Ауыл • 31 Қазан, 2023

«Тұрар» – тұрақтылық кепілі

245 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеде түймедейін түйедей етіп көрсетіп, жалпыға жар салып жататындар да кездеді. Мұндай кәсіпкерлерге Федоров ауданындағы «Тұрар» серіктестігін үлгі етсе игі. 1997 жылдан бері жер игерумен қатар, сүтті сиыр шаруашылығын дамытып алған іргелі серіктестік өзі орналасқан Қамысты Шаңдақ ауылын құт дарып, береке қонған тұрмысы ілгері елді мекенге айналдырып отыр.

«Тұрар» – тұрақтылық кепілі

Шаруашылық басшысы Қай­рат Оспанов ауылдың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға жылына 300 млн теңге қаржы жұмсайды. Нәтижесінде, аядай ғана ауылдың инфрақұрылымын қазір ешбір қаладан кем емес деп айтуға болады. Елді мекендегі 250 ересек тұрғынның 200-і жергілікті ша­руашылықта жұмыс істеп жатыр.

– Біздің өңірде ауылдағы үй­лердің көбі өткен ғасырдың сек­сенінші жылдарының соңында, біразы тоқсаныншы жылдардың басында салынған. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Өкінішке қарай, көптеген ірі шаруашылықтар ауылға үй салып, қарапайым халыққа қарасайын демейді. Бұл – түбірімен дұрыс емес. Мәселен, біздің фермада жаңа технологияға негізделген неміс құрылғылары тұр, егістік ал­қаптарымызда «Джон дир», «Класс» сияқты жоғары сапалы заманауи техникалар жұмыс істейді. Ал құлағалы тұрған ескі үйде тұрып жатқан адамды мұн­дай соңғы үлгідегі қуатты техникаға отырғызу немесе заманауи «ақылды» құрылғыларды басқарту, ең алдымен, адамдыққа сын, одан кейін бір-біріне мүл­де үйлеспейтін дүние ғой. Жұ­мыс­шының тұрмыс жағдайы мен ол істейтін техника сәйкес келуі керек. Сонда ғана жұмыс өнеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – еңбек ресурсы, адам. Сондықтан жыл сайын шамамыз жеткенше әлеуметтік саланы жақсартуға күш салып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Соңғы жылдары шаруашылық ауыл тұрғындарына 25 тұрғын үй салып берген. Әр үйге орта­лықтандырылған су құбыры ке­ліп тұр. Бәрі дербес дизельді отын­мен жылытылады. Алдағы жылы ауылдың шетіне бірнеше резервуар қойылып, сол жерден әр үйге газ құбырын тарту жос­парланып отыр. Ауыл көшелері де серіктестіктің өз қаржысына жөнделеді. Қамысты Шаңдақтың тақтайдай түп-түзу көшелеріне төселген асфальттың сапасы көп қаланың асфальтынан артық. Ша­руашылықтың жол жасау тех­нологиясы ерекше: алдымен жолдың бетіне арматура тоқып төсеп, оның үстіне қалыңдығы 30 см бетон құяды. Бетонның үстіне ірі түйіршікті асфальт төселеді де, оның беті майда түйіршікті тағы бір асфальт қабатымен жабылады. Мұндай жол қытайдың 40 тонналық ауыр техникасын да мыңқ етпей көтеріп, ондаған жылдар бойы ой-шұқырсыз қалпында сақталып тұрады.

Қамысты Шаңдақта өзге ауыл­дардағыдай емес, жас отбасылар көп тұрады. Осыдан болар, се­ріктестік жұмысшыларының да 65-70 пайызы – жастар. Бір шаңырақта дүниеге сәби келсе, шаруашылық 300 теңге кө­лемінде бір реттік сыйақы беруден жаңылған емес. Бұл үрдіс 1997 жылдан бері қарай жалғасып келеді. Шаруашылық басшысы келесі жылы мұны 1 млн теңгеге өсіруді көздеп отыр.

Серіктестік жұмысшы­лары­ның дені жаңа үйлерде тұрады. Мұның сыртын­да қаншама жыл осы шаруа­шылықта жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер коммуналдық қызмет төлемінен толық босатылады. Ауыл тұрғын­дарының бірі науқастанып қалса, оның емі мен дәрі-дәрмегі шаруа­шылықтың мойнында. Ауыр нау­қастың отасына кеткен шығын да шаруашылық есебінен өтеледі. Ауыл жастарының оқу ақысын да, бала Қостанайда, Астана, иә Алматыда, тіпті әлемнің қай қаласында білім алып жатқанына қарамастан, отыз жылдан бері серіктестік есебінен төленеді.

Таяуда шағын ауыл орталы­ғында балалар ойын алаңының құрылысы аяқталды. Бұл жыл басында аудан әкімдігі мен серік­тестік арасында қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге асқан. Шаруашылық өз қаржысы есебінен 15 млн теңге бөліп, қаладағы ойын алаңдарының бір кем түспейтін қалашықты ел игілігіне тапсырып берген.

– «Тұрар» ЖШС өңірдің әлеу­меттік саласын жаңғыртуда көптеген іске мұрындық болды. Бұған дейін Қайрат Бақытжанұлы осы ауылға хоккей кордын, бассейн, ФАП салып берсе, енді міне, балаларға тамаша тарту жасап отыр. Қамысты Шаңдақ осы ауданы үшін ғана емес, бүкіл өңірдегі ең үлгілі ауылға айналдып отыр. Бұл Мемлекет басшысының өзі бас­ты назарда ұстап отырған мәсе­ле, – дейді аудан әкімі Тәуба Иса­баев.

Кәсіпкер Қайтар Оспанов: «Қалаға келген ауыл баласы он­дағы ойын алаңын көргенде таңғалмауы керек. Бұл алаң – сол үшін салынған дүние. Мұнда бала құлағанда жарақат алып қалмауы үшін төселген тартан төсеніш, әткеншек, сырғанақ, турник, бас­кетбол, футбол алаңы сияқты ойын баласына керектің бәрі бар. Құрылыс барысында ең алдымен баланың қауіпсіздігі ескерілді», дейді кәсіпкер.

Қамысты Шаңдақтағы фельд­шерлік-акушерлік пункт мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі бағдарламасы аясында 60 млн теңге қаржыға салынған. Аталған бағдарлама екі жаққа да тиімді екенін айта кеткен жөн. Кәсіпкер әлеуметтік нысанды салып, керек құрылғымен жабдықтаған соң, мемлекет үш жылдың ішінде құрылысқа кеткен шығынды толық қайтарып береді.

ФАП-тың төрт орындық күн­дізгі стационары жұмыс істейді. Дәрігерлік пункт анау-мы­нау ауру­ханаңыздан кем түспейді. Ішінде жеке-жеке емдеу бөл­ме­лері, өз дәріханасы бар. Мұнда бүгінде алты медицина маманы еңбек етеді.

– Біздің фельдершік-акушерлік пункт науқастарға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық кө­мек көрсетеді. Мәселен, есепте 320 адам тұрса, соның 288-іне ем-дом жасалды. Маңайдағы ауыл тұрғындары да бізге келіп ем-дом алып кетеді. Мысалы, биыл 480 адам скринингтен өтті, – дейді ФАП меңгерушісі Александра Ковтун.

Алақандай ғана ауылда істеліп жатқан игі істерге жергілікті тұр­ғындар да риза.

Жергілікті серіктестіктің арқа­сында біз өзімізді қалада тұр­ғындай сезінеміз. Ауылдың жолы, суы болса, жарығы күні бойы жа­нып тұрса, одан артық не керек? Мұндағы тұрғындардың көбі жер­гілікті шаруашылықта еңбек етеді. Табысы жаман емес. Сосын да шығар, ауылдан ешкім кетіп жатқан жоқ. Керісінше, көшіп келушілер бар. Серіктестік директоры халықтың жағдайын ойлаудан шаршаған емес, – дейді ауыл тұрғыны Қайынжамал Сушко.

Ширек ғасырдан бері егін егіп, мал өсіріп отырған шаруашылық бүгінде облыстағы ең озық шаруа­шылықтардың санатында тұр. Серіктестік 21 мың гектарға дән сіңірсе, соның тең жартысы арпа, сұлы, жүгері, соя, бұршақ, қы­ша, жасымық тәрізді дәнді да­қылдардың еншісінде. Өйткені «Тұ­рар» ЖШС 300 жылқы, 3200 қа­ра мал өсіреді. Соның 1200-і сауын сиыр. Шаруашылық бас­шысының айтуынша, бір сиыр күніне 28 литр сүт береді. Сүттің әр литрі 250 теңге тұрады. Мұның сыртында мемлекет бір литр сүтке 45 теңге субсидия төлейді.

– Егер табысың еселене түссі­н десең, онда еңбек адамына лайық­ты жағдай жаса. Сонда ғана жұ­мысың өнеді. Ауылдың бетіне қан жүгіреді. Қазіргі жастар ауыл­да тұрғысы келмейді. Жұмыс жоқ дейді. Тұрмыс деңгейінің төмендігін сылтау етеді. Бізде бәрі керісінше, шаруашылықта еңбек ететіндердің дені жастар. Біз оларға лайықты жағдай жасап қойдық. Жалақылары да жоғары, – дейді Қайрат Оспанов.

Осыдан үш жыл бұрын А.Бай­тұрсынұлы атындағы Қоста­най өңірлік университетін «Сер­пін» бағдарламасы бойынша тә­мамдаған Ақберген Сайпырханов қазір «Тұрар» серіктестігінде агро­ном болып жұмыс істеп жүр.

– Мұнда келгеніме еш өкін­беймін. Керісінше, осындай қуат­ты шаруашылықтан өзіме ла­йықты жұмыс тапқаныма қуа­намын. Егер еліміздегі әр ша­руашылық «Тұрар» серіктестігі сияқты халыққа жәрдемдесер болса, онда ауылдың бағы жанар еді. Оқуды бітіре салысымен еңбекке араласқан маған шаруашылық директоры жассың деген жоқ, төрт бөлмелі пәтерге кіргізді. Енді ата-анамды осында көшіріп әкелсем бе деп жүрмін. Жыл соңына қарай үйленіп, отбасын құрмақпын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, үйдің ішінде бәрі бар. Ыстық, суық суы үзілмейді. Мұны қарапайым еңбек адамына деген үлкен құрмет деп білемін, – дейді Ақберген Сайпырханов.

Алдағы екі-үш жыл ішінде ауыл шетіндегі кеңес заманынан қал­ған ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспана тұрғызылмақ. Кә­сіпкер сол маңайдағы ашық алаңға су бұрқақ орнатуды жос­парлап отыр. Күні кеше ғана ша­ғын ауылдағы тағы бір көше күр­делі жөндеуден өтті.

 

Қостанай облысы