Түркістан облысының тумасы Шардара ауылындағы мектепті бітірген соң, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсті. Аталған оқу орнында «Ғылыми физика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдағаннан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Англияға аттанды. Ливерпуль университетінде «Теориялық физика» бойынша PhD зерттеуін жүргізіп, ғылыми дәрежесін қорғап келді. Қазір Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов университетінде «Физика және нанотехнологиялар» кафедрасының оқытушысы әрі «Жас ғалым» бағдарламасымен постдокторант ретінде ғылыми зерттеуін жалғастырып жатыр.
– Докторантурада элементар бөлшектер физикасы бойынша зерттеу жасадым, яғни элементар бөлшектер физикасының теориясын зерттеумен айналыстым. «Элементар» деп айту үшін бөлшек қаншалықты кішкентай болуы керек және бөлшектер өзара немесе басқа өздері сияқты элементар бөлшектермен қалай әсерлеседі? Мысалы, бізге электр тогін беруге жауапты электронның өлшемінен де кішкентай бөлшектер бар. Кварк деп аталатын бөлшектер – соның бір көрінісі. Мұндай бөлшектердің табиғатын түсіну үшін электрлі заряды бар протон сияқты бөлшектерді өзара соқтығыстыру арқылы эксперименттер жасалады. Өлшемі тым ұсақ бөлшектерді оқып, зерттеп, түсінуге классикалық физика жарамайды, бұл үшін кванттық физиканы оқуымыз қажет. Мұның бәрі не үшін керек? Егер біз атомның құрамын түсінбегенде, бүгінгі күнделікті тұрмыста пайдаланатын электрониканы ойлап шығара алмас едік. Сол сияқты табиғатты терең түсіну біздің табиғат туралы түсінігімізді кеңейтеді әрі технологияның дамуына мүмкіндік береді, – дейді Ұ.Молданазар.
Кейіпкеріміз постдокторлық зерттеу жұмысын Германиядағы Дортмунд техникалық университетімен бірлесе жүргізіп жатыр. Осы зерттеуінде каон деп аталатын мезонның өте сирек кездесетін ыдырауына анализ жасаумен айналысады. Оның пікірінше, шетелде докторантура оқудың, ғылыми дәреже қорғаудың, шетелдік университетпен бірлесе зерттеу жүргізудің бірқатар артықшылығы бар. Мұндай артықшылық өз кезегінде зерттеу жұмысын жеңілдетеді.
– Шетелде докторантура оқудың өз артықшылықтары болды. Айталық, осы салада білімі мен тәжірибесі терең, халықаралық деңгейдегі ғалымдармен жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Әрине, еліміздегі ғылым деңгейін жүздеген жылдар бойы қалыптасқан еуропалық стандартпен салыстырған дұрыс емес. Қарапайым материалдық жағдайдың өзін салыстыруға келмейді. Мысалы, Ливерпуль университетінде менің зерттеу бағытымдағы алдыңғы қатарлы журналдарға толық access (рұқсат) бар. Қуантарлығы, қазір біздің елде ғылымға ерекше назар аударылып жатыр. Десек те жақын арада шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Соның ең бастысы – материалдық жағдай. Мысалы, «Жас ғалым» гранты шеңберінде берілетін сома маған халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуға және жетекшіммен офлайн режімде жұмыс істеуге жеткіліксіз. Өткен жазда Дортмунд университетіндегі жетекшіммен 3 айдай офлайн жұмыс істедім, сол жұмыс сапардың тек бір айы ғана «Жас ғалым» шеңберінде, қалған екі айы Дортмунд университетінің қолдауымен өтті, – дейді кейіпкеріміз.
Жас ғалымның айтуынша, екінші мәселе – ғылыми журналдарға қолжетімділік. Мысалы, ол Е.Бөкетов университетінде оқуға болатын журналдарды қолдана алмайды. Өйткені бұл жоғары оқу орны оның зерттеуіне қажетті халықаралық базадағы ғылыми журналдарды оқуға рұқсат алмаған. Сол себепті Ливерпуль университетінің ресурстарын пайдаланады. Аталған шетелдік университеттен оған сол жақтың зерттеушісі ретінде «honorary association» мүмкіндігі берілген. Осы арқылы Ливерпуль университеті рұқсат алған материалдарды оқып, зерттеуінде қажетіне жаратады.
– Ғылымның дамуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір түйткіл – қағазбастылық. «Жас ғалым» грантына құжат тапсыру оңай болғанымен, грантты алғаннан кейін толтыруға міндеттейтін формалардың көп екенін көрдім. Соның көбінде бір мәліметті қайталап сұрай береді. Осыған қоса есептің түрлері тым көп. Оның бәрі кімге керек екенін түсінбеймін. Еліміздегі ғылым саласында қолайсыз жағдайдың бірі – докторанттардың ғылыми дәрежесін, яғни PhD қорғаудағы қиындығы. Елге келгеніме 1,5 жыл ғана болды. Осы уақытта біздегі докторанттарға ғылыми дәрежесін қорғау шетелдегі жағдайға қарағанда қиындау екенін түсіндім. Жақында бір қорғауға қатыстым, шетелде қорғап келген маған қиын секілді көрінді. Мысалы, Англияда жүйе басқаша. Өз университетімнен бір, сырттан өзге жоғары оқу орнынан бір профессорға диссертациямды 2 ай бұрын жібердім. Олар жіті танысып, қорғайтын күні менен майда-шүйдесіне дейін сұрап, жауап алды. Осылайша, екі адамның алдында ғана қорғап шықтым, – дейді Ұ.Молданазар.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, бізде докторанттар 4 тұрақты, 4 уақытша кеңес мүшесі мен 2 рецензенттің алдында қорғайды. Бұл диссертация қорғаушыны күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Үлкен аудиторияның алдында сөйлеп, әрқайсысының сұрағына жауап беріп, рецензия алып, қаншама қағаз өткізуі керек.
– Жас ғалымдарға қазір грант көп бөлініп жатқаны қуантады. Десе де мені ойландырған жайт – әйел ғалымдар мен зерттеушілердің қаласа да грантқа құжат тапсырудан тартынатынында. Мысалы, менің айналамда физика бағыты бойынша ғылыми зерттеу жүргізіп, грант байқауына қатысуды қалайтындар бар. Бірақ олар тапсыруға тиіс есептің, құжаттың көптігінен, талаптың қатаңдығынан бақ сынаудан саналы түрде бас тартып жатады. Айталық, «Жас ғалым» грантын жеңіп алғандарға әр жылда «Scopus» базасындағы ғылыми журналға 1 мақала шығаруды талап етеді. Мәселен, мен өз зерттеуіме көп уақыт бөлемін, таңғы сегізден кешкі жеті-сегізге дейін жұмыс істесем де 1 жылда мұндай нәтижеге жету қиын. Кейде «Scopus» базасындағы ғылыми журналға жолданған бір мақаланы тексеру, оқу, зерделеу, рецензенттердің талабымен қайта өңдеуге 6 ай, тіпті 1 жыл кетіп қалады. Сонда ғалым зерттеуді қашан жүргізеді? Мүмкін гуманитарлық ғылымда зерттеулерді анкета немесе басқа да әдістер арқылы жүргізіп, қысқа уақытта мақала тапсыруға болатын шығар, алайда эксперименттер, анализдер, реакциялар жүргізуді қажет ететін жаратылыстану ғылымдарында қиын. Ал сіз отбасындағы тұрмыстық шаруалардан, келіндік қызметтен, кішкентай сәбиінен қалған уақытты жұмсап, 1 жылда «Scopus»-қа мақала шығару қаншалықты қиын, тіпті мүмкін емес екенін ойлай беріңіз, – дейді ғалым.