Пікір • 31 Қазан, 2023

Тәуелсіздікке ұмтылыс

264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бір-бірінің қуанышын еселеп, басына түскен қиындығын тең бөліскен Қазақстан мен Түркия – тамырластығы терең, бауырластығы берік елдер. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң ша­ғын­да мемлекетіміздің азаттығын алғаш­қы­лар­дың бірі болып таныған бауырлас елмен байланысымыз да жан-жақты. Қос елдің арасын бекемдете түскен экономикалық, әскери, мәдени байланыстар жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Осы елдің ғасырлық мерейтойы қарсаңында Түркия Республикасы Ком­муникациялар басқармасының басшысы Фахреттин Алтунның мақаласын арнайы ұсынып отырмыз.

Тәуелсіздікке ұмтылыс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыдан 100 жыл бұрын түрік халқы Анадолы жерінде 900 жылдық та­ри­хымызды жерлегісі келе­тіндерге қарсы күрес ашты. Чанаккале мен Кутюль-Амаре сияқты ұзақ шайқаста соңғы күштерін сарп етіп азат­тық пен ұлттық күресті ту еткендердің үміті ақтал­ды. Күрес халықтың же­ңісі­мен аяқталды. Бұл – Ана­­до­лы топырағындағы көп­теген ке­зеңді қам­ти­тын тәуелсіздікке де­ген ұм­тылыс пен күш-жігер­дің көрінісі. Бір сөз­бен айтқанда, бұл – же­ңіс­ке же­те­леген бірлік пен ын­ты­­мақ ру­хы­ның ұлы туын­дысы.

вен

Түркия Республикасының құрылғаны жария етілген сәттен бастап елде білімнен экономикаға дейін жан-жақты жаңғыру кезеңі басталды. Әлемде Түркияны мақтан еткен көптеген табыстың кілті де табылып, іргетасы да осы кезеңде қаланды. Түрік ұлты мен түрік мемлекетінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, денсаулық, көлік, демо­кра­тиялық құқықтар мен бостандықтар, сондай-ақ ұлтымыздың өмір сүру деңгейін көтеретін көптеген сала аяғынан нық тұрып, нығая түсті.

Халқымыз талай қиындық пен көптеген кедергіні еңсеру арқылы республикамызды 100 жылдық мерейтойына айтарлықтай жетістіктермен жеткізді. Кейінгі 20 жылда республиканың көпғасырлық тарихын жете білу және Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның берік ұстанымы негізінде төккен тер мен жұмсалған күш-жігерді лайықты өтеу үшін жаңа ғасырдың есігі айқара ашылды. Түркияның тәуелсіздігі мен жарқын болашағы жолында халқымыздың, еліміздің діттеген мақсатына, ұлтымыздың армандарына жетуі және қуатты Түркияны құру үшін әр салада көптеген революциялық іс, қызмет пен инвестиция жүзеге асырылды. Бұл тұрғыда ең алдымен, ұлттық ерік-жігер нығайып, демократия орнады. Біздің сүйікті халқымыз туған жерінде қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік алды. Ал біздің адамдар бейбіт өмір сүруге, болашаққа үмітпен қарай алатын болды. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша инфрақұрылымдағы инвестициялардың арқасында өндіріс пен жұмыспен қамтуда жетістіктерге қол жеткізді, сәйкесінше экономика өсіп, еліміз жан-жақты нығайды.

Өндірісті кеңейту арқылы өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық салада жұмыспен қамтуға қол жеткізуге жағдай жасалды. «Мемлекет өмір сүретіндей халық өмір сүрсін» дегенді ұғынып, әлеуметтік қол­дау көбейіп, мұқтаж азамат­та­ры­мыз­дың барлығын құшақ жая қарсы алды. Екін­ші жағынан президенттік басқару жү­йесін енгізу арқылы мемлекеттік механизмде екіғасырлық ізденістерге жауап бере­тін үлкен реформа жүзеге асырылды. Белсенді қауіпсіздік саясаты мен іскерлік және гуманитарлық сыртқы сая­сат тәсілін қабылдау арқылы мемлекетіміздің қуаты, туымыздың мерейі мен ұлтымыздың беделі артты.

Еліміздің денсаулық сақтаудан білімге, технологиядан қорғаныс өнеркәсібіне, сырт­қы саясаттан мәдениет пен өнерге дейінгі көптеген саладағы табысын жеделдеткен бұл бастамалар оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Жаһандық менеджмент пен экономикалық жүйені түбегейлі сілкін­дір­ген індеттер мен соғыстар кезінде біз елімізді оның күшті инфрақұрылымында үлкен серпіліске да­йындау үшін аянбай күрестік. Шекарамызға шабуыл жасаған және түрік ұлтының өмірі мен дүние-мүлкінің қауіпсіздігіне төнген көп қауіппен күрестік. Жаһандық дағдарыстан басқа, біз мүмкіндік ретінде кездескен қос стандарттар мен эмбарголарды бұру арқылы әр салада күшімізді нығайттық.

Республикамыздың бірінші ғасырындағы олқылықтарды жойып, екінші ғасырға да­йындықты аяқтайтын бұл серпілістер білім­­нен денсаулыққа, қауіпсіздіктен әді­лет­ке, энергетикадан көлікке, ауыл шаруа­шылығынан спортқа дейін барлық салада өз жемісін бере бастағаны сөзсіз. Өсіп, дамып, кү­шейіп, байып жатқан Түркия хал­қы­мыз­дың болашағына үмітпен қа­рай­тын елге, шетелдерде өзін басқа мем­лекеттің соңынан еретін емес, соңынан ерте білетін мемлекет ретінде танытты.

Әлем тарихи өзгерістерді бастан ке­ші­ріп, жаңа әрі өмірлік маңызды мін­дет­термен жүздесіп отырған жағдайда біз үшін бұл мерейтой – мемлекетіміздің екінші ғасырының басын белгілейтін күн­тіз­белік өзгеріс қана емес, одан да жоғары мәнге ие. Осы тұрғыда республикамызды саяси, экономикалық, әлеуметтік және дип­­ломатиялық салаларда ұлт ретінде ар­­­­мандаған деңгейге жеткізетін серпіліс Түр­­кия ғасыры деп аталды. Бұл серпіліс – біз­­дің еліміздің және өрке­ние­ті­міз­дің бар­лық жетістігіне сүйеніп, жаңа ұр­пақ­қа қал­дыратын ең үлкен мұрамыз.

«Түркия ғасыры» бағдарламасымен рес­публикамыздың 100 жылдығына халқы­мыз­бен бірге зор үмітпен, бұдан да асқақ мақсатпен қадам басып отырмыз. Осы орай­да, ең алдымен, біз ел егемендігі жолында құрбан болғандар мен тәуелсіздікті қор­ғау жолындағы халықтың күш-жігерімен қол жеткізген толағай табыстарын ерекше қорғаймыз. Сондай-ақ біз еліміздің әлемдік деңгейде сөз сөйлеп, шешім қабылдауға деген ерік-жігерін зор бағалаймыз. Саяси және экономикалық күш-қуатымызды арттыра отырып, экономикамыздың өркендеуіне жұмыс істейміз. Туған жердің әр бұрышында тыныштықты нығайтып, дамуға деген жіге­рімізді арттырамыз. Себебі елдегі әрбір аза­маттың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғау және олардың лайықты әл-ауқатын арт­тыру бәрінен маңызды.

Республикамыздың екінші ғасырын «Өтемақы емес, прогресс дәуіріне» айнал­­ды­руға бел будық. Осы орайда Прези­ден­тіміз Режеп Тайип Ердоғанның бас­шы­лы­ғы­мен өз елімізді барлық салада, соның ішінде Түркияның жүзжылдық көзқарасы бар жаңа деңгейіне көтеруге күш саламыз. Ата-бабаларымыз сеніп тапсырған ота­нымыздың мәңгілікке өмір сүруін қам­тамасыз ету жо­лындағы істерден бас тар­ту­ға қақымыз жоқ.

Өткен тарихымыздағы ел басына түс­кен қиыншылықтар мен жетістіктерді артта қалдыра отырып, шейіттер мен ардагер­ле­рімізді, әсіресе Азаттық соғысының бас қолбас­шысы, республикамыздың негізін қалаушы Гази Мұстафа Кемалды, түрік халқының еркін өмір сүруіне мүмкіндік берген барлық батырымызды құрметпен, ризашылықпен еске аламыз.

Бүгінде Түркия Республикасы әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттермен берік байланыс орнатты. Соның ішінде Қазақстанмен арадағы саяси байланыс туыстық қарым-қаты­насқа ұласты. Бұл күні екі ел арасын­дағы дипломатиялық байланыстарды өзге мем­лекеттерге үлгі етуге әбден болады. Бауыр­лас халықтың Тәуелсіздігін жария­ла­ған ал­ғашқы күндегідей Түркия Қазақстан­ның бауырластығы мен достығы ғасырлар бойы сақталады деп сенеді. Биыл Түркия жүз жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл орай­да екі ел арасындағы саяси-мәдени іс-шара­лардың саны арта түсті. Осының өзі туыс халықтардың ортақ құн­дылығы – еге­мен­дік пен бей­бітшілік, сый­лас­тық­та екенін се­зіндіре түседі.

 

Фахреттин АЛТУН,

Түркия Республикасы Коммуникациялар басқармасының басшысы