Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұған дейін де Қазақстанда заңдар орысша жазылып, қазақ тіліне аударылатынын сауалдарында бірнеше рет айтқан.
«Бүгін Мәжіліс комитетінде отырысты жүргізген депутат Үнзила Шапаққызы бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Бәріміз қолдадық. Содан кейін Үкіметтің атынан вице-премьердің қолы қойылған қағаз келді. Онда «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жазылған. Бірақ вице-премьер Алтай Көлгінов қызметінен кетті. Алайда ол кеткенімен, Үкімет орнында ғой. Сондықтан олардың уәделеріне сеніп отырмыз», деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ депутат екі заңды қазақ тілінде жазып жатқанын атап өтті.
«Мысалы, мен 2 заң жобасын дайындап жатырмын. Оның аттарын айта алмаймын. Бірақ оларды қазақ тілінде дайындап жатырмын. Заң шығару бастамасы депутаттардың да қолында бар. Бірақ бізде негізінен Үкімет (заңды) дайындайды. Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көреміз. Осы мәселеге қайта ораламыз», деді Абзал Құспан.
Депутат хатта заңдар 2024 жылдан бастап мемлекеттік тілде жазылады деп көрсетілгенін айтты.
«Хатта Алтай Көлгіновтың қолы қойылған. Адам ауысқанымен, Үкімет қол қойды ғой. Мұны Үкіметтің позициясы деп түсінеміз. Үкімет уәдесінде тұра ма, тұрмай ма, бұл – келер жылдың еншісіндегі шаруа», деді ол.