Қоғам • 02 Қараша, 2023

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада орын алған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің  балаларына жәрдемақы мен төлемдер тағайындады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды

Қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға Республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

«Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды», деп хабарлады министрлік. 

Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем беріледі.

«Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін естеріңізге саламыз», делінген хабарламада. 

Айта кету керек, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, МӘСҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бақылауында болады.