-шараға еліміздің 60 музейінен келген 200-ге жуық маман қатысты.

Музейшілердің алғашқы конгресі

Музей мамандарының мақсат-мүд­десін бір арнаға тоғыстырған алқалы басқосу «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Жиын тізгінін ұстаған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов музей ісі тарихында тұңғыш өтіп отырған конгрестің басты мақсаты – сала мамандарының басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті.

Одан кейін сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет ко­ми­тетінің төрағасы Күміс Сейітова жи­нал­ғандарды конгрестің ашылуымен құттықтап, маңызды іс-шара барысында музей саласын дамытудың жолдары мен әдістері туралы соны ойлар қозғалады деген сенімін жеткізді.

«Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихы мен бай мәдени мұрасын зерттеп, оны кеңінен насихаттауға еліміздегі 270-тен астам мемлекеттік музей өз үле­сін айтарлықтай қосып келеді. Был­тыр музейге келушілер саны 6 миллион­ға жуықтады. Бұл еліміздің мәдени құн­дылықтарына қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқаны деп білеміз. Бүгінде жаһандық мәдениеттер алмасуы – музей қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артып, кәсіби біліктілігін жан-жақты дамытуды талап етіп отыр», деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Белгілі қаламгер, ғалым, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Сауыт­бек Абдрах­манов конгрестің алғашқы жиыны хал­қы­мыздың ардақты перзенті Өзбекәлі Жәнібековке арналғаны өте орынды екенін айтып, аталған тұлға туралы естелік айтты.

«Музей ісін жаңа деңгейге көтеру жөнінде Өзағаңның тындырған еңбегіне ешқандай сөз жетпейді. Мен Өзағаңның шәкірті ретінде ол кісімен қатар жұмыс істеу бақытына ие болдым. Жалпы, Жәнібеков туралы айтқанда, тарихқа соқпай кете алмаймыз. Өткен жылдарға шегініс жасайық. 1974 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төртінші курсында оқитын бір топ жігіт бір-бірімізге үйімізді көрсетіп, жақын араласайық, ата-анамызбен танысайық деген оймен оңтүстік өлкеге сапарға шықтық. Алғашқы сапарымызды Түркістаннан бастап, сондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көруді жөн көрдік. Сол күні түнде жұқа қар жауған. Кесенеге баратын жолда ешқандай адамның ізі байқалмайды. Бұған таңғалдық. Сөйтсек, мавзолей жа­бық екен. Анда-санда адамдар келгенде ғана ашатын күзетшісі бар екен. Біз сол адамды іздедік. Ол сол күні Кентауға кетіп қалыпты. Сөйтіп, Түркістанға барып тұрып, бабамыздың кесенесіне кіре алма­дық. Неге бұлай болды? Өйткені ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков бұрынғы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы еді. Ол Мәдениет минстрінің орынбасары қызметіне 1977 жылы ғана келді. Өзағаң қашан мәдениет саласына басшылық қызметке келгенше, біздің ең басты жәді­ге­ріміз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сондай жағдайда еді. Осы жалғыз ғана мысал, бір адамның халқымыздың тарихы үшін қандай орын алатынын көрсетеді»,  дей келіп, қаламгер қоғам қайраткерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық тайқазанның Санкт-Петер­бургтегі Эрмитаж музейінен тарихи ота­нына қайтаруға өзі бас болғанын бүге-шігесіне дейін баяндады.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай еліміздегі музейлер жұмысының сапасын жақсартып, оны жаңа деңгейге көтеру туралы байыпты ой қозғады.

«Мұндай жиында жетістіктерді тіз­белегеннен гөрі, алдағы уақытта музей жұ­мысын ілгері дамыту үшін не істейміз деген бағытта ой өрбіткен дұрыс секілді. Алдымен музей жұмысының сапасына көңіл бөлуіміз қажет. Болашақта да осы жолдан таймаған дұрыс. Егер біз осыған мән бермесек, жұртшылық бұрынғы музей жұмысымен салыстырады да, теріс айналады.

Музей – кез келген елдің тарихымен қысқа ғана уақытта таныса алатын ғажайып орын. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістандағы отырысында Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтты. Ал Өзағаңның өмір жолына үңілсеңіз, ол – нағыз адал­дық­тың үлгісін танытқан тұлға. Ардақты аға­мыздың бір ғана ұлт аспаптар музейін құрған еңбегінің өзі неге тұрады? Кеңес дәуірінде бұл музейге шетел азаматтары жиі келетін. Қазір тәуелсіздік алдық дегенімізбен, ұлтымыздың ән мен күйін, бай музыкалық аспаптарын асқақтатқан осындай музей қай облыста ашылды? «Қазақ пен жылқы – егіз ұғым» деп айтқа­ны­мызбен, жылқыға арнап бір музей аша алмай отырғанымыздың өзі айтуға ұят. Бұған үкіметтен қолдау керек екені анық. Бірақ қолдау күту үшін музейшілер мықты идеямен бірігіп жұмыс істеуі керек. Сонда жәрдем болады. Ағылшындарда «алдымен идея, содан кейін қаржы керек» деген сөз бар. Ешқашан қарап отырмайық. Мәселен, музейдегі жәдігерлер қорын байыту үшін құнды мұраларымыздың көшірмесін жасатайық. Әйтпесе музей қорын ешкім сырттан келіп байытпайды», деп, осы салаға қатысты мәселелерге баса маңыз беріп өтті.

Жиынға мәртебелі мейман ретінде шақырылған біртуар тұлғаның немересі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың директоры Әзел Жәнібек-Шәріпова конференцияны өткізуге қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігіне, осы іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтарға Жәнібековтер отбасы атынан алғысын айтты.

«Атам барлық саналы ғұмырын қазақ­тың тарихына, мәдениетіне арнады. Со­ның ішінде музей ісіне ерекше мән берді. Атамды халқымыздың тарихы, мәдениеті, музей ісі неге ойландырды деп ойлаушы едім. Ол кісі мемлекеттік қызметте жүргенде саясатқа немесе басқа салаға бұрылып кетуі де мүмкін еді. Бірақ ұлт тарихы мен мәдениетіне айрықша ден қойды. Соның жауабын атамның жазған еңбектерін оқығанда, онымен бірге қызметтес болған әріптестерімен тілдескенде ұғына бастадым. Атам ұлттық мәдениеті берік, мықты елдің рухы да биік болатынына сенді», деп атасынан алған өнегесі туралы сыр шертті.

Академик Ханкелді Әбжан өз баяндамасында тарихымызда бөлек орны бар тұлғаның азаматтығы мен еңбектерін әңгімеледі.

«Бүгінгі жиын «Тұлғаға тағзым» деген атауға лайықты деп ойлаймын. Өзбекәлі Жәнібеков секілді тұлғалар халқымыздан көп шықса, Қазақ елі әлемдік бәсекеге даяр тұрары даусыз. Ол кеңес дәуірінде Сталин, Хрущев, Брежнев басшылық жасаған саясаттың кермек дәмін татып, есейді. Комсомол мен партия ұйымында қызмет атқарып, мүлтіксіз адалдығымен танылды. Халықтың құрметіне бөленді. Еліміздің түкпір-түкпірінен кітапханалар, театрлар ашумен рухани байлықты молайтуға олжа салды. Наурыз мейрамы мен қасиетті тайқазанның қайта оралуы, тарихи, мәдени жәдігерлердің, музыкалық аспаптардың ел ішінен жиналуы Өзекеңнің есімімен байланысты. Қазақ «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп бекер айтпаған. Интеллектуалды әлеуметі мен кемелдігі толысқан алпыс жасында еліміздің егемендігін айрықша қуанышпен қарсы алды. Енді бұрынғыдан да өнімді еңбек етуге даяр еді. Бірақ абзал азаматты зейнеткерлікке ерте шығарып жіберді. Әр нәрсенің қайырымы бар. Азаттықпен келген шығармашылық еркіндік Жәнібековтің қаламына қанат бітірді. Осы тұста жазған еңбектері ұлттық тарихымызға айтарлықтай үлес қосты. Жарияланбай жатқандары да баршылық. Айтулы тұлғаның барлық дүниесін жинақтап, оқырманға ұсынатын уақыт жетті», деді белгілі ғалым.

Конференция барысында мәдениет қайраткері Базарбай Алтаев, реставрация саласының ардагері Қанат Тұяқбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Зәбира Жәкішева, сонымен қатар бейнебайланыс арқылы АҚШ-тағы Смитсониан музейінен Селиа Эммелхайнз секілді ғалымдар баяндама жасап, Ө.Жәнібековтің парасаттылығын, кісілігін, кішілігін, қарапайымдылығын, жан тазалығын, қысқасы, халыққа қызмет етуді парыз санаған адал азаматтың болмысын әр қырынан ашып көрсетті.

Одан кейін іс-шара «Өзбекәлі Жәнібе­ков тағылымы» атты төрт бөлімнен тұра­тын көрмеге ұласты. Онда «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік музей қорығының этно­г­рафикалық және жазба қорынан жүзге тарта жәдігер қойылды. Соның ішінде Өзағаңның тұтынған заттары, музыкалық аспаптары, фотосуреттері көрмені тама­ша­лаған жандардың қызығушылығын туғызды.

Сондай-ақ бірінші конгресс аясында «Музей заттарын қалпына келтіру және жаңғырту» атты семинар-практикум өтіп, музей мамандары тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтау бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Реставрациялық алаңда кәсіби мамандар музей жәдігерлерін консервациялау, реставрациялау бойынша тәжірибелік жұмыс көрсетті. Сонымен қатар биыл Ұлттық музейден шығатын «Мәдени мұра» ғылыми журналының жарық көргеніне 20 жыл толып отыр. Осыған байланысты бұған дейін басылымда істеген қызметкерлердің оқырмандармен кездесуі өтті.