Президент • 01 Қараша, 2023

Президент Франциямен өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент қазақ-француз бизнес форумы барысында Франциямен өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент Франциямен өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады

Ықпалдастықты дамытуда энергетика секторының әлеуеті зор. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Франция нарығына шикі мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттің бірі. Еліміз экспорт көлемін арттыруға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұнай және газ қорын геологиялық барлау, уран экспорты, жел, күн және гидроэнергетика салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

«Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызды құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар. Ауаға таралатын көміртегі шығарындыларын келешекте нөл деңгейіне жеткізу мақсатындағы мүддеміз сәйкес келеді. Франция сияқты, Қазақстан да өз аймағында бұл сала бойынша көшбасшы саналады. Жаңартылатын энергия көздеріне келер болсақ, жел, күн және гидроэнергетика бағыттарындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық көптеген ірі компания Қазақстанға келіп жатыр. Жалпы қуаты 1ГВт болатын жел станциясы паркін салу мақсатында француздық Total Energies компаниясының 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға ниет білдіруі – соның айқын дәлелі. «Жасыл» сутегі саласы да зор әлеуетке ие. Жоба табысты жүзеге асырылса, Қазақстан экспорттаушылардың ондығына кіре алады. Біз өмірлік маңызы бар өндіріс, технология және сараптамалық білім алмасу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз», деді Қазақстан Президенті.