Пікір • 31 Қазан, 2023

Әйелдің ары – қорғаны

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Әйел көктен түскен жоқ, ол – еркектің баласы, еркек жерден шыққан жоқ, әйел – оның анасы» демекші, ер мен әйел жұп болып өмір сүруі табиғи заңдылық. Атақты жырау Майлықожа бабамыз: «Жақсы әйел жігіттің жақсы қылар жаманын, ұшқыр қылар шабанын, жаман әйел жігіттің тар қылады заманын, тайдырады табанын» деген екен. Сол сияқты атам қазақ: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» деп бекер айтпаған. Әйелі ерін сыйлап, бағына білсе ғана ұрыс-керіссіз бақытты отбасының келбеті қалыптасады.

Бұрынғы бабаларымыз «әйелді жары емес, ары қорғайды» деген екен. Демек, әйелдің ары  – өзінің ғана емес күллі әулеттің, тіпті ұлыстың қорғаны. Бұған мысал көп. Бірде атақты Жиренше шешеннің зайыбы Қарашашқа көзі түскен сол елдің ханы оның күйеуін алыс сапарға жіберіп, өзі нөкерлетіп Қарашаштың отауына келеді. Ханның келетінінен хабардар Жиреншенің зайыбы тағам пісіріп, оны неше түрлі ыдысқа салып қояды. Арам оймен келген патша дастарқандағы тағамның көптігін көріп, өзінің жалғыз емесін біліп, келген ізімен кері қайтқан екен. Жоғарыда атам қазақ «әйелді жары емес, ары қорғайды» дегені осы болса керек.

Сол сияқты Асан қайғы бабамыздың ұлы Абат өзiнiң батырлығымен, жомарттығымен, кең­пейiлдiлігiмен, мырзалығымен аты шық­қан жiгiт екен. «Осы елде кiм батыр, кiм мырза, кiм жомарт, кiм кең пейiл?» деген сұраққа бәрi «Абат» деп жауап беретін көрінеді. Бiр күнi Алтын Орда ханы Әз-Жәнiбек ордасында отырып, Абатты сынамақ ниетпен нөкерлерін жiбередi. Оның барлығы Абатқа барып, батырлығына, жомарттығына, кеңпейiлдiлігiне, мырзалығына тәнтi болып оралады. Бұл тараптан Абатты сүрiндiре алмаған патша нөкерлеріне оның әйелiн жолдан тайдыруды тапсырады.

Тапсырма алған жiгiт Абаттың үйiне қонақ болып келедi. Келген адамның түпкі мақсатын сезген Абат оған қонақасын бергеннен кейiн, қонағынан рұқсат сұрап, аңға шығып кетедi. Бiр апта аңда болып, қайта оралса, қонақ жігіт әлi кетпепті. Абат оған ешнәрсе айтпайды. Қонақ қайтып келіп, ханға болған оқиғаны баяндайды. Қаншама әрекет жасаса да Абаттың әйелiн жолдан тайдыра алмағанын айтады.

Осылай Абаттың өзін одан қалды әйелін сыннан өткізген Жәнiбек хан Абаттың өзiн шақырады. Ол келген соң былай дейдi: «Әй, Абат, мен сенi қанша сынасам да, сүрiнбедiң. Мырзалығыңа, жомарттығыңа, кеңпейiлдiлігiңе, батырлығыңа тәнтi болдым. Ал әйелiңдi қызғанбай, бөтен еркекпен қалдырып кеткенiңдi түсiне алмадым. Оның сыры неде?» деп сұрапты. Сонда Абат: «Адам баласы жасаған ұрлығын адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Иманы берiк адам ешқашан жамандыққа бармайды. Өйткенi ол құдайдан қорқады. Имансыз болса, оны аңдығаннан пайда жоқ. Ретi келгенде арамдықтан бас тартпайды. Біліңіз хан ием, әйелді жары емес, ары қорғайды», деген екен. Бұл мысалдар әйелдің ар-ұяты иманына байланысты екенін аңғартса керек.

Қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан оғаш оқиғалар баршылық. Соның бірі «Қазіргі қазақ әйелдерінің ар-ұяты қай деңгейде?» деген сұраққа келіп тіреледі. Жуықта бір мейрамханада арақ-шарап ішіп, шалқып отырған бір топ әйелдің жағдайына куә болдық. Таң­да­нарлығы – жасы бар, жасымысы бар, бәрі қызу, тіпті шылқа мас деуге болады. Арты алқын-жұлқын биге ұласты. Сырт көзге ерсі-ақ. Жоғарыда аталарымыздың «әйелді жары емес, ары қорғайды» дегеніне бір дүркін куә бол­ған­дай күй кештік.

«Сәбилердiң зейiні және дене мүшелерiнiң кеміс болуы анасы арақ iшкендіктен», дейді Вашингтон университетiнiң докторы Анна Стрейгсгуз. Ғалым анасы аз да болсын арақ-шарап ішетін 700 сәбиге жүргiзген зерттеу нәтижесiнде, арақ ана құрсағындағы баланың миына әсер етеді деген қорытындыға келген.

Ғалымның пайымдауынша, ішімдік iш­пей­тiн әйелдерге қарағанда аз мөлшерде бол­са да арақ-шарап қолданатын әйелдерден туған сәбилердің 1,89 пайызы әлсiз күйде дү­ниеге келсе, 2,84 пайызы болашақта пси­хи­калық қиыншылықтарға ұшырайды екен. Ал 3,84 па­йыз сәбидің басының көлемi тиiстi мөлшерден кiшi болса, 4,80 пайызында сөйлеу мүшелерiнде кемiстiк болатыны анықталған. Сондай-ақ 5,80 пайызының терi қабаты зақымдалған болса, 6,51 пайызының аяқ-қол саусақтары қисық болатын көрінеді. Одан кейін 7,46 пайызының жыныс мүшелерiнде кемiстiк болса, 8,41 пайызының есту мүшелерi осал, 9,29 пайызы жүрек ауруына шалдыққан күйде туылады екен. Дәрiгерлер iшімдікті қолдану салдарынан сәбидiң бойында 850-ден аса түрлi ауру пайда болады деген пайым айтады.