Фото: aikyn.kz
Бюроның ресми сайтындағы Ұлттық санақтар бөлімінде жарияланған Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діні және тілдерді меңгеруі бойынша екінші тақырыптық жинақта құнды деректер берілген. Қазақстанда қазақ халқының өсу қарқыны 2009-2021 жылдар аралығында 33,7%-ға көбейген. Елімізде 2009 жылғы санақ қорытындысында 1 жасқа дейінгі ұлты қазақ балаларының саны 254 420 болса, 2021 жылы 349 837-ге жеткен. 2009 жылғы халық санағында 1-4 жас аралығында бала саны 827 670 болған, 2021 жылғы көрсеткіш – 1 241 160 бала. 12 жылдың ішінде 5-9 жас арасындағы жеткіншектердің де қатары көбейген. 2009 жылы өткізілген халық санағында ел тұрғындарының ішіндегі 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың саны 816 641 деп көрсетілген. 2021 жылы бұл жас аралығындағылардың қатары артып 1 506 964 адамға жетті. 10-14 жас аралығындағы жасөспірімдерде де өсу динамикасы байқалады. 2009 жылға дейін осы жас аралығындағы балалардың саны 877 614-ке жетсе, 2021 жылғы санақта 1 399 146 адамға артты. Тек 15-19 жас аралығындағы жасөспірім, жастардың ғана көрсеткіші төмендеген. 2009 жылы 19 жастан асқақандар мен 19 жасқа дейінгі жастардың қатары 1 100 323 адамға жетсе, 2021 жылы 958 340-қа төмендеген.