Қоғам • 31 Қазан, 2023

Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тергеу жүргізіп жатыр

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахтасында болған оқиғаларды тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тергеу жүргізіп жатыр

Ведомство өкілдері мәлім еткендей, газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнын алғашқы тексеру жүргізілді.

Осы орайда ауысым қызметкерлерінен, «АМТ» Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынып, бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Дәлірек айтқанда, жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық зерттеулер жүргізіледі.

«Кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілу талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылды. Шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамалар алынып, талданып жатыр. Өзге де қажетті іс-шаралар пысықталды», делінген ресми ақпаратта.

Бұл ретте кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетіні де хабарланды.

«Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс Бас Прокурордың жеке бақылауында. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», делінген хабарламада.