Суреттерді түсірген – Руслан Қадыров
Көпке мәлім, Білім беруді тұрақты дамыту қоры былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қорымен және Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған. Бүгінде өңірде осы жобаға 4 мектеп кіріп отыр. Оның бірі – Қоғалы орта мектебі. Аталған қор мектепті дамытуға жоба аясында 250 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражатқа 36 сынып қайта жабдықталды.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, берекелі бастама аясында Қарғалы орта мектебінің сыныптарындағы жиһаз жаңартылып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетілді. Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар орнатылды. STEM зертханасы мен роботтехника кабинеті сынақтарға керекті шағын гидропоника зертханасымен, виртуалды шындық кабинеттерімен және басқа да түрлі құралмен, материалдармен жабдықталған. Информатика кабинеті заманауи технологияларға сәйкес толығымен жаңартылып, компьютерлік техникалар қойылған.
Қор өкілдері мен демеушілер мектептің жаңартылу жағдайымен танысты. Атап айтқанда, мектепке «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің басшысы Күләш Шәмшидинова, сондай-ақ жоба демеушілері «Aitas.kz» холдингінің өкілдері келді.
Б.Жәмішевтің айтуынша, жоба ауылдағы білім деңгейін арттыруға бағытталған: «Заңда «тірек мектеп» ұғымы бар, бірақ заң мұндай мектептің немен айналысуы керектігін нақтыламайды. Біздіңше, бұл мектептерді заманауи жабдықтармен жарақтандырумен шектелмеуі керек. Мұндай мектептер жақын маңдағы мектептер үшін құзыреттілік орталығына айналуға тиіс. Мен бұл мектепте жаңа химия кабинеті қанша сағат жұмыс істейтінін сұрап білдім, яғни аптасына ең көп дегенде 8-10 сағат қана жұмыс істейді. Қалған уақытта бос тұрмауы үшін көрші мектептерден де осында оқушыларды тарту керек. Олар теорияны өздерінен үйренсін, ал практикалық, зертханалық сабақтарға осындай тірек мектептерге келсін. Оған қоса онлайн сабақтар да өткізу керек. Онлайн формат – тек індет кезінде керек формат емес, сонымен қатар оқушы үшін де, мұғалім үшін де сабақтардың күнделікті форматына айналуға тиіс. Біздің жоспарларымызды жүзеге асыруға осы тұрғыда жинақталған оң тәжірибесі бар Назарбаев зияткерлік мектептері көмектеседі», деді Б.Жәмішов.
Тұрақты білім беруді дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, қор 2019 жылдан бастап қалалық және ауылдық мектептердің білім сапасы арасындағы алшақтықты қысқартуға өз үлесін қосып келеді. Жаңа форматта бұл жоба өткен жылдан бастап іске қосылды.
«Біз тірек мектептерді үш бағытта дамытамыз. Біріншісі – мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу. Бұл бағытты Назарбаев зияткерлік мектептері қадағалайды. Екінші бағыт – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Үшіншісі – мектептерді әдістемелік жағынан сүйемелдеу. Тірек мектеп өзге мектептер үшін тартылыс орталығына айналады. Олар білім беру, әдістемелік және басқа да міндеттерді бірлесіп атқаратын біртұтас кешен ретінде жұмыс істейді», дейді Данияр Тоқтарбаев.
Айта кетейік, бүгінде елімізде осындай 80 мектеп бар, тағы 110 білім ошағын ашып, жарақтандыру жоспарланып отыр. Бүгінде Жетісу облысында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына 2022-2023 жылдары 4 мектеп тартылды, олардың әрқайсысын қайта жабдықтауға 250 млн теңгеден бөлінді. Бұлар – Ақсу ауданындағы Е.Сиқымова атындағы орта мектеп, Ескелді ауданындағы К.Шестаков атындағы орта мектеп, Сарқан ауданындағы Абай атындағы гимназия мектебі және Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, балаларды бағдарламалауға, роботтехникаға, құрастыруға үйрету мүмкіндіктерін арттыру, оларға инженерлік дағдылар бағытында қолжетімді сапалы білім беру үшін «Қазақстан халқына» қорының, Инженерлік білім беруді дамыту» қорының және «Арман Инжиниринг» компаниясының қолдауымен «Болашақ инженер-1» жобасы іске асырылды. Соның шеңберінде Алакөл, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында тағы 7 мектеп роботтехника жиынтығымен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін «Болашақ инженер-2» жобасының аясында Текелі қаласындағы тағы бір роботтехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр. Облыс көлемінде жалпы сомасы 71 млн теңгеден астам инвестиция тартылатын болады.
Жетісу облысы