Президент • 01 Қараша, 2023

Президент француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-француз бизнес форумы аясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырды

Кооперацияның тағы бір бағыты – аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және өңдеу

«Жаһандық технологиялық революция дамыған сайын, сирек кездесетін металдарға сұраныс геометриялық прогрессиямен өседі. Жалпы, 2040 жылға қарай ондай металдарға сұраныс төрт есе, соның ішінде литий элементіне қажеттілік 10 есе артады деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда жалпы құны 46 триллион долларға бағаланатын 5 мыңдай барланбаған кен орны бар. Осы ретте аталған саланы бірлесе игеру ісінде еліміз сенімді серіктес бола алады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасына қажетті 30 сирек кездесетін металдың 16-сын өндіреміз және Еуропа нарығының фосфорға деген қажеттілігінің 70 пайызын қамтамасыз етеміз. Еліміздің аумағында кен орындарының 9 түрі бар. Тиісті инвестиция табылса, оларды игеруге болады. Осыған орай француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырамыз», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық азық-түлік секторын ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты деп санайды.

Президент жаһандық азық-түлік тапшылығы жағдайында еліміз ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2 есе арттыруды көздеп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы мал шаруашылығы және егін шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.