Басқосуда министр экология тақырыбында қойылған сауалдарға жауап беріп, тұрғындардың пікірін тыңдады. Сұрақтардың ішінде қала іргесіндегі Стандарт Цемент зауытының улы түтіндері, бұрынғы Қорғасын зауытының қалдықтары жайында мәселе көтерілді. Жергілікті экология департаменті шын мәнінде цемент зауытының улы түтіндері шекті мөлшерден асқанын, экология талаптарын бұзғанын анықтаған. Осыған байланысты кәсіпорынға 1,5 млн теңге айыппұл салған. Жалпы, зауыт айналасында тұрып жақтан тұрғындар бұрыннан жағымсыз иістен шаршағандарын айтып шағымданатын. Екінші мәселе Қорғасын зауытының қалдықтары шашылған күйінде қалып кетпей ме деген күдіктен туындады. Өйткені кезінде қалдықтардың орнын көгалдандырамыз деген уәде болғанға ұқсайды. Министрдің жауабына сүйенсек, қазір онда 1,8 млн тонна қалдық жатыр. Одан тиісті компания мыс, күміс концентратын алып, кәдеге жаратып отыр. Бадам өзенінің арғы бетінде жатқан бүкіл қалдықты бергі бетке өткізген. Қалдықтың өңделіп жатқанына қайта қуану керек дегенді айтты сала басшысы. Министр өз сөзінде аумақ қалдықтардан тазартылып болған соң ол жерді көгалдандыруға әкімдікке тапсырма беретінін жеткізді. Елімізде ауаны ластап отырған 91 ірі зауыт бар екен. Соларды бақылап отыру үшін ұлттық мәліметтер базасы құрылады. Бұл онлайн режімде автоматты түрде жұмыс істейді. База 2025 жылдың қаңтарына дейін орнатылады.
Жиында Шығыс Қазақстан облысынан басқа өңірлерде оттегі мөлшері нормадан төмен деген мәселе айтылды. Өзінің мамандығы орманшы екенін баяндаған министр кезінде Астанада елорданың жасыл белдеуін құрған мекемені басқарғанын мәлімдеді. Жылына 5 мың гектарға 10 млн-ға дейін көшет отырғызатын. Осы тәжірибені барлық өңірде іске асыру керек екенін айтты. 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен 2 млрд дана көшет егіліп жатқанын жеткізді. Егумен бірге арнайы жұмыс тобы көшеттердің қалай өскенін тексереді. Осылай деген министр оңтүстік өңірінде, Шымкентте қылқан жапырақты ағаштар көп егілгенін айтты. Бұл дұрыс емес екен. Оңтүстікке көлеңке беретін жапырақты ағаштар керек. Көше бойындағы ағаштар лас ауаны жұтады, көліктердің моторының дауысын да сіңіріп алады. Талдың көлеңкеден басқа осындай да қасиеті бар.
Кездесуде министр киіктердің мәселесін де сөз етті. Оның айтуынша, елімізде 1 млн 950 мың киік бар. Олардың 20%-ын қолдан қысқарту қажет. Өйткені экологияға кері әсері үлкен. Далада жосылған киіктер біріншіден егістікті құртады, жерді эрозияға ұшыратады. Сонау көне тарихтан бері киіктердің саны сайын далада 2 млн-нан аспаған. Ежелден адамдар азыққа пайдаланған. Сала басшысының мәлімдеуінше, киелі жануар үш топқа бөлінеді. Біріншісі – Бетпақдала тобы. Бұл Аягөз, Ырғыз, Қызылордаға дейінгі аумақты қамтиды. Екіншісі – Орал, үшіншісі – Үстірт тобы. Ең кіші топ Орал болғанымен қазір ол жердегі киіктер қатты көбейіп барады. Саны бүгінде 1 млн 130 мыңға жеткен. Киік өте өсімтал малға жатады. Жылына 2 рет төлдейді. Өсімі 42%-ды құрайды. 30%-ы өскеннің өзінде саны 2,6 млн-ға жетеді екен. Үстіртте 1,5 млн киік жосылып жүр.
«Бір кездері АҚШ-тың Элоунстоун орманында бұлан жануары көбейген. Бәріне себеп адамдар қасқырларды қырып тастаған. Экологиялық проблема туындап жер тозған, шөп азайған. Содан үкімет бұланның біразын атқан, шеттен қасқырлар алып келген. Сөйтіп экожүйе қайта қалпына келген. Елімізде киіктердің күрт көбеюі қасқырдың азайып кету салдарынан болған. Жазық далада жортуылдап жүретін бөрілер көрінбей кетті осы күнде. Бұрын аңшылар иығына мылтығын асынып, күн ұзаққа қасқыр атып жүре беретін. Қазір оның бәрін шектедік. Жыртқыш аңды атудың да шегін белгіледік. Ақбөкендердің санын азайтпасақ, Оралда үлкен экологиялық апат болуы мүмкін. Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының шаруалары 12 млрд теңгеге зиян шеккен. Бетпақдаланың ақбөкендері ірі келеді. Шөпті де көп жейді. Киік – киелі жануар. Бірақ оның санын реттемесек, жерді тоздырып бітіреміз. Атумен бірге тормен ұстау тәсілі де бар. Осыдан 40-45 жыл бұрын қолданған екен. Қазір қарияларды тауып солардың кеңесімен тормен ұстауды бастадық», деді еліміздің бас экологі.
Кездесуде университет ұстазы Айсұлу Абдулова: «Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық конкурстарына қатысу үшін халықаралық басылымға мақала жариялау керек. Ал оның құны 1 млн теңге тұрады. Сондықтан Экология министрлігі тарапынан гранттық конкурстар жарияланса» деген ұсынысын білдірді. Сосын жеке кәсіпорындар болашақ экологтерді оқу іс-тәжірибесінен өткізбейтінін, жұмысқа да тұру қиын екенін айтып қынжылды. Оған министр Аралды, Қостанайдағы өртенген орманды қалпына келтіру сияқты түрлі жобаларға қатысып, министрліктің арнайы қаржысын иеленуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ жас экологтерді іс-тәжірибеге, жұмысқа қабылдау мәселесіне орай бағдарлама жасалатынын баяндады. Профессор Гүлмира Кенжебаева урбанизациядан халық саны өсіп, қала кеңейіп барады деді. Алайда 1-санатқа кіретін өндірістер қаланың ішінде қалып қойғанын, зауыт салуда жел бағыты ескерілмегенін айтты. Сондықтан кәсіпорындарды, олардың қондырғыларының жаңалығын тексеріп тұру қажеттігін ескертті. Экологиялық жаңа кодексте салықты азайтып, соның есебінен қондырғыларды жаңартуға мүмкіндік беретін ереже қабылдау керек деген ұсыныс тастады.
Бұған сала басшысы 2025 жылы 10 жылға арналған жаңа бағдарлама қабылданатынын мәлімдеді. Оның мақсаты – кәсіпорындардың қондырғыларын жаңарту, экологияны жақсартатын технологиялар енгізу. Ең озық 16 технологияның анықтамасы жасалады. Кәсіпорын соның бірін таңдап, эмиссияға төлейтін салық мөлшерін азайта алады. Зауыттар қондырғыларын жаңғыртпаса, экологиялық салық да көбейе береді деп жауап берді. Министр алдында үлкен міндет тұрғанын айтты. Бұл – қоқыс мәселесін түбегейлі шешу. Өйткені елімізде 4,5 млн тонна қоқыс жиналады. Оның 25%-ы ғана өңделеді. «Қалдықтарды өңдеуді қолға алмасақ, қоқысқа көміліп қалатын түріміз бар», деді ол.
ШЫМКЕНТ