Кейінгі жылдары экспорты мен импортын арттыра бастаған көрші өзбек елі әлемде орын алған геосаяси жағдайға орай бұрынғы сауда-саттық бағдарларын өзгертіп, қазіргі күнде алыс-жақын шетелдермен сауда қатынасын арттыру мақсатында Қазақстанның Ақтау теңіз портын өтімді өткел ретінде пайдалануды көздеп отыр. Қазірдің өзінде көрші туысқан елдің сыртқы сауда айналымының дами бастағаны анық байқалады.
Нақты деректерге қарағанда, аталған порт арқылы өткен жылы өзбек еліне және кері қарай 657 жиырма футтық балама (ЖФБ) контейнерлік жүк жөнелтіліпті. Осы көрсеткіштің нәтижесі болар, таяуда Ақтау теңіз портының қызметімен танысуға Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев бастаған делегация келіп, қазақ-өзбек іскерлік ынтымақтастығы бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы пікір алмасты.
Делегацияға порттағы нысандарды аралатып көрсеткен «АТСП» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев, Ақтау порты инфрақұрылымының қазіргі мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. Сөйтіп, Өзбекстанның көлік-логистикалық секторы компанияларымен өзара іс-әрекеті жөнінде де баяндады. Екі тарапқа да тиімді болған басқосуда Өзбекстаннан жүк тасымалдау іс-шаралары қайта пысықталды. Нәтижесінде, ТХКБ транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланудың оңтайлы нұсқаларын әзірлеуді көздейтін бұрын жасалған өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде «Өзтемирйулконтейнер» компаниясымен өзара іс-қимыл талқыланды.
Сонымен қатар осыған дейін Ақтау портына Астанада өткен Қазақстан мен ҚХР шекаралық теміржолдары аралас комиссияларының 32-кеңесіне қатысу сапары аясында басқарма төрағасы Гао Цзиньян бастаған Үрімші теміржолының делегациясы келді. Көрші Қытай елі де Ақтау портының өндірістік қуатымен танысып, ТХКБ маршруты бойынша теңіз және теміржол көлігі арқылы өзара іс-қимылды тереңдетуге қызығушылық білдірген еді.
Теңіз портының жұмысы бұған дейін де бірқатар шетелдік делегацияның назарын аударды. Тамыз айында Қазақстан мен Корея арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығы Пусан (ВЕРА) қаласындағы экономиканы дамыту агенттігімен бірлесіп Оңтүстік Корея іскерлік делегациясының Маңғыстау облысына сапары ұйымдастырылды. Онда делегация Ақтау теңіз сауда портының өндірістік қызметімен толық танысып, көлік және логистика саласындағы мәселелерді талқылады.
Ал осы жылдың тамыз айында Ақтау портына USAID кеңесшілер тобының да сапары ұйымдастырылды. Орталық Азиядағы сауда бойынша USAID (TCA) бағдарламасының халықаралық және қазақстандық сарапшылары Ақтау портының өндірістік-техникалық мүмкіндіктері және оны одан әрі дамытудың стратегиялық жоспарларымен танысты. Ал жалпы, ТСА сарапшылары келуінің мақсаты ТХКБ өткізу қабілетін дамыту және арттыру бойынша Көлік министрлігімен бірлескен Жол картасын іске асыру мәселелерін талқылау болды.
Сондай-ақ Ақтау теңіз сауда портына Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Бородавкин және бүкіл әлем бойынша бірқатар ірі портты салу және пайдалану есебінде тұрған ірі құрылыс және инвестициялық компания – қытайлық China Harbor Engineering Company Limited (CHECK) өкілдері де келіп кеткен еді. Кездесулер барысында «АТСП» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Түрікпенбаев теңіз портының инфрақұрылымдық объектілерімен және өндірістік үдерістерімен, сондай-ақ Ақтау портының өткізу қабілетін жылына 22,8 млн тоннаға дейін, оның ішінде 300 мың ЖФЭ контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін даму жобаларының жай-күйін таныстырып, айтып берген.