Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сарыөзек – Кербұлақ ауданының орталығы. Бір қызығы, елді мекенде су қоры жеткілікті болса да, халыққа толық жетпей қалады. Себебі сол, тозығы жеткен су құбырлары қайта-қайта жарылып, су қысымы азайып кетеді. Соның салдарынан жоғары қабаттағы тұрғындарға су жетпейді. Олар амалсыз төменгі қабаттағы көршілерінен су тасуға мәжбүр. Мәселен, өңірде 358 елді мекен бар десек, оның 323-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалғаны тіршілік көзін өзге жерден алса, кейбірі су қоймаларынан жеткізеді. Ал Сарыөзектің жөні бөлек. Оны бөлек дейтін себебіміз, жыл сайын осы мәселе көтеріліп, шешу үшін қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ іске келгенде әйтеуір бір шикіліктің шеті шығады.
Жалпы, Жетісу жері нулы да сулы өңір дегенімізбен, кейбір елді мекенде ауыз су мәселесі толық шешімін таппаған. Бір Текелінің өзі 30 жылдан бері лай су ішіп отыр. Сол қатарда сарыөзектіктер де бар. Осы жылдың басында күннің суығында су жүйесі істен шығып, халық әбігерге түскен еді. Жиі-жиі су тоқтап, тұрғындар ішерге су таппай әлекке түскен. Мердігер компаниялардың салғырттығының салдарынан су құбырлары жарылып, тіпті әкімдік тарапы сотқа жүгінген еді.
«Сарыөзек қалашық болып қалыптасып келе жатыр ғой. Қазір жаңа Сарыөзек, ескі Сарыөзек деп екіге бөлінетін болған. Жаңасын қайдам, ескісін айтқанда елдің назы ауыз суға тиеді. Бұрынғы әкімдік те үйіп-төгіп уәде еткен ауыз судан таршылық көрмейміз деп, оған облыс тарапынан да қыруар қаржы бөлінген. Әйткенмен мердігерлер қулыққа барып, құбыр жарылып, суды кісіден сұрап ішкен кездеріміз болды. Әлі де солай. Биыл қайта жұмыс басталды, маңайдағы ауылдарға да тартылып жатыр. Енді қалай болар екен, көрейік», дейді ауыл тұрғыны Айдар Әпсамат.
Біздің бір байқағанымыз, халық әкімдікке сенбейді. Бұл жерде тек мердігердің жауапсыздығы ғана емес, жеке тұлғалардың, соған жауапты сала мамандарының немқұрайды әрекеті жатқандай. Мәселен, 2008 жылы аудан орталығында «Жаңа тұрмыс» шағын ауданы тұрғызылғанда төселген су жүйесінің пластик құбырлары мүлде сапасыз болып шыққан. Ол ол ма, 2012 жылы жарылған құбырлар қайта жөнделгенімен, әкімдік істі толық шешіп бере алмаған. Жыл сайын жұрттың мазасын алып келе жатқан су желілері қырық-жамау.
«Жылда жарылып, істен шығатын пластик құбырлардың сапасын білу үшін арнайы «Талдықорған су құбыры» мекемесінің зертханасына апарып, тексеру жұмыстарын жүргіздік. Сондағы мамандар су құбырының стандартқа сай емес екенін, сапасы өте төмендігін анықтап, бәрін нақты көрсетті. Оларды алмастыру оңай шаруа емес, сапасы жоғары құбырлар өте қымбат тұрады. Сондықтан осыны жамап-жасқап қайта су жібереді. Кейде ауылдағы үйлердің барлығына су жеткізу мақсатында қысымды сәл арттырсақ, құбырлар жарыла бастайды. Қысымды азайтуға тағы келмейді. Былтыр ауыл сыртынан сыйымдылығы 1 мың текшеметрлік су жинақтағышты іске қосқанбыз, соның қысымына шыдас бермеді. Реттеуге, қысымды төмендетуге тырысқанымызбен, оның да өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Күндіз-түні осы жұмыстың басы-қасында жүреміз», дейді салаға жауапты маман Ермек Арынұлы.
Оның айтуынша, құбырлардың бірін жамаса, екіншісі атылады. Оның себебі көпке аян. Мердігер компаниялар ақшаны үнемдеу үшін сапасыз құбырларды салған. Сондықтан барлық арыз соған жауапты жұмыс тобына келіп түседі. Өткен жылы аязда су құбыры жарылып кетпеуі үшін Кербұлақ аудандық әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Күреңбел су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнындағы жұмыс тобы үнемі қадағалаумен болған. Суды түн ортасында жауып, таңғы алтыда қосқан. Ал жаңа шағын аудандағыларға, сол жақтағы балабақша, мектептерге, әлеуметтік нысандарға су арнайы көліктермен тасымалданған екен.
Мәселен, былтыр 400-ге жуық адам тұратын Онжас ауылының тұрғындары да судан сусаған еді. Ұңғыма бұрғыланғанымен, су жетпей, күніне 2 сағатқа тек жергілікті мектеп ғимаратына ғана берілген. Геологиялық барлау жүргізгенде жаңа ұңғыманы қайта бұрғылауға тура келетіні анықталған. Әйтпесе мәселені толық шешу мүмкін емес. Биыл ауданда тозған су желілері жаңартылуда. Әрине, бұл тұрғындар судан қиындық көрмейді деген сөз емес.
Енді ресми мәліметке иек артсақ. Биыл Сарыөзек ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерінде жиі орын алған апаттық жағдайларды жойып, су жүйелеріне қалыпты түрде су беру мақсатында су жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге 214,5 млн теңге қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер – «Береке Құрылыс» ЖШС.
«Бүгінгі таңда Сарыөзек ауылы жаңа шағын аудандағы 2,1 шақырым су құбыры ауыстырылып, диаметрі 1,5 метр 14 су құдығы су тарату вентильдерімен қысым реттегіш орнатылды. Сонымен қатар Дос стансасындағы су тоғанында сусорғы ЭЦВ 8-40-180 насосы ауыстырылып, сусорғы ЭЦВ 10-65-150 насосына қорғауды басқару жүйесі (СУЗ-200) және Дос стансасындағы сусорғының үздіксіз жұмыс істеуі үшін қуаты 100 кВт трансформатор мен дизельді генератор орнатылды. Бөлінген қаражатқа ағымды жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде», дейді аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Бізге берген мәліметке сүйенсек, Шаған ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мердігер «Универсал Строй Сервис» ЖШС-мен 751 млн 351 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Нысан 2024 жылға жалғасады. 2023 жылға бөлінген қаражат – 575 млн теңге. Жұмыс биыл көктемнің ортасында басталған, келесі жылы ақпанда ел игілігіне жарамақ. Авторлық қадағалау – «Ж.Р.Джанекенов атындағы жобалау институты» ЖШС тиесілі, ал техникалық қадағалауды «Krav Инжиниринг» ЖШС мойнына алып отыр.
Бүгінде 100 дана су құдығы, 33 дана байлау, барлығы 16,8 шақырым су құбыры төселген. Тереңдігі 130 метр 2 ұңғыма бұрғыланып, 2 сорғы орнатылған. Көлемі 150 текше метрді құрайтын 2 дана су қоймасының құрылыс жұмыстары 60 пайыз орындалды. Жұмысшылар саны – 12 адам. Арнайы техникадан 4 экскаватор, 1 манипулятор және 1 КамАЗ шоғырланған.
Қарымсақ ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына мердігер «РаЗа Строй» ЖШС-мен 489 млн 338 мың теңгеге келісімшарт жасалған. 2023 жылға бөлінген қаражат – 440 млн 405 мың теңге. Нысан 2024 жылға жалғасады. Жұмыстың басталу мерзімі – 10.08.2023 жыл, аяқталу мерзімі – 10.01.2024 жыл. Авторлық қадағалауға «Прикаспийское управление строительство-Шымкент» ЖШС жауапты, ал техникалық қадағалауға «Нурай Сервис» ЖШС кепіл береді. Қазір диаметрі 110 мм құрайтын 5 шақырым полиэтиленді су құбырлары тартылған, 1,5 метрлік – 20, 2 метрлік 5 су құдықтары орнатылыпты. Үйге жеткізуші диаметрі 20 см болатын 1 шақырым су құбыры жүргізілген. Бүгінде құрылыс жұмыстары 40 пайыз орындалды десе болады.
Жалпы, ауданда су құбырларын салу және реконструкциялау, ауылдың су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары 2008 жылдан бері жалғасып келеді. Сарыөзек кентінің тұрғындары ауыз сумен 4 жерасты көзінен терең құдықтар арқылы қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, жоғарғы өзенде тереңдігі 57 метрлік 3 ұңғыма және 84 метрлік 2 ұңғыма, 80 метрлік төменгі 1 ұңғыма және Дос стансасында 63 метрлік 1 ұңғыма. Су құбырын Кербұлақ ауданы әкімдігінің «Күреңбел су» қоймасындағы мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді.
Сарыөзек кентінің тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2008-2022 жылдар кезеңінде 1, 2, 3, 4-кезеңдердегі су құбырларының құрылысы және реконструкциясы 1459,5 млн теңгеге жүргізілді. Нәтижесінде, диаметрі 110-225 мм болатын 72 шақырым су құбыры желісі тартылған. Әйткенмен халық толықтай ауыз суға жетпей отыр. Биыл әкімдік тарапы құбырларды жаңғыртып, халықтың алаңын бір басты. Енді судан таршылық көрмейміз деп отыр. Ал халықтың көңілі елең-алаң...
Жетісу облысы