Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Конференцияға келген қонақтар жаһандық еңбек нарығының даму үрдістері, сапалы жұмыс орындарын құру және еңбек нарығына бизнес-ортаның әсері жөнінде тұшымды ой-пікір айтты. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру саласымен қатар адам капиталын дамыту жайы назардан тыс қалмады. Басқосуда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, саладағы толғандырған мәселелерге тоқталды.
– Кейінгі 3 жылда пандемия, экономикалық санкциялар, жаһандық сауда жүйесі еңбек нарығының конфигурациясын өзгертті. Бұл ертеңгі дағдыларға сұранысты қайта қарастыруға себепші болды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын білесіздер. Бүгінгі конференцияда да тұжырымдамада көзделген мәселелерді қарастырамыз. Біз қазір технологиялардың, цифрландырудың және жасанды интеллектінің қарқынды дамуынан халықты жұмыспен қамтудағы және бизнестегі өзгерістерді байқап отырмыз. Сонымен қатар интернет-платформалар тек тренд емес, өз алдына дамып келе жатқан бағытқа айналды. Осы сын-тегеуріндердің барлығы дерлік – қазіргі еңбек нарығындағы жаңашылдықтар, – деді Т.Дүйсенова.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан тұжырымдама бір ғана емес, бірнеше бағытты қамтиды екен. Өйткені еңбек нарығындағы өзгерістер, жұмыс күші экономикаға әсер етеді. Мұнда жұмыс берушілермен қатар еңбекке қабілетті азаматтардың үйлесімі маңызды. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұжырымдаманың мән-маңызы туралы айтып берді.
– Біз әлемдік экономикадағы өзгерістерге, технологиялық үдеріске куә болып отырмыз. Еңбек нарығы да осы жаңашылдықтан қалыс қалған жоқ. Кәсіптер жаңарып, жұмысқа қажетті дағдылар күрделеніп жатыр. Соған сай қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға көбірек көңіл бөлініп отыр. Тұжырымдаманы әзірлеуге әуелі еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздіктің өсуі себеп болды. Алдағы 5 жылда жұмыс күшіне жыл сайын 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады. Сондай-ақ жұмыс орындарын құру қарқыны демографиялық өсімі жоғары халықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп жатқан жоқ. Жаңа жұмыс орындарының 87% негізінен төмен және орта өнімді секторларда құрылатынын атап өткен жөн, – деді С.Жақыпова.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша нақ қазір елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды көрсетіп отыр. Еңбек нарығында жұмысшыларға әлі де болса сұраныс жоғары. Өйткені бүгінде техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында түлектердің тек 62%-ы жұмысқа орналасады екен. Бұл еңбек нарығында жұмысшыға тәуір жалақы, сапалы жұмыс ұсыну қажет екенін ұқтырады. Тағы бір жайт, жұмысшыларды біліктілікті арттыру бағдарламаларына тарту жағы да ақсап тұр.
– Адам капиталының дамуы экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысты болуы керек. Үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес кәсіптік бағдар беру балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасуы керек. Адам капиталын дамытудың драйвері кадрларды даярлау кезінде экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған техникалық және кәсіптік білім болуы керек. Бұл ретте алған білім мен дағдылардың өзектілігі Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз етіледі, – деді С. Жақыпова.
Конференцияның пленарлық сессиясында БҰҰ-ның елдегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жаһандық еңбек нарығының негізгі тенденциялары мен сын-тегеуріні жөнінде баяндады. Дүниежүзілік мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтері қауымдастығының атқарушы хатшысы Ева-Мари Моссерэ еңбек нарығының тиімді инфрақұрылымын қалыптастырудың халықаралық тәжірибесі туралы ой қозғады. Ізінше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форсайттық білім беру жүйесі мен еңбек нарығында бәсекелестікті шыңдау үшін қажет болатын дағдылар турасында айтып берді. Соның ішінде кейінгі кездері жиі айтылып жүрген жасанды ителлектінің жұмыс орнын шектемейтінін, керісінше, келешекте оны меңгерген маманға сұраныс жоғары болатынын ескертті. Жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарды қаузады.
Конференцияда сарапшылар еңбек нарығындағы өзгерістерді жан-жақты саралады. Келешекте қандай жұмыс орындары қажет? Кадр даярлау жағы қалай болады? Еңбек нарығындағы инфрақұрылымның жай-күйі ше? Электронды еңбек биржасы қалай үйлеседі, бәрі-бәрі назардан тыс қалмады. Бір сөзбен айтқанда, жыл соңына дейін әзірленіп, бекітілгелі тұрған Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына тұздық боларлық ой-пікір айтылды.