Қоғам • 01 Қараша, 2023

Мектеп күзетшісі оқушыны зорламақ болған

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы мектептердің бірінде күзетші алтыншы сынып оқушысын зорламақ болған. Қарттың құшағынан құтылып шыққан қыз болған оқиғаны анасына айтқан, деп хабарлайды Egemen.kz Almaty.tv тілшісі.

Мектеп күзетшісі оқушыны зорламақ болған

Ата сақалы аузына түскенде арсыз қылық танытқан 63 жастағы азамат – мектепке күзетшісі. Жарты жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін теріс қылығы байқалмаған ол әрекетін толық мойындаған. Алдына келген алтыншы сынып оқушысын «өз немерем екен деп ойлап қалдым» деп түсіндірген.

 – Күзетші мас болған. Қызым үйге келгенде оқиғаның қалай болғанын түгел баяндап берді. Бетін сүйгізуден жиіркенетінін айтты. Мен баламның сол сәтте қашып шықпағанда, қандай жағдайға тап боларын ойлаудан қорқамын. Күзетші әрекеті үшін жазалансын, – деді жәбірленушінің анасы.

– Күзетте болған азаматтың туыстары оның маскүнемдіктен емделіп жүргенін айтты. Психотроптық заттарды да қолданады екен. Мұндай азамат қалай балалардың ортасында қызмет атқарды? Жұмыс кезінде де мас болуына неге жол берілген? Жауаптылар қайда қарап отыр? – деді ата-ана Людмила Ловенко.

 Мектеп әкімшілігі бұл азаматты күзет қызметіне компанияның өкілі ұсынғанын айтты. Демек оқу орнының басшылығы азғынның алкогольге құмарлығынан бейхабар болған. Жағдай болған күні-ақ мекемемен арадағы келісімшартты бұзған.

– Пән мұғаліміне, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар мен шауашылық бөлімінің басшысына сөгіс берілді, – деді № 160 ЖББ мектептің директоры Гүлшат Аминова.

Мектеп директоры азаматтың масаң күйде болғанын растайды. Оның айтуынша, оқушы күзетшіден мұғалім берген тапсырма қағазын алмақ болған. Оның өзінде де, үй жұмысы бұл қызға тиесілі емес. Ол тек оныншы сыныптағы құрбысының өтінішін орындаған.

 – Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Алатау аудандық Полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 124-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Күдікті ӘК-тің 444-бабының нормалары бойынша соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынды, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ата-аналар «ел алдында арсыздығын тыймаған азамат оңашада қандай әрекетке барады?» деп алаңдайды. Олар «оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маманның өзі балаларға осылай қауіп төндірсе, басқадан не қайыр?» деп кейіп отыр.

Айта кетейік, мектепте 1220 бала білім алады.