Жұмыс • 30 Қазан, 2023

Жұмысы бардың жүзі жарқын

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмыспен қамту қашанда маңызды. Дана халқымыз «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп бекер айтпаған. Биыл өңірде 31 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, оның 25 мыңы – тұрақты жұмыс орны.

Жұмысы бардың жүзі жарқын

Инфографиканы жасаған – Зәуркш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл санамен салмақтаған жанға ән­ше­йін құрғақ цифрлар ғана емес, ойға алған оңды жоспар оңынан оңғарылса, 30 мыңнан аса адам отбасын асырайтын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын біршама түзейтін нәтижелі жұмысқа орналаспақ. Сондықтан да бұл бағыттағы атқарылып жатқан, әлі де жүзеге асырылатын жоспардың жүгі ауыр. Аймақтық жұмыспен қамту картасы аясында осы жылдың қыркүйек айының орта шеніне дейін 24 243 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл орайда атқарылған шаруаны екшеп, саралайтын болсақ, алдымен ұлттық жобаларды жүзеге асыру бағытында оң сипаттың бар екенін айқын аңғаруға болады. 299 инфрақұрылым жобасын жүзеге асыру барысында 5 767 жұмыс орны ұйымдастырылған, оның 2 179-ы – тұрақты, 3 588-і – уақытша. Уа­қыт­ша болғанымен адамдар тәп-тәуір табыс тауып, жағдайын жақсартуға қол жет­кізді. Ал тұрақты жұмыс қашанда мәр­тебелі.

Жаңа жұмыс орындары қай тарап­та жүзеге асырылып жатыр дейтін са­уал­ға жауап беретін болсақ, ең алдымен кәсіпкерлікті дамыту барысында жақсылық нышанының көбірек екенін байқауға болады. Өңір туризмге өте қолайлы. Бұл сала жылдан-жылға тәп-тәуір дамып келе жатыр. Туристерге қыз­мет көрсету нысандарының көбеюі­мен бірге, сапасы да жақсара түсуде. Әлі де бұл бағытта қыруар жұмыс орын­дарын ашуға мол мүмкіндік бар. Есеп­ті кезең ішінде туризм саласында 197 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қыркүйек айының соңына дейін жос­пар 66 пайызға орындалыпты. Сондай-ақ сапалы білім беру төңірегінде де жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Тұтастай шиырып айтқанда, 388 жұмыс орны ашылған. Бұған қоса «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағыттарында да ауыз толтырып айтуға лайықты табыс бар. Айталық, агроөнеркәсіп кеше­нін­де 1 500 жаңа жұмыс орнын ашу көз­делсе, бұл жоспар 118,6 пайызға орындалып, 1 779 жаңа жұмыс орны пайда болған. Алдағы уақытта ауыл шаруа­шы­лығы тәп-тәуір дамыған өңірде табысы қомақты жаңа жұмыс орындарын көбірек ұйымдастыруға әбден болады. Демек, осы салаға көбірек күш салған жөн.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ашу бағытында да ілгерілеу бар. Мәселен, осы жылдың 21 қыркүйегіне дейін 2 773 адам жұмысқа орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс ауқымы 115,3 пайызға орындалды. Қоғамдық жұмысқа 1 446 адам тартылған, әлеуметтік жұмыс орындарына 348 адам орналастырылған. 529 жас алғашқы тәжірибеден өтті. «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Бірер мысал келтіре кетуге де болады. Аршалы ауданындағы Волгодоновка селолық округінің тұрғыны Сандуғаш Икімова жергілікті әкімдікке жұмысқа орналастырылса, Баянбай Шанбаев «Балу» шаруа қожалығында агроном болып еңбек етіп жатыр.

Жұмыспен қамтудағы өзекті мәселе – жаңа мамандықты меңгеру. Биыл 443 жұмыссыз адам жұмыс берушілердің ұсы­ныстарына орай қысқамерзімді кә­сі­би даярлау курстарын аяқтады. Сұ­ра­нысқа ие тігінші, аспаз, шаштараз тәрізді мамандықтарды игерген жұмыс­сыз­дар жұмысқа орналасып жатыр. Мәселен, Атбасар ауданының тұрғыны Жанат Жанулин газэлектрдәнекерлеуші мамандығын игергеннен кейін «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шақырту алды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

141 адам грантқа ие болды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдармен бірге көпбалалы отбасылардың мүше­ле­рі де бар. Тарихи Отанына оралған қандастарымыз да жұмысқа орналастырылып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі 19 жас­өспірімге қамқор болып отырған отбасы мүшелері де жақсылықтың шара­па­тын көрді.

Бұған дейін жұмыссыз жүрген жас­тарды пайдалы еңбекпен қамту тарапында қыруар жұмыс атқарылды. Жалынды жастардың бойындағы күш-жігер ел игілігі үшін жұмсалады.

 

Ақмола облысы