Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Шынтуайтына келгенде, ауылдағылардың көбі туризм саласын өркендетіп, өз мүмкіндігін пайдаланып, кәсіптен нәсіп табуға ынталы. Бірақ ынтасы болғанымен кәсіп бастаудың қисынын таппай, тапқан күнде оның заңдық тұрғыдағы талаптарын білмей сан соғып жүргендері жетерлік.
Әлеуметтің осындай түйткілді мәселелеріне жол көрсетіп, олардың әлеуетін көтеру мақсатында «Жасыл ниеттестік» қоғамдық бірлестігі туристік нысандарға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын туризм саласын өркендету аясындағы бизнеске тартуға талпынып жүр. Туристік нысандардың экологиялық ахуалын сақтау барысындағы заңдық талаптарды түсіндіру мақсатында елді мекендерді аралап семинар, тренингтер өткізуге шындап кірісті. Олар осы арқылы азаматтық қоғам мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты қалыптастыруды көздейді.
Осындай іс-шара алғашында Талдықорған қаласындағы сенбіліктен басталып, жоғары және арнайы оқу орны студенттері арасындағы танымдық шаралармен жалғасқан еді. Кейіннен Ақсу ауданының Қапал ауылында өткен семинарға көршілес орналасқан Арасан, Суықсай, Көшкентал ауылдарының тұрғындары да қатысты. Себебі Қапал – тарих пен табиғаттың таңғажайыбына бай өңір. Тамшыбұлақ табиғи су көзінен тартып, жартас бетіндегі ғаламат суреттер мен таңбалар, Шеңбер тас (Қалақай) обсерваториясы, тасқа қашалған тоғызқұмалақ тақтасы, тау туризмін дамытуға қолайлы таулы аймақ, тарихи тұлғалар жерленген кесенелер, Қапал ауылындағы тарихи үйлер, тағысын тағылар еліміздің және шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратыны анық. Бірақ ауылдың бағын асырып, экономикалық табыс әкелетін мүмкіндікті өркендететін әрекет көрініп тұрған жоқ.
«Қапал өңіріндегі бір ғана Тамшыбұлаққа келіп, емделіп қайтуды армандайтын адам қаншама... Өкінішке қарай, бұл жерде туристерді қызықтыратын немесе оның көңілді демалысына жағдай жасайтын инфрақұрылым жоқтың қасы. Сондықтан адамдар Тамшыбұлаққа келіп, суын ішіп, суретке түсіп қана қайтып жатады. Егер оның маңында қонақүй, дәмхана, дәретхана, кәдесыйлар сататын дүңгіршектер, көлік тұрағы, сондай-ақ туристерді басқа да нысандарға апарып қыдыртатын арнайы маршруттар орналасса, апталап жататындар көбейетін еді. Сол маңдағы тұрғындар атын сағаттап жалдап, құрт-майы мен ірімшігін, сүтті шайын сатып қосымша табыс табатын еді. Мұндай жағдай Тамшыбұлақ қана емес, басқа да туристік нысандардың барлығына тән. Біздің мақсат – туристік нысандардың маңындағы ауыл тұрғындарын заң талаптарымен таныстыру және жұмыс істегісі келетін, бірақ жолын таппай жүрген азаматтарға кеңес беру», дейді жоба жетекшісі Әлия Ахмедиева.
Семинар барысында туристік нысандардан жұмыс көзін ашуға қатысты тәжірибелерден бөлек сол нысандардың экологиялық тазалығын сақтау жолдары да түсіндірілді. Несін жасырайық, шипалы бұлақ көзіне барсаң, жартастағы суреттерді тамашаласаң, тарихи тұлғалардың кесенесіне тәу етсең де айналада толып жатқан қоқысты көресің. Ауыл әкімдігі, тұрғындар тарапынан қоқысты жинау жұмысы ұйымдастырылып тұрғанымен, ақысыз жұмысқа кімнің ынтасы болсын? Сондықтан туристік нысандардың тазалығын қадағалайтын арнайы құрылымдар жұмыс істеуі қажет-ақ. Экологиялық жағдайды қиындатқан әрекеттерді жазалауды қарастырған жөн. Жазалау туралы ескертуді тақтайшаларға іліп, жарнамалап қою керек.
Семинарға қатысқан 100-ге жуық ауыл тұрғыны туризм саласын өркендетуге қатысты жоба-жоспарларын, сол жолда кездесетін кедергілерді жасырмай айтты.
«Туризмді дамыту үшін талай жобамызды алып, ауыл әкімдігіне кірдік. Нақты қолдау болса, жүзеге асыруға мүмкіндігіміз де, шамамыз да жеткілікті», дейді Қапал ауылының тұрғыны Бақытгүл Ырысақын.
Жоба авторлары барлық ұсынысты зерделеп, тиісті ұйымдар мен мемекеттік органдарға жолдап, нақты жауабын алып беруге уәде етіп қайтты.
Жетісу облысы