Серіктестік 2001 жылдан бері Сербия Республикасының «Земун Поле» жүгері институтымен бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде, еліміздің әр аймағына бейімделген жүгерінің элиталық тұқымдарын ғылыми тұрғыда зерттеп, өндіріске енгізген. Жобаның ғылыми жетекшісі, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Лазер Коич пен профессор Диляра Айғозина «дала аруы» атанған жүгерінің жаңа будандары мен майбұршақ сұрыптарын өндіруде ғылыми жетістіктерге қолжеткізумен қатар, осы кәсіпорынның көш басынан көрінуіне сүбелі еңбек сіңіріп келеді.
«Біз өндіріп отырған жүгері тұқымдары шетелдік өнімдерден аспаса, кем түспейді. Кең байтақ Қазақстанның климаттық жағдайына, топырақ құнарына қарай бейімделген сорттар өндірумен ерекшеленеміз. Осы күні жүгерінің 24 буданы шығарылып, оның 17-сі мемлекеттік тіркеуден өтсе, 7-еуі бақылауда. Біздің мақсатымыз – сан емес, сапаға жұмыс істеу», дейді «Будан» ЖШС-ның бас директоры Нұрлан Сақаулов.
Отандық жүгері тұқымын өсіруде алдыңғы орынға ие серіктестік басшысы болашаққа жасалған бағыт-бағдарлары турасында баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде ауылшаруашылық мамандары, соның ішінде селекционерлер тапшы. Ғылым мен өндірістің арақатынасын нығайтып, жас мамандардың ауылшаруашылық саласына келуіне қызығушылығын арттыру мақсатында кәсіпорын аумағынан оқу-өндірістік базасын салып, тәжірибе алмасушыларды жайлы жатақханамен қамтамасыз ету сынды ауқымды жоспарлар барын жария етті. Осы бағытта еліміздегі ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен меморандум жасаспақ ниетте. Сондай-ақ өнім көлемін ұлғайтумен қатар, жұмыс сапасын арттыру көзделіп отыр. Бұл мақсатта инновациялық жобалар жүзеге аса бастаған. Мысалға айтсақ, «Будан» ЖШС егіс алқаптарына ғарыштық мониторинг арқылы бақылау жұмыстарын жүргізуді жолға қойған. Ғарыш арқылы бөлімшелердегі жердің құнары мен күн сәулесінің түсуі, ылғалы, ауа райы болжамына дейін бақылап, соған қарай жер жырту, тұқым себу, күзгі ору жұмыстары атқарылатындығын атап айтты.
Өнімділігі жоғары будан түрлерін шығарып, шаруашылыққа тиімділікті арттыруды көздеген серіктестік селекционерлері бүгінде кеңінен танымал «Каз-3П-200», «Тұлпар-539», «Арман-689», «Скиф-619», «Марко-419», «Сұңқар-779», «Каз-ЛК-650», «Каз-ЛК-171», тіпті «Алтын-739» атты атауға ие будандарды өндіріске енгізіп, жүгері шаруашылықтарының дамуына ықпал етуде. Бұл будандарға еліміздің барлық аймақтарынан бөлек, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен сұраныс артқан. Жалпы, еліміздегі агросектордың дамуына соны серпін беріп, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сыртқа экспорттауға қолайлы жағдай жасау керектігін Президент биылғы Жолдауында атап айтқан болатын. Бұған дейін шетелдік тұқымға тәуелді болып келген еліміздегі жүгері өсіруші шаруашылықтар «Будан» ЖШС-ның бағасы арзан әрі климатқа бейімді тұқымдарына қол жеткізуде. Отандық селекция бағдарламасын ұтымды жүзеге асырған серіктестік өндірген тұқымдардың сатылуына мемлекеттен субсидиялар беріліп, арзандатылған минералды тыңайтқыштарға, зиянкестерге қарсы химикаттарға, жанар-жағармайға жеңілдіктер жасалуда, бұл өз кезегінде кәсіпорын жұмысының ілгерілеуіне оң әсерін тигізуде. Бұған қоса, лизинке жеңілдетілген ауылшаруашылық техникаларын алу мүмкіншіліктеріне ие екендігін де айрықша атады.
«Шаруашылық қарамағында 3 500 гектар жер бар болса, оның 2 500 гектары – суармалы жер. Биыл 2 403 гектар жер игерілді. Соның ішінде 1 016 гектарға тұқымдық жүгері, 263 гектарына жемдік жүгері егілген. Сонда жүгерінің өзі 1 279 гектар жерді алып жатыр. Сол сияқты шаруашылықта 221 гектарға тасбұршақ, 92 гектарға күздік бидай ектік. 700 гектар жерді парға қалдырып отырмыз. Жүгері – құнарлы мал азығы саналады. Сондықтан төрт түлікке беретін жемнің 60 пайызы жүгері ұнтағынан дайындалады.
Бүгінгі күнге Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарында 7 жүгері өсіретін бөлімше жұмыс істейді. Атап айтсақ, Жетіген-1, Жетіген-2, Нұра, Балтабай, Бәйдібек би, Тескенсу және Сарыбұлақ учаскелері. Олардың арақашықтығы 150 шақырымға дейінгі аралықты құрайды. Науқан кезінде барлығы 340 адам жұмыс істесе, жыл бойы тұрақты түрде 120 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлығы – 150 мың теңге шамасында. Көктемгі жер жыртып, тұқым себуден басталған жұмыс ала жаздай жалғасады. Суғарып, күтіп-баптаймыз. Қыркүйек айынан бастап әр тұқымның пісу кезеңіне сай ору жұмыстары жүргізіледі. Мысалға айтар болсақ, 110, 135 күнде пісетіндері болады. Жүгерінің пісуі мен ылғалдылығына қарай жеке-жеке жинаймыз. Күн сәулесінің тікелей түсуіне байланысты ерте, орта, кеш пісетін будандар бар», деген серіктестіктің атқарушы директоры Ермек Жапарұлы күзгі жиын-терін ысырапсыз атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Науқандық жұмыстың уақтылы аяқталуына техникалар да жеткілікті мөлшерде жұмылдырылған.
Жалпы, облыста жүгері алқабының үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артқан.
Алматы облысы