Экономика • 02 Қараша, 2023

Ел экономикасын жарылқайтын банк

193 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан екі ай бұрын Ұлттық банк мөлшерлемені 25 базалық тармаққа төмендету туралы шешім қабылдап, +/–1% дәлізімен 16,5% деңгейінде қалыптастырған-ды. Мамандар бұған инфляцияны тежеу үшін жоғары базалық мөлшерлеме теориялық тұрғыдан қажет, өйткені несиелер қымбаттап, ал депозиттер тиімдірек болуға тиіс деген еді. Нәтижесінде, базалық мөлшерлеменің біртіндеп баяулауы тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты шектетіп, баға деңгейінің төмендеуіне әкелді. Сол айда Ұлттық банктің кредиттік портфелі 25,4 триллион теңгеге қалыптасып, алдыңғы айлармен салыстырғанда 2,3%-ға артық көрсеткіш көрсетті.

Ел экономикасын жарылқайтын банк

Бұл ретте Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Тоқтасын Бақберген: «Қалыпты экономика үшін ел ішіндегі қаржылық операциялардың негізгі үлесі ұлттық валютада жүргізілуі аса маңызды, өйткені бұл халықтың өз валютасына деген сенімін білдіріп, қар­жылық тұрақтылығына оң әсер етер еді. Қазіргі таңда банк портфелі құры­лы­мында ұлттық валютада берілген несиелер басым. Мәселен, олардың үлесі былтыр жыл басында 90% болса, биылғы жылдың соңғы сегіз айында 93%-ке дейін өсті. Бұл ел экономикасының дамып келе жатқанын және кәсіпорындар мен халықтың өз шығындары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін пайдалана алатын қаржылық ресурстарға қол жеткізгенін көрсетеді», дейді.

Ол сонымен қатар банктер үшін ұзақ­мер­зімді несиелендірудің маңызды рөл атқарып отырғандығын, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) портфелінің 80%-дан астамы ұзақмерзімді қарыздар санатына жатқызып, алынған қарыздардың артуы жылжымайтын мүлікке сұраныстың жоғарлауы мен кәсіпорындардың ке­ңеюі­не және елдегі инфрақұрылымның жақ­саруымен байланыстырады. Ха­лық­қа берілген қарыздардың үлесі 50%-ды құрауы, оның өсім үрдісі мен ұзақ­мер­зімді перспективада бірден теріс әсер етуі мүмкіндігін де айтып өтті. Осы­ған дейін де тұтынушылық қа­рыз­дар­дың жоғарлауы өндірістік қуат­тағы ин­вес­тицияның азаю қаупі бар екендігі ескертілген болатын.

Сонымен биылдың өзінде тұтыну­шы­лық қарыздар үлесі ұлғайып, жеке тұл­ғаларға берілген қарыздың жалпы са­нынан 2/3 құраған. Екінші деңгейлі банк­тердегі несие портфелінің құры­лы­­мындағы шағын және орта бизнеске кір­мей­тін заңды тұлғалар қарыздарының үлесі соңғы бір жарым жылда 20% болды.

«Бұл портфель дефолтының ықтимал­ды­ғы жоғары тәуекелдерді тудырып отыр. Өйткені экзогендік немесе эн­до­ген­дік шокты жүзеге асырған жағдайда халықтың табысына әсер етіп, шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегуі мүмкін, ал бұл бүкіл банк секторы үшін қаржылық тұрақтылық айтарлықтай нашарлауы ықти­мал», дейді сарапшы.

Қарыз портфелі ұсынған несиелердің 90%-дан астамы мерзімінде өтелсе, алайда төлем уақыты өткен берешегі бар қарыз­дар­дың жалпы үлесі 10%-дан аспай тұр. Берешегі 90 күннен асатын қарыздар жыл басынан бері өсім үстінде екендігін айтуға болады. Осылайша, былтыр жыл басында олардың үлесі – 3,3%, биыл алты айдың қорытындысы бойынша 3,5%-ды құраған.

«№9 Халықаралық қаржы есебінің стан­дартына сәйкес, ЕДБ осы несие­лерді 3-санатта тануы және осы қарыз­дарды іс жүзінде толығымен жабатын провизия­лар құруға тиіс. Мұндағы мәселе ЕДБ үшін қосарланған жүктемені білдіреді», деп отыр Т. Бақберген.

Соңғы уақытта кәсіпкерлікті қар­жы­лық қолдауға бағытталған еліміздегі ЕДБ мен Қазақстанның Даму банкіне енген банк секторларының экономикаға беріл­ген несиесі биыл тамызда 11,7 трлн теңгеден асып, былтыр осы кезе­ңімен салыстырғанда 8,4% артық бол­ған.

Назар аударарлығы, несие көлемінің ең жоғары өсімі шағын бизнесті несие­лен­діру сегментінде несие беру бір жылда 23,7% өсіп, 5,2 трлн теңге­ге жеткен. Бұл бизнес­ке берілген барлық несиелердің 44,2%-ы және ел экономикасының түгелге жуық салалары бойынша несиелендірудің 20%-ын құрапты.Сонымен қатар бір жыл ішінде тағы 4,8 трлн теңге ірі бизнеске, ал 1,8 трлн теңге орта бизнеске берілген. Осыған қарағанда республикада кәсіпкерлікті, әсіресе шағын компанияларды несиелендіру тұрақты өсіп келеді деуге болады. ЕДБ-ның несиелендіру көлемі бір жылда 13,1% көбейіп, 9,92 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несиелер 8,62 трлн теңге (бір жылда 7,9% көбейген), ал жеке кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсаттағы несиелер 1,3 трлн теңге (65,7% көбейген) болды. Осыған қарап банктер тек ірі кәсіпорындарды ғана емес, шағын кәсіпкерлікті де несиелендіруге дайын екендігін білдіреді.

Мамандар шағын бизнестің дағдарыс кезінде қауқарсыздық танытуы, әлем бо­йынша алғашқы орында екендігін, эко­номикалық тұрғыдан алғанда ең та­быс­ты елдер шағын және орта кәсіп­керлік сегментіне ерекше арқа тұтып отырғандығын айтады. Осылайша, ЕО сарапшылары шағын бизнестің тұ­рақ­ты және цифрлық экономикаға көшуде шешуші рөл атқарып, бәсекеге қабі­лет­тілік пен өнеркәсіптік экожүйенің дамуына ықпалы, экономикалық және тех­нологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін­дігіне тоқ­талған. ШОБ пен жеке кәсіпкерлер сыртқы экономикалық дағ­да­рысқа төтеп бе­руге үлес қосып, ре­сурс­­тарды тиімді пай­далануда әлеу­мет­тік бірлікте әрі ин­новациялық шешімдерді таратуда маңызы жоғары.

Шағын және орта кәсіпорындар ЕО барлық компаниялардың 99%-ын құра­са, биыл қыркүйек айында Қазақ­станда 2,33 млн заңды тұлға, шетел­дік заңды тұлғалардың филиалдары мен еншілес ұйымдары, жеке кәсіпкерлері тіркелген. Оның ішінде ШОБ субъектілері – 95,7% немесе 2,23 млн, белсенді заңды тұлғалар, филиалдар мен жеке кәсіпкерлер – 2,11 млн, арасында 2,03 млн, немесе 96,2%-ы ШОБ субъектілері бар. Ал жұмыс істеп тұрған орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір жылда – 4,2%, 2,8 мыңға, шағын кәсіпорындар – 9,7%, 353 мыңға, жеке кәсіпкерлер – 29,9%, 1,42 млн-ға, шаруа қожалықтары және фермерлік қожалықтар – 12,5%, 254,6 мыңға өскен. Мәселен, 2011 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіштердің корреляциялық коэф­фициенті – небәрі 61,6% , 2019 жыл­дан 2023 жылға дейін корреляция коэффициенті бір­ден 99,5%-ға жеткен. Жалпы жеке қар­жы институттарының микро және шағын бизнесті қолдауға арналған өз бағдарламалары бар. Мысалы, Bereke Bank жаңа клиенттерге арналған алдағы 3 айға банктік қызмет пакеттерін тегін қосуды қарастырған. Барлық пакеттерге шотты ашу және қызмет көрсету, Online Bank-ке қосылу, банк клиентіне шектеусіз төлемдер, еліміздегі өзге банк­­­терге тегін төлемдердің белгілі бір саны, толтыру, касса және банкоматтар арқылы шоттан ақша алу, корпоративтік карта, сертификаттар, шот бойынша үзінді көшірмелер мен басқа қызметтер қамтылған. Сонымен қатар түріне қарай ұсынылған пакеттерде көптеген қосымша міндет те бар. Валюталық аударымдар мен банктік кепілдіктерден бастап айырбастау операциялары, валюталық бақылауға дейін енгізілген. Акция аясында кәсіпкерлер 5 мыңнан 26 мың теңгеге дейін, B-Start пакетінде 5 399 теңге, B-Activ пакетінде 12 999 теңге және B-Activ pro пакетінде
26 999 теңге үнемдеуге болады. Акция бо­йынша үш тегін айды пайдаланғаннан кейін клиенттер пакетті барынша қолжетімді бағаға сатып ала алады. Bereke Bank-тің бастапқы пакеті шеңберіндегі қызмет көрсету құны ай сайын 2 мың теңгеге шамасында көрінеді.

Осыған қарағанда еліміздегі ЕДБ, даму институттары мен мемлекет тарапына көрсетілген қолдаулар іске асы­ры­лып жатқанға ұқсайды. Шағын кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 7,1 трлн теңгені құраса, бұл қазірдің өзінде ІЖӨ-нің 30%-ы деуге болады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шағын кәсіпорындардың ЖҚҚ-сы 29,3 трлн теңгеге немесе еліміздегі ІЖӨ-нің 28,2%-на жеткен.

Қалай десек те коронадағдарыстан кейінгі кезеңде еліміздегі шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерлердің табысты жұмыс істеуіне екінші деңгейлі банктер экономиканы несиелендіріп отырғандығын айтып өткен жөн.