Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы деректерге көз жүгіртсек, жол-көлік оқиғалары (ЖКО) былтырғымен салыстырғанда азайғанға ұқсайды. Республика бойынша 10 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, былтырғыдан 3,8%-ға төмендеген. Оқиғалардың көбі Алматы қаласында болған. Елдегі жалпы ЖКО-ның 25,9%-ы немесе 2,6 мыңы Алатау баурайындағы алып қалаға тиесілі болып шықты. ЖКО бойынша Алматы облысында 961 жағдай (37,6% азайған), Жамбыл облысында 695 оқиға (39,4% азайған) тіркелген. ЖКО-сы ең аз облыс – Ұлытауда 42 оқиға болыпты.
Жыл басынан бері елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 14 мың адам зардап шеккен. Осы жылдың тоғыз айында елімізде 4,1 мың қылмыстық-көліктік құқық бұзушылық тіркелген. Жол-көлік оқиғалары бойынша құқық бұзушылықтардың 69,5%-ы жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған 2,9 мың оқиға тіркелген. Тағы 22%-ы көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруда 902 құқық бұзушылық болған. Көрсеткіштерді былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеді десек те, адам өмірі мен денсаулығы тұрғысынан оны аз, не көп деп бөлуге болмайды. Аталып отырған жайттың басты себептеріне негізінен – көлік құралының техникалық жай-күйі, жүргізуші, жаяу жүргінші мен жағдайы көңіл көншітпейтін жол жатады.
Қазіргі таңда елімізде 4,7 млн көлік құралы бар. Олардың қаншасының техникалық жағдайы ойдағыдай екенін иесінен басқа ешкім білмейді. Көлікті техникалық байқаудан өткізу дегеніңіз – бес мың теңгеге сатып алатын, көліктің толық техникалық жағдайын шынайы көрсете алмайтын бір жапырақ қағаз ғана екенін бәрі жақсы біледі. Осы ретте көлікті техникалық байқаудан өткізудің басқа жолдарын қарастырған дұрыс секілді.
Кеңінен таралған бұл оқиғалардың себептеріне жүргізуші қауымның біле тұра жол ережелерін өрескел бұзуы, мәселен, жол қозғалысы белгілерін елемеу, бағдаршамның қызыл белгісіне өту кіреді. Одан кейін ара қашықтықты сақтамау, әсіресе жол қозғалысының қарбалас уақыттарында үлкенді-кішілі жол апаттарына әкеліп соқтырады. Көлік жүргізуде жауапкершілікті сезінбеудің ең сорақы түрі – масаң күйінде көлік айдау. Сондай-ақ қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдықты асыру, басқа көліктерді басып озу ережелерін бұзу, зейін қоймаушылық – жол-көлік оқиғаларының ең көп себепшісі. Көлік жүргізе отырып, ұялы телефонмен сөйлесу бүгінде екінің бірінің әдетіне айналғаны өкінішті. Рульде отырып, бейнежазбалар түсіру, әлеуметтік желіге кіру бүгінде жастың да, кәрінің де сүйікті ісіне айналғандай. Ал жолдардың нашарлығына байланысты орын алатын жол-көлік оқиғалары бұл бір басыбүтін бөлек әңгіме. Төтенше жағдайларға ұрындыратын жол жамылғысы мен ойдым шұңқырлар, тіпті жарықтың жеткіліксіздігі де өз алдына бір тақырыпқа арқау. Қозғалысты басқару жүйелерінің жиі кездесетін ақаулары – адам өмірінің нағыз қас жауы. Ашық кәріз құдықтары, жол жамылғысының деңгейінен ауытқитын люктер, жол белгілерінің дұрыс қойылмауынан туындап жататын түрлі жағдайлар және бар.
«Апаттылықтың жалпы деңгейінің төмендеуіне қарамастан, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары деңгей сақталып отыр. Оған негізгі себептердің бірі – жолдар мен инфрақұрылымның жағдайы. Статистика бойынша жол-көлік оқиғаларының 73 пайызы елді мекендерде орын алады», деген еді Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар жол апатының салдарынан көлік құралына келтірілген шығынды сот арқылы мемлекеттен өтеп алуға болатынын жеткізген-ді.
«Жол апатының себебі жолдың сапасы деп танылса, соның салдарынан жүргізушінің апаттың алдын алуға мүмкіндігі болмаса, ол сотқа жүгінуге құқылы және бізде осындай фактілер бар. Жүргізушілер көлік пен мүлікке келтірілген зиян үшін өтемақы алады», деген еді министрдің орынбасары. Сондай-ақ Ұлттық жол активтерінің сапа орталығы дұрыс қойылмаған жол белгілерінің жол қозғалысына қатты әсер ететінін айтқан. Осы орталықты тексеру нәтижелерінде жол белгілері мен көшелердің таңбалануының жартысына жуығы нормаларға сәйкес келмейтінін анықтаған. Мәселен, тар жолда тұтас жолақтың қойылуы – шағын елді мекендерді айтпағанда, ірі қалаларда да кездесетін жайт. Сонымен қатар белгілердің шағылысу деңгейі төмен болса, онда жүргізуші түнгі уақытта әрекет ете алмай, төтенше жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан жол белгілері мен жолдардың таңбалануына тиісті орындар назар аудару қажет. Аталған оқиғалардан көп зардап шегетін әрі кей жағдайда оқиғаның себепшісі саналатын жаяу жүргіншілер. Рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өту, мас күйінде өту, қараңғы түскенде жолдан өту үшін жарық шағылыстырушы заттарды пайдаланбау, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жолды қысқарту үшін жердің астынғы һәм үстіңгі өтпелерін пайдаланбау, өзінің қауіпсіздігі үшін қарапайым сақтық шараларын жасамау, мәселен, жолдан өтерде құлаққапты шешпеу, телефоннан бас алмай жолдан өтетіндер күннен-күнге артып барады. Мұның барлығы жол-көлік оқиғаларының орын алуына себепші.
Кейінгі кездері қала көшелеріндегі самокаттар мен мопедтердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. ІІМ дерегі бойынша жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 84 ЖКО тіркелгені, онда бір адам қаза тауып, тағы 86 адам зардап шеккені жөнінде ақпар жарияланды. Былтыр мопедтердің қатысуымен 352 апат орын алған. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 390 адам жарақаттанған.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров қалада самокаттар мен мопедтердің қатысуымен болған ЖКО саны арта түскенін, Алматы жолдарында ең қарапайым есептеулер бойынша 50 мыңнан астам мопедтер мен скутерлер бар екенін, жыл басынан бері скутерлердің қатысуымен 25 ЖКО тіркеліп, екі адам қаза тауып, 27 адам жарақат алғанын мәлімдеген еді. Ішкі істер министрлігі скутерлерді пайдалануда біраз шара қабылдап, жас шектеулеріне қарай қорғаныс құралдарын міндетті пайдалану, жолаушыларды тасымалдау бойынша талаптар белгіледі. Аталған көлік құралдарымен болған жол-көлік оқиғаларында жеңіл автокөліктердің де кінәсі аз емес. Бар кінәні скутершілерге аудара салу оңай. Көлік жүргізушісі арнайы веложолдар қойылған көшеден оңға бұрылар алдында жаяу жүргіншілер секілді скутершілерге де жол беруге тиіс. Алайда жеңіл көлік иелері мұны көп жағдайда ескере бермейтіндігін жеткізген болатын.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары адам өлімі мен денсаулығына зиян келтірудің ең басты себепкері екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Сарапшылардың есептеуінше, әлем бойынша жол бойында жыл сайын шамамен 1,2 миллион адам немесе күніне 3 мың адам көз жұмады екен. 10-нан 50 млн адамға дейін әртүрлі жарақат алып, олардың 20%-ы мүгедек арбасына таңылады. Еліміздегі барлық ЖКО-сы жол қозғалысы ережелерінің қарапайым қағидаларын білмеуінен, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол тәртібіне бағынбауынан және көлік құралдарының ақаулықтарынан да, өкінішке қарай, осы жағдайларға себепкер болуда.