Аймақтар • 29 Қазан, 2023

Шахтаға есімі берілген Иван Костенконың өзі апаттан көз жұмған

4303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше ғана жарылыс болған Костенко атындағы шахтаның тарихы 1934 жылдан басталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Шахтаға есімі берілген Иван Костенконың өзі апаттан көз жұмған

Ғаламтордағы ашық деректерге сүйенсек, Иван Акимович Костенко 1892 жылы 27 мамырда Донбасста, Чистяковский ауданында дүниеге келген, 1934 жылы 27 шілдеде Қазақстандағы Балқаштың маңында өмірден озыпты. Қарағанды ​​көмір бассейнін игеруді ұйымдастырушылардың бірі.

"Ол шахтер отбасында туды. Мәскеу өнеркәсіп академиясын бітірген (1932). 1918-1920 жылдары бронды пойыздың командирі болды, Донбассты қорғауға қатысушы. 1920-1928 жылдары партия-мемлекеттік жұмыста істеген, 1931-1933 жылдары Донбасстағы көмір тресі бастығының орынбасары, 1933-1934 жылдары «Қарағандыкөмір» тресінде басқарушы қызметін атқарды", делінген жазбада.

Оның қатысуымен № 30, 31, 33/34 және № 20 шахталар ірге қалады, Қарағанды ​​бассейнінде көмір өндіруді дамыту мен технологиясының жүйесі құрылды, Қарағанды ​​қаласының жаңа тұрғын ауданы салынды. 1934 жылы 27 шілдеде ұшақ апатынан қайтыс болды. Қарағандыда бір көше мен шахтаға Костенко есімі берілген.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ мәліметтері бойынша 1934 жылы 13 тамызда «Гигант-А» кенішіне ұшақ апатынан қаза тапқан «Қарағандыкөмір» тресінің басқарушысы Иван Акимович Костенконың есімі берілді. Кеніш 1942 жылы іске қосылды.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеніш уақытша игеру схемасы бойынша жұмыс істеген. 1952 жылы 26 мамырда жобалық қуаты жылына 750 мың тонна көмір өндіретін шахтаның бірінші кезегі іске қосылды. 1962 жылы дәл осындай қуаттылықтың екінші кезегі енгізілді.

1968 жылы 1 қаңтарда 86/87 шахта Костенко атындағы шахтаға қосылды, одан кейін қайта құру және өндірістік қуаттылық 3 млн 200 мың тоннаға дейін өсті. 1984 жылы кеніштің бүкіл тарихында ең көп көмір өндірілді – 3 млн 942 мың тонна. 1992 жылы 7 мамырда шахта ұжымы 100 миллионыншы тонна көмір өндірді.

1996 жылдан бастап кеніш «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (бұрынғы «Испат Кармет» АҚ, «МитталСтил Теміртау» АҚ) көмір департаментінің құрамына енді.

1998 жылы 1 қаңтарда «Стахановская» шахтасы Костенко атындағы шахтаға қосылды. Кеніште өндірілетін көмірдің сорттары - 2КО, 1КО, 1К.

2018 жылдың 10 наурызында вентиляциялық түйіспе аймағындағы Костенко шахтасында өрт болды. Содан кейін барлық шахта жұмысшылары жер бетіне көтерілді, зардап шеккендер жоқ.

2022 жылдың сәуірінде 36 жастағы кенші қайтыс болды. Ол 2 сәуірде лавада жұмыс істеген кезде өміріне қауіп төндіретін жарақаттар алған.

1938-2013 жылдар аралығындағы Қарағанды ​​көмір бассейнінің ашық естелік кітабында Костенко шахтасында қаза тапқан 80-нен астам адам туралы деректер бар.

2023 жылдың 28 қазанында шахтада жарылыс болды. Қазіргі ақпарат бойынша, жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 45 адамға жеткен. 1 кенші жер астында.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл болған қайғылы оқиға құрбан болғандар саны бойынша ең үлкен оқиға болды.