Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, Шығыс жұртын Республика күнімен құттықтады, ел экономикасының өркендеуіне, ұлт руханиятының нығаюына айрықша үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл – Тәуелсіздігіміздің басты құжаты. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні мейрамы қайта жаңғыртылды. Берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында еліміз табысты дамып келеді. Қазір мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі басталды. Басты міндет – халықтың жағдайын одан әрі жақсартып, табысын арттыру. Түркістанда өткен құрылтайда Шығыстағы Катонқарағай, Марқакөл аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл – шекаралық аймақтарды дамытып, ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін маңызды қадам. Мерейлі мереке қарсаңында Тәуелсіз Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосқан жандарға құрмет көрсетеміз, – деп жылы лебізін білдірген облыс әкімі Ермек Беделбайұлы жемісті еңбек еткен азаматтарға «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын табыс етті.
Ел үшін өлшеусіз еңбек етіп, кеудесіне жарқыратып төсбелгі тағынғандардың қай-қайсысы да марапатқа лайық. Бірі білім берсе, енді бірі – адам жаны үшін араша түсіп жүрген ақ желеңді абзал жандар.
– Айтулы мереке күні қарсаңында азды-көпті еңбегім бағаланып, марапатталып жатқаныма қуаныштымын. Бұл марапат бүгінге дейінгі жұмыстың жемісі, ұжымның жеңісі деп білемін. Көрсетілген құрмет маған ғана емес, бүкіл облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі. Мерекеміз құтты, ел іргесі тыныш болсын, – дейді «Шапағат» медалімен марапатталған облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина.
Сонымен қатар мерекелік іс-шарада әр салада аянбай еңбек еткен бірнеше азаматқа «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың арасында Түркі әлемі жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет те бар.
Осылайша, ел егемендігі жолында тер төккен азаматтар марапатталып, өнерпаздар ән-күйден шашу шашты. Әуелі сахна төрінде кішкентай балдырғандар «Туған жерім менің, Қазақстаным» деп, әнұранды шырқады. Содан кейін патриоттық әндер төгілді. Шығыстың күміс көмей әншісі Юлия Фурман «Қазақ елі осындай» деп шырқаса, «VOICE» квартеті «Отан» әнін орындады.
Сондай-ақ мерекелік кешке жиналған меймандар «Абай әлемі» кітап көрмесі мен археологиялық қазба жұмыстарынан шыққан құнды экспонаттарды тамашалады. Кітапханашылардың төл мерекесі Республика күнімен тұспа-тұс келгендіктен болса керек, кітап көрмесіне ерекше назар аударылды. Айта кетсек, биыл облыстық бюджеттен қалалық, аудандық және ауылдық кітапханалардың қорын толықтыруға, жаңартуға 24 млн теңге қаржы бөлініп, жаңа кітаптар сатып алынды. Сонымен қатар жыл сайын облыс кітапханалары «Абай әлемі» кітап сериясы жобасы аясында жарық көрген әдебиеттермен толықтырылып отырады. Есеп-қисапқа көз салсақ, 2018-2023 жылдар аралығында барлығы 95 кітап басылып шығыпты. 2018 жылы жобаның бірінші топтамасында Абай мен Шәкәрімнің туындылары жарық көрді. Сондай-ақ оған Федор Достоевскийдің Семейде өмір сүрген жылдары туралы шығармалар мен Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған тарихи деректер енді. Сондай-ақ биыл жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл және Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің туғанына 105 жыл толды. Сондықтан биылғы жинақта Оралхан Бөкейдің таңдаулы драмалары мен Қасым Қайсеновтің повестері жинақталған.
Халықты бір серпілткен салтанатты шара соңында зор құрметке бөленген азаматтардың құшағы гүлге толып, тарқасып жатты.
Шығыс Қазақстан облысы