Аймақтар • 01 Қараша, 2023

Жамбыл облысындағы тасжолда 20 тонналық газ тасымалдайтын көлік өртенді

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбылдық құтқарушылар облыстың Сарыкемер ауылы маңындағы тасжолда қайғылы оқиғаның алдын алды. Жанар-жағармай құю бекетінің жанындағы тасжол қиылысында салмағы 20 тонналық газ тасымалдағыш өртенді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысындағы тасжолда 20 тонналық газ тасымалдайтын көлік өртенді

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 31 қазан күні күндіз сағат 16:22-де Жедел басқару орталығына Сарыкемер кентіндегі жанар-жағармай құю бекетінің жанында 20 тонналық «КамАЗ» газ тасымалдағышы өртенгені жайлы хабар жеткен.

Байзақ ауданының орталығы саналатын Сарыкемер ауылы Тараз қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан.

«Оқиға орнына дереу жеке құрамнан 33 адам мен 9 техника жөнелтілді. Қазір өртті сөндіру бойынша барлық қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ. Өрттің себебі мен шығыны анықталып жатыр», деді ведомстводан.