Сенат • 31 Қазан, 2023

Сенатта кеңес төрағасы сайланды

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, қатысушылар төрағаны сайлады, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта кеңес төрағасы сайланды

Фото: А.Байжұманов

«Инклюзия жөніндегі кеңес Сенат жанынан құрылған болатын. Бұл туралы Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың қыркүйек айында өткен «Мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында айтты», делінген хабарламада.

Алдағы уақытта кеңес мүшелері мүгедек адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныстарды қабылдап, оны іске асыру жолдарын әзірлеуді қолға алады. 

Отырыс барысында қатысушылар кеңес төрағасы лауазымына сенатор Ләззат Қалтаеваны лайық деп шешті. Депутат әріптестеріне алғысын білдіріп, Кеңес жұмысының негізгі бағыттарын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге ерекше назар аударып келеді. Бұл олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заңнамалық және институционалдық базаны жетілдіруге де қатысты. Парламент Сенатында Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен осы сала бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүзеге асып отыр. Кеңес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және басқа да ұйымдардың ынтымақтастығына арналған алаң. Сондықтан олардың мақсаты – мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау, олар үшін тең мүмкіндіктер жасау және өмірдің барлық салаларына қатысуға қол жеткізуді қамтамасыз ету», деді Л.Қалтаева. 

Басқосуға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ сарапшылар мен мүдделі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.