Облыс орталығы Талдықорған қаласынан бастап, барлық аудан, ауыл тұрғыны сенбілікке атсалысты. 30 мыңға жуық адам көше сыпырып, өзінің сүйікті мекендерін қоқыстан тазартты. Тіпті іс-шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, Талдықорғандағы коттедж қалашығының маңына ағаш екті.
Сенбілікке елді мекендердің белсенді тұрғындары, экоактивистер, еріктілер, мемлекеттік, бюджеттік және басқа да ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Саябақтарды, гүлбақтарды, су айдындарын, жеке және көп пәтерлі тұрғын үйлердің маңындағы аумақтарын, көшелерді, тротуарлар мен арықтарды тұрмыстық қалдықтардан, өсімдік қоқыстарынан және құрғақ шөптерден тазартты.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, акцияға барлығы
27 742 адам қатысып, 312 арнайы техника жұмылдырылған. Соның нәтижесінде 1 120 км автомобиль жолы, 400 км арық желілері тазартылып, 2 002 тонна қоқыс шығарылған және 6 456 ағаш көшеті, оның ішінде 5 956 жапырақты, 500 қылқан жапырақты ағаш отырғызған. Ал өңірдің бас шаһарында 6 мыңнан аса адам шығып, 38 бірлік техника тартылған. Осы күні қала аумағында 200 үйеңкі ағашы егілді.
Сенбілік соңында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
– Бүгін бүкіл облыс бойынша сенбілік жарияланды. Себебі биыл күз ұзаққа созылып, маңайды тазарту шараларын жиі ұйымдастыру қажеттігі туындады. Табиғат-Ананың өзі тазаланып тұрғанды ұнатады. Бүгін облыс бойынша мемлекеттік органдардың, түрлі салалардағы мекемелердің қызметкерлері тазалық іс-шарасына қатысып жатыр. Біз Талдықорғандағы коттедж қалашығының маңына бұған дейін алдымен суару жүйесін жүргіздік, бүгін сенбілік аясында ағаш егіп жатырмыз. Бұдан кейін кеспетас төсеп, орындықтар қойып, абаттандыру жұмысын жалғастырамыз. Осы коттедж қалашығында бітпей тұрған үйлердің құрылысын келесі жылы аяқтап, қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, әр көтемде, жаз бен күзде туған ауылымыз бен қаламызды тазартып отыруға әрқайсысымыз да атсалысуымыз керек, – деді.
Жетісу облысы