Қоғам • 02 Қараша, 2023

Дала қыранын құтқарып қалды

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қанатты жыртқыш Қостанайдың іргесіндегі Амангелді кентіндегі тұрғын үйдің ауласынан табылды. Өзіне таяп қалған адамды көрген бүркіт әуелде ұстатпай үркіп, әуеге көтерілмек болған екен, ұша алмапты. 

Дала қыранын құтқарып қалды

Бір бұрышта бүрісіп жат­қан бүркітке жалғыз жа­қындап барудан тайсалған үй иесі «Ikomek» орталығынан жәрдем сұраған. Көп ұзамай қыран қонған үйге орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының маманы Рустам Бидібаев, «Қостанай ЗооПульс» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Викт­ория Машидиева, та­биғат қорғау полиция­сы­ның капитаны Қанат Шиқанов жетеді.

Бүркіт бірден ұстата қой­мағанмен, адам аңдыса, алмай қоймайды. Құсты қа­лың матамен қақпақылдап жүріп орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инс­пекторы Рустам Бидібаев ұс­тап алған.

«Бұл – Қызыл кітапқа енген дала қыраны. Орнитолог мамандар бүркіттің шамамен бір жарым жаста екенін айтып отыр. Дала бүркіттері, әдетте, осы өңірден сонау Иран­ға дейін ұшып барады. Ме­кен ететін ареалы өте кең. Қырандар негізінен қияны мекендейді. Елді мекендерге өте сирек қонады. Бұл бүр­кіт жемтігін қуып жүріп, жазатайым қанатын қайырып алуы мүмкін, – дейді Рустам.

«Қостанай ЗооПульс» қо­ғамдық бірлестігінің же­тек­шісі Виктория Маши­дие­­ваның айтуынша, ұша алмай қалған қыранды қа­зір ветеринарлық кли­ни­ка­лардың бірі тексеріп жатыр. Ветеринар мамандар құстың қос қанатын рент­ген­ге түсірмек. Егер ауыр жа­рақат алғаны анық­тал­са, қанаты әбден қатай­ған­нан кейін ғана еркіне жі­беріледі.

 

Қостанай облысы