Көшпелі кеңеске Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, республикалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған Орталық кеңестің төралқа мүшелері, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлік филиалдардың басшылары қатысты.
Бақтықожа Салахатдинұлы алдымен жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, ардагер әріптестеріне жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды.
«Президентіміз әділ әрі озық мемлекет құруды көздейді. Ел өмірінде болып жатқан оң өзгерістер де аз емес. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып келеді. Біздің басты міндетіміз – Президент реформаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға белсене атсалысу, елімізде болып жатқан түбегейлі бетбұрыстарды өңір тұрғындарына барынша байыпты, түсінікті жеткізу. Бүгінгі басқосуымыз әділетті мемлекетті құру жолындағы көшелі істі қолдайтын, алдағы жоспарымызды айқындайтын аса маңызды кеңес», деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Бұдан әрі жергілікті ардагерлер ұйымдарының алдағы жұмыс жоспарының басым бағыттары жөнінде әңгіме өрбіп, келешекте Жолдауда айтылған бірнеше мәселе басты назарға алынатын болды.
Ұйым төрағасының айтуынша, ардагерлер әділетті қоғам құру жолындағы ортақ іске атсалысып, мемлекеттің ішкі мәселелеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп отыруға тиіс. Осы мақсатта Президент бастамаларын жұртшылыққа түсінікті жеткізіп, көпшілік көкейіне сіңіре алатын, жалпы әлемдегі ахуалдан хабары мол, елге беделді, айтары бар ардагерлерден тұратын мобилді топтар құрылмақ.
Аталған ұйымның жұмыс жоспарын пысықтау барысында ұлттық дәстүрді, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптейтін іс-шараларға көбірек атсалысу, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді ұялататын рухани дүниелерді көптеп насихаттау секілді маңызды мәселелер сөз болды.
«Бұл мәселеде бізге Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары жақсы үлгі бола алады. Аталған өңірлерде «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» сияқты қоғамдық институттар жұмыс жүргізіп жатқанын білеміз. Осындай қоғамға тиетін пайдасы зор игі жұмыстарды өзге өңірлер де қолға алуы керек. Сонымен қатар кейінгі жылдары дін төңірегінде де неше түрлі ұшқары ой-пікірлер жиі айтылып жүр. Өкінішке қарай, түрлі ағым өкілдері дін жайында әңгіме айтамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып, өзінің теріс идеологиясын тықпалағысы келеді. Дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Жалпы, дін тақырыбы өте нәзік дүние екенін ескеріп, осы мәселеге мұқият болуларыңызды сұраймын», деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Жиын соңында ардагерлер ел іргесінің беріктігіне үлес қосу, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысу туралы ортақ байламға келді.
Қостанай облысы