Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сарапшылар ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен тартыс болғанын, «алтын», «ақша», «таньга» (тенга) нұсқалары ұсынылғанын айтады. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге» немесе «танга» деген тарихи атауы болған. Тіпті сом деп атау да ұсынылыпты. Себебі КСРО банкноттарында рубль қазақ тіліне аударылғанда осылай аталған. 1993 жылы Қырғыз Республикасы қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ресми түрде бұл терминді академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады. Ұлттық валютаның өз символы бар (₸). Бұл белгі теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда «теңге» сөзі басталатын «т» дыбысын, сондай-ақ «тәңірі» дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетін, даму динамикасын және ел экономикасының өсуін білдіреді.
Қазақ тарихындағы теңгенің орны...
30 жыл бұрын қазақтың ұлттық валютасы теңге айналымға шыққанда көңіліміз Алатаудың төріне барып қонғандай күйді кешкенімізді әлі күнге дейін ұмытқан жоқпыз. Сырт сипаты әлемдегі барлық валюталардан дараланып тұратын, көзімізді ашып көрген төл ақшамыздың атауы да тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне жақын еді. Тарихқа үңілсек, теңге – ежелгі түркі қағанатының қағаз ақшасы, түркі заманында оның номинальды құны 1 ақ тиін терісіне тең болған. Нақтыласақ, тиын кейінірек жасалды. Сом – құйма күміс, ХIV ғасырдан бастап ірі ақша орнына жүрген.
Сауда айырбас құралдары теңге деген атаумен орта ғасырларда Азияның көп елдерінде, орыс князьдіктерінде айналымда болған. 704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мемлекетінің қуаттылығын білдіретіні, 1260-1280 жылдар аралығында Орталық Азияның 16-дай шаһарында монета соғатын ақша сарайлары жұмыс істегені жазбаларда айтылады. Олардың қатарында Тараз, Кенже, Жент теңге сарайлары ерекшеленгені де тарих беттерінде қатталып қалған.
– Еліміздің КСРО-дағы ортақ айналым рубль зонасынан кеш шыққанын ешкімнен жасыра алмаймыз. Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров бізбен әңгімесінде 1985 жылдан бастап бұрынғы кеңес одағында тоқырау басталғанын, мұнайдың халықаралық нарықтағы құны 10 долларға дейін түсіп, елдің экономикалық жағдайы күрт төмендеп кеткенін еске түсірді. «1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті Беловежьеде қол қойған келісіммен қызыл одақ құлады, бұрынғы кеңестік кеңістікте жаңа дәуір басталды. Алайда құрсауы мықты, ешкімді де аясынан шығармайтындай көрінген Кеңес өкіметінің басынан бақ тайса да Мәскеуге жалтақтап, қала бердік», – дейді Ғалым аға.
Ресей президенті Борис Ельцин болса, сол кезде Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистерге үміт артты. Бағаны еркіне жібере салған саясатынан инфляция күрт өсіп, 1991-1993 жылдары 5 573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. 1993 жылы шілдеде Мәскеуде тағы бір кездесу болды. Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров Ресей бізбен әңгімесінде рубль аймағының өмір сүруін тоқтататынын, ал Қазақстан жаңа рубль аймағына кірмейтінін ашық айтқанын, оған тек Тәжікстан ғана өзінің валюталық жүйесін құра алмаған ел ретінде қабылданады деген шешім шығарылғанын еске түсірді. «Қазақстан Үкіметі рубль аймағына кіру идеясынан бас тартпай, осы бағыттағы жұмысын жалғастырды, бірақ Мәскеудің бұл үшін қойған шарттары біз үшін іс жүзінде қолайсыз болды. «Қазақстан жаңа рубль аймағына кіру үшін кем дегенде 700 миллион доллар көлемінде жинақталған алтын-валюта қорын Ресейге толығымен беріп, бюджет тапшылығының деңгейін келісіп, ақша-несие саясатына толық бағынуы керек болды. Ресей Федерациясының Орталық банкі қарапайым рубльге негізделген. Қазақстан үшін бұл экономикалық егемендіктен толықтай дерлік бас тартуды білдіреді», дейді Ғ.Байназаров.
Теңге дизайнының авторларының бірі – марқұм Тимур Сүлейменов осыдан бірер жыл бұрын кездескенімізде Одақ ыдыраған кезде елдің алтын-валюталық резервінде әрқайсысы 16 кило болатын екі құйма алтын болғанын айтып берген болатын. Теңгенің бас-аяғы түгелденіп, айналымға шыққан кезде қазақ зиялылары тарапынан оның атауы туралы ұсыныстар көп айтылғанын Тимур ағадан естіген едік. Бірі – алтын деп атаса, бірі – кәпек деуді жөн көріпті. Ділда деп аталсын деген ұсыныстар да көп болған. Айналым құралдарының тарихын қанша ақтарсақ та – алтынның аты алтын, нақты ұғым. Тілла немесе ділда деген атауға ие болған айналым құралдары Хиуа, Бұхар әмірліктері тарихында жиі айтылса біздің тарихымызбен түйіскен жерін таппадық. «Кәпек» деген ұғымның қазір қолданыстан шығып қалған ескі сөздердің қатарында екені белгілі. Белгілі түрколог-ғалым Немат Келімбетовтің жазбаларында қасқырдың ұрғашысының терісі кәпек деп аталатыны, оның орта ғасырларда айырбас құралы міндетін атқарғаны айтылған. Түбін қуып кетсек, КСРО жүйесі кезінде қолданыста болған «копеек» деген сөзінің түп-төркіні ұрғашы қасқырдың терісінен шыққан.
«Теңге деген атаумен қоғамның оң жамбасына дөп келген ұсыныстың авторы – қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов еді» деген пікір бар ел арасында. Олар бұған дәйек ретінде 1993 жылдың қыркүйек айында Олжас Сүлейменов Ұлттық банкке келіп, жұмыс тобына «қарап жүрмегендеріңізді, бірдеңе ойластырып жатқандарыңызды білемін. Ұлттық валютаға сұранып тұрған «теңге» атауы ғой» деген ұсыныс білдірген» деген деректі алға тартады. Мұндай ұсынысты жұмыс тобына қарата – ашықтан-ашық айту тек Олжастың қолынан келетіні белгілі. 1992 жылдың ақпан айында ұлттық валюта дайындау туралы Мемлекет басшысының аты құпия, бірақ реттік нөмірі белгілі шешімі Олжас ақынның Алматыдағы саяжайында орындалды, жүзеге асты. Олжас Сүлейменовпен осы мәселенің анық-қанығын білмек болып хабарласып, төменгі жайттарды білдік. «Бәрі кешегідей көз алдымда. Ұлттық валютаның беталысы белгілі бола бастаған күннен бастап қолым қалт еткен кезде ежелгі түркітектес халықтардың айналым құралы туралы деректерді парақтап шықтым. Соның ішінде теңге сөзі көңіліме қона берді. Бұл кезде Орталық Азиядағы бізден өзге төрт мемлекет ұлттық валюталарын айналымға шығарып үлгерген. Олардың қалай аталатынын білесіз. Кейін ұлттық валютамызда дайындаумен айналысып жатқан жұмыс тобына кездесіп, ұсынысымды айттым. Кейін белгілі болғанындай, жұмыс тобы да теңге деген атауға тоқтапты, бұл атау сол кездегі Президенттің де көңілінен шыққан. Мен сол сәтте өз ұсынысымның жұмыс тобынікімен дөп келгеніне шын қуандым. Бұл мен үшін шынымен де тағдырлы тарихи сәт еді», дейді Олжас ақын.
Теңге атауы – төл дүние екенін ешкім жоққа шығара алмас. «Сом», «алтын» дегендердің де уәждері тыңдалды. Соңында айналамыздағы жақын көршілеріміздің сом, сум, манат деп айдарланған Ұлттық валюталарының ұлы көшіне түркі дүниесіне жат емес теңгеміз – ұлттық валютамыз қосылды.
1990 жылдары елде ағартушылық-демократиялық бағыттағы саясаткердің көш басында жүрген қоғам қайраткері Дос Көшім ең алдымен ұлттық валютамыздың кеш те болса қатарға қосылғанына қуанғанын айтады. Осыған дейін сум атауымен – өзбек, сом атауымен қырғыз және манат атауымен түрікмен ақшасы айналымға шыққанын еске түсірген саясаттанушы сол кезде теңге атауы сом мен сумға қарағанда ерекшеленгенін еске түсірді. «Естеріңізде болса, КСРО рублінде одаққа мүше 15 елдің ұлттық валютасының атауы жазылып тұратын. Тіпті сол рубльде түрікмен валютасы манат деп көрсетілген. Ал бізге келгенде валютамыздың атауы сомға тіркесіп тұратын. Демек орта ғасырларда құйма күміс ретінде айырбас құралы болған сом да бізге бөтен емес. Біз сол кезде валютамызды, тіпті ділда деп атасақ та, соған бауыр басып кететін едік. Бірақ теңге деген атау қоғамның қолайына жақты. Бұл – ежелгі түркі жұртына ортақ түсінік. Енді теңгеміздің де сол деңгейге көтерілуін тілейік», деп сөзін түйіндеді Дос Көшім.
АЛМАТЫ