Аймақтар • 02 Қараша, 2023

«Жасыл белдеу» 30 мың гектарға жетеді

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы болып саналады. Облыс бойынша зиянды заттар шығарындыларының нақты көлемі биылғы 9 айда 14,3 мың тоннаны құрады. Экологиялық проблемаларды шешу бойынша «Жол картасына» енген 21 іс-шараның 9-ы орындалған. Рұқсат етілмеген полигондардың өсуі, қатты тұрмыстық қалдық полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі – өңірде өзекті мәселе. Космомониторинг аясында биыл өңірде 414 полигон анықталып, оның 87%-ы жойылды.

«Жасыл белдеу» 30 мың гектарға жетеді

Бұл деректер облысқа жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың тұрғындармен кездесуінде айтылды. Ордабасы ауданындағы кірпіш зауыттарының қызметін тексеру туралы жергілікті тұрғындардың шағымдары бойынша 14 тексеру жүргізіліп, 18 экологиялық бұзушылық анықталған. Тиісті ұйғарымдар беріліп, 3,4 млн теңгеден аса сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды. Кірпіш зауыттарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру мәселесін қарастыру ұсынылды.

Өңірде балық саласын дамытудың айтарлықтай әлеуеті бар. Мәселен, биыл өңір бойынша 6,6 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған, жыл басынан бері 3,7 мың тонна балық өсірілді, тұқы мен форель өсіру бойынша 3 торлы және 16 тоған балық өсіру шаруашылығы құрылды. Жалпы, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдынының 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 126 кәсіпкерлік субъектісі айналысып жатыр. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 2 473 тон­на балық өнімдері өңделіп, 1 935 тоннасы шет елдерге экспортталды. Акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлі­ніп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұған қоса инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн теңге қарастырылып, 68,3 млн теңгесі игерілген.

Сапар барысында министр Ерлан Нысанбаев облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевпен бірге Шардара ауданында болды. Аудан балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы екені белгілі. Бүгінде ауданда қуаттылығы жылына 8 700 тоннадан аса балық өнімін өндіруге қауқарлы 5 балық өңдеу зауыты бар. Алдымен мұздатылған балық, филе өнімдерін өндіретін «ЖК Жалғасбаев» балық өңдеу зауытына барған министр шаруа қожалығы жұмысымен танысты. Кәсіпкер алдағы уақытта ысталған және кептірілген балық түрлерін қосуды жоспарлап отыр. Өнімнің 90%-ы шетелдерге экспортталып жатыр. Қуаты жылына 1 мың тонна құрайтын зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл 9 айда өндірілген өнім көлемі – 500 тонна. «Даму аймақ» бағдарламасы аясында құрал-жабдықтар сатып алынған. Сондай-ақ министр аудандағы «Хамит» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын ваккумды, кептірілген, ысталған және тұздалған балық пен филе өнімдерінен жылына 6 мың тонна өнім өндіреді. Өндіріс орнында 250 адам жұмыс істейді. Шығарылатын өнім экспортқа Еуропа елдеріне бағытталған. Ал Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығында жайын, тұқы тұқымдас балық өндіріледі. Өнімнің 50 пайызы шетелдерге экспортталуда. Сондай-ақ министр жылына 350 тонна тұқы, бекіре тұқымдас балық өсірілетін «VITA» ЖШС-ның шаруашылығында болып, торлы шарбақта балық өсіру жұмысымен танысты.

Осыдан 29 жыл бұрын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінде көлемі 88 гектар «Ботаникалық бақ» құрылған еді. Бота­ни­калық баққа елімізден және жақын шет елден 59 туыс, 28 тұқымдас, 127 түрге жататын деко­ративті, жеміс-жидек, ағаш бұталы және гүлді өсімдіктер интродукцияланып, өңірдің қатал кли­маттық жағда­йы­­на бейімделген коллекциясы құрылған. Бақта ағаш және бұта өсімдіктерін өсі­рудің заманауи тех­нологияларын меңгерген ма­мандар жұмыс істей­ді. Министр жауапты маман­дарға ботаникалық бақ­қа ерекше көңіл бө­ліп, өсімдіктерге айрықша кү­тім жасау қажет­тігін айтты. Қала аумағындағы ­«Жа­сыл бел­деу» жұмысын аралап, атқарылып жат­қан жұ­мыс­тармен танысқан министр қуаңшы­лық жағ­дайына бейімделген жергілікті ағаш­тар­­­ды егу қа­жеттігін тілге тиек етті. Түркістанда 2019-2022 жыл­­дары қала айналасынан 7 700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгін­гі таң­да бұл жұмыстар 15 мың гектарға орындалды. Оның ішінде 8 мың гектарға жапырақты ағаш, ­7 мың гектарға сексеуіл егілген. Алдағы уақыт­та «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Эко­ло­гия және табиғи ресурстар министрі өңір тұрғын­­дарымен кездесу өткізіп, министрліктің қыз­меті саласындағы жергілікті тұрғындарды толғандыратын көптеген сұраққа жауап берді.

 

Түркістан облысы